Оразаев бастаған "Шахтер" үлгі болды

1977

Қазақ футболы қазір ауыр жағдайда тұр. Тығырықтан шығатын бір ғана жол бар. 

Оразаев бастаған "Шахтер" үлгі болды

Республикалық "Спорт.кз" сайты бүгін "Шахтер" клубы жайлы көлемді мақала жариялапты. Онда "Шахтердің" ұстанған саясаты мен клубтың өзгеріп жатқан тұстарын сын садағына алыпты. Сондай-ақ клуб басшысы Ерлан Жанатайұлы Оразаевтың да жұмысына тіл тигізіпті. Мен осы тұста өзімнің ойымды қосып, қалыптасып тұрған ситуацияны қалай бағалайтынымды айтқым келеді.

"Шахтер" футбол клубы "Ертістің" жайын кешпес үшін әрекет етіп жатқаны байқалады. Коронавирустың кесірі көп клубқа тиді. Қазақстандық емес тіпті бүкіл әлем футболы бұл індеттің зардабын шегіп отыр. Пандемия қашан бітер екен деп тілеп отырған қаншама алпауыт клуб бар. Тіпті "Барселонаның" өзі 250 миллионға жуық еуродан қағылды. "Ертістің" жағдайы көптеген қазақ клубтарына сабақ болуы тиіс. Сырттан легионер алдыртып, оларға қомақты жалақы төлеп, тіпті бапкерді де шеттен шақыру қисынсыз екені көзге көрінді. Енді бұрынғыдай есебі жоқ, аста-төк көп қаржы бөліне бермейді. Жергілікті әкімшілктердің өзі қазір қиын жағдайда екені анық. Аспаннан ақша жауып жатқан жоқ. Енді депуттаттар сенат қабырғасында, мәжіліс төңірегінде футболға бөлініп жатқан қаржының тым көп екенін мәселе қылып көтеріп жатыр. Иә, жуырда елімізде осыған байланысты бір шешім қабылданады. Менің тұспалдауым бойынша, футболға бөлінетін қаржы 30 немесе 50 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.

Осы жағдайда ең алдымен не істеу керек? Стадиондарды жөндеп, инфроқұрылымды ретке келтіріп, жергілікті футбол таланттарын даярлауға басты назарды салу қажет. Қазақстанда да тәжірибиесі толысып, білімі асып жүрген бапкерлер жетерлік. Дәл осы саясатты қазір "Шахтер" клубы да ұстанған секілді. Біріншіден, клубтың негізгі стадионы "Шахтер" күрделі жөндеу жұмыстарын бастан өткеріп жатыр. Стадион 25 шілде күні пайдалануға беріледі. Дәл сол күні "Шахтер" өз алаңында "Таразбен" ойнауы тиіс.

Екіншіден, өздеріңіз естігендей клуб бас бапкер Вячеслав Грозныйды қызметтен босатты. Украиналық маманның орнына қазақстандық жас бапкер Константин Горовенко келді. Жамбыл футбол мектебінің түлегі Горовенко жастар құрамасында керемет өнер көрсетті. Кейін бапкерлікті қолға алып, жастар тәрбиелеу ісін мықтап қолға алды. "Қайрат" клубының барлық сатысынан өтіп, академияның балалар тәрбиелеу ісіне зор септігін тигізді. Өткенде ғана "PRO" санатына сынақ тапсырып, ең үздік бағаны алды. Алексей Шпилевский секілді жастар "Қайратты" баптап жатқанда өзіміздің қазақ футболын жақсы білетін, Константин Горовенкоға да сенім артқан дұрыс шығар. Қазақстан клубтарында бапкер болып жүрген адамдарды шынын айтқанда қазір бір қолдың саусағымен ғана санаймыз. Бабаян, Огай, Никитенко. Болды. Қазақстанда да білікті бапкерлер жетіп артылады ғой. Қазір олар өз жерінде жұмыс істей алмаған соң шет ел асып кетті. Чебурин Литвада, Ферапонтов Белоруссияда деген секілді.

"Шахтер" футбол клубын асыра мақтайын деп отырған жоқпын. Әлбетте, бұл клубтың да қазбаласақ қазір кемшіліктері шығатыны анық. Бірақ, клубтың жоспары, бағыты дұрыс қой. Ең бастысы осы емес пе? Осы жақында клубтың легионерлермен келісімге қалай келгені туралы да жазылыпты. Егер шілде айына дейінгі көрсеткен өнерлері бапкерге ұнамайтын болса, олар клубпен келісімді үзеді. Сосын, Еуропалық кәсіподаққа хат жазып клубтан қомақты қаржы талап етіп, арызданбайды. Барлығы заң аясында. "Ақтөбе", "Тобыл" секілді клубтар легионерлерден талай зардап шекті ғой. Міне, өзге клубтар "Шахтер" клубынан осы жерде үлгі алуы тиіс. Легионерлерге сынақ мерзімін тағайындау өте дұрыс шешім болған.

Айтпақшы, клубқа қақпашылар бапкері Валерий Ситало да қайтып келді. Клубта спорт директор қызметін жергілікті маман Андрей Финонченко атқарады. Енді қарағанды футболының таланттары командаға көптеп шақыртылып, миллиондап қаржы алатын легионерлер азайса нұр үстіне нұр болар еді. Қарағанды футболы таланттарға ешқашан кенде болған емес. Олар жарқырап шығып, өзге клубтарға ауысып, Ұлттық құрама сапына алынуы үшін дәл осындай жағдай қажет. Керемет жасыл алаң, әдемі стадион, ойнауға мүмкіндік беретін отандық бапкер. Иә, "Шахтер" бұлайша турнирлік кестеде жоғарғы орындар ала-алмайды деуіңіз мүмкін, бірақ өзге клубтарға қараңызшы. Қыруар қаржы жұмсап, қымбат легионерлер шақырып, бәрібір алғашқы алтылыққа кіре алмай жүргендер жетерлік емес пе?

Сондықтан да, Ерлан Оразаев мырзаның алған бағыты дұрыс дегім келеді. Әлем чемпионатында гол соққан жалғыз қазақ футболшысы осы күнде футбол клубының басшысы болып, бар білгенін көрсетіп жатыр. Жанкүйерлер де, басшылық та мұндай адамдарға қолдау көрсетуі керек деп білемін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу