Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде пітір садақасының қанша болатынын анықтаған еді.
"Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманға беруі – уәжіп. Ол – Оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа", – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов.
Ибн Омардан жеткен хадисте былай дейді: "Алланың Елшісі Рамазан айында пітір садақасын әр бір азат мұсылманға, ер мен әйелге, үлкен мен кішіге бір сағ құрма немесе арпадан беруді міндеттеді. Әрі оны адамдар айт намазына шықпас бұрын өтеуді әмір етті" дейді.
Шоқановтың түсіндіруінше, тұрмысы нашар, яғни, артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес. Сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Қазақстан
ҚМДБ дерегінше, пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден жарты "сағ" (2 келі), ал, арпа мен құрмадан бір "сағ" (4 келі), яки, осылардың ақшалай құны түрінде беріледі.
Сонымен, Қазақстанда 2025 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:
- Бидайдың 2 келісіне шаққанда – 376 теңге.
- Ұнның 2 келісі – 655 теңге.
- Арпаның 4 келісі – 569 теңге.
- Мейіздің 2 келісі – 5 626 теңге.
- Құрманың 4 келісі – 10 523 теңге.
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.
"Осыған орай 2025 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 655 теңге етіп белгіленді! Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5 626 теңге) немесе 4 келі құрмамен (10 523 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3 520 теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді", – деп хабарлады ҚМДБ.
Түркия
"Hayırlı ramazanlar!" деп бірін-бірі құттықтайды түркиялық мұсылман жамағаты. Түрік Республикасының Дін істері басқармасының Жоғарғы дін істері кеңесі 2025 жылғы Рамаданнан 2026 жылғы Рамаданды қоса алғандағы кезеңге фитра сомасын 180 түрік лирасы көлемінде бекітті.
ҚР Ұлттық банкінің 3 наурызға белгілеген бағамы бойынша 1 лира 13,67 теңгеге тең. Тиісінше, Түркияда пітір садақа мөлшері 2 461 теңгеге барабар.
"Хадистерді, қазіргі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайларды және бір адамның тамаққа деген күн сайынғы қажеттілігін ескере отырып, 2025 жылғы Рамадан айынан 2026 жылғы Рамадан айын қоса алғандағы кезеңде біздің еліміздегі фитра сомасы 180 лира мөлшерінде айқындалды. Анықталған фитра сомасын ақшалай түрде де, сондай-ақ азық-түлік өнімдері түрінде де беруге болады. Бұл сома сонымен қатар Ораза үшін күн сайынғы өтемақының құны болып табылады. Бұған қоса, әрбір мұсылман өз тамағына кететін күн сайынғы шығысына сәйкес келетін соманы фитра есебінде беруіне болады", – деп үзінді келтірді Дін істері басқармасының мәлімдемесінен Haberler басылымы.
Қырғыз Республикасы
"Ыйык Рамазан айыңыздар кут болсун!" дейді қырғыз мұсылмандары. Рамазан айы Алатаудың арғы баурайындағы ағайын ел үшін де рухани тазару, қайырымдылық пен шапағат айы.
Қырғызстанда да банктер өз қосымшалары арқылы пітір садақаны электронды төлеу мүмкіндігін ұсынады. Оның үстіне Қазақстанға қарағанда, қырғыз елінде ислам банкингі анағұрлым танымал, қолжетімді.
"Біздің озық цифрлық ислам банкингі заманауи технологияларды, Шариғат қағидаттарын, әлеуметтік жауапкершіліктің жоғарғы деңгейін үйлестіреді. Біз қолайлы және алаяқтардан қауіпсіз қаржылық сервисті ұсыну сыртында, білім мен қоғамды дамытуды белсенді қорғаймыз. Фитр-садақаны бірнеше шертпе-кликпен төлей аласыз. Осының арқасында садақа беру процесі қолайлы және уақытылы болады. Аударылған қаржы ҚМДБ-ға бағытталады", – делінген қырғыздың танымал сервисінде.
24.kg хабарлағандай, Қырғызстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) белгілеуінше, 2025 жылы фитр-садақа бидайдың, ұнның немесе мейіздің 1 келі 600 грамына, немесе арпа мен құрманың 3 келі 200 грамына барабар. Қаржылай күйде бұл келесі соманы құрайды:
- Бидайдың 1,6 келісі – 50 сом (шамамен 286 теңге);
- Мейіздің 1,6 келісі – 750 сом (4 283 теңге);
- Ұнның 1,6 келісі – 80 сом (457 теңге);
- Арпаның 3,2 келісі – 90 сом (514 теңге);
- Құрманың 3,2 келісі – 900 сом (5 139 теңге).
Өзбекстан
"Ramazon oyi muborak bo‘lsin!" деп құттықтайды өзбек мұсылмандары. Өзбекстан Мұсылмандары басқармасының пәтуа орталығы 2025 жылғы Рамазанға арнап, закят, фитр-садақа мен фидия мөлшерін анықтады. Оның мөлшері алтын мен тамақ өнімдерінің құнына негізделіп айқындалған екен.
Қаулыға сәйкес, 2025 жылы зекет көлемі 61,2 миллион сумды (шамамен 2 374 560 теңге) құрайды. Бұл сома 585-ші сынамадағы алтынның 85 грамының құнынан есептелген.
"Осылайша, өз меншігінде, ақша, коммерциялық жылжымайтын мүлік, немесе басқа да дүние-мүлік түрінде осыдан аз емес сомасы бар адам зякат ретінде өз ауқатының 2,5%-ын төлеуге міндетті", – деп нақтылады Podrobno.uz порталы.
Рамазан айындағы қайырымдылық садақасының – фитр садақаның мөлшері әртүрлі өнімдердің құнына қарай анықталды:
- 2 келі бидай ұны – 10 000 сум (388 теңге);
- 4 келі арпа – 16 000 сум (621 теңге);
- 2 келі мейіз – 110 000 сум (4 268 теңге);
- 4 келі құрма – 180 000 сум (6 984 теңге).
Өзбек ақпарат құралдарының түсіндіруінше, әрбір адам өзінің мүмкіндіктеріне қарай осы өнімдердің бірін немесе оның ақшалай баламадағы сомасын таңдап алып, беруі керек.
Рамазандағы оразаның әрбір өткізіп алған күні үшін берілетін фидия пітірдің сомасына тең. Мұсылман жамағаты әлгінде көрсетілген өнімдердің бірін немесе оның құнын садақаға беруге тиіс.
Тәжікстан
Бұл айда осы елде: "Мохи шарифи Рамазон муборак!" деп құттықтау сауап. Тәжікстанда да 2025 жылы барша мұсылманның қасиетті айы 1 наурызда басталды.
ТР Дін істері жөніндегі комитеті ораза кезінде мұсылмандар беретін қайырмалдылықтың, фитра садақасының сомасы 8 сомониді құрайтынын жариялады.
ҚР Ұлттық банктің бүгінгі бағамы бойынша бұл 367,04 теңгеге тең.
Закят биылғы жылы 900 сомониге (41 292 теңгеге) барабар болады. Зекетті артық ақшасы 36 000 сомониден (1 651 680 теңгеден) асатын адамдардың бәрі беруге міндетті болады.
Ораза ұстамай алмайтындардан немесе ауыз ашып қойып, өткізіп алғандардан талап етілетін фидия 30 күн үшін 480 сомониді (шамамен 22 023 теңгені) құрайды.
Әзербайжан
"Ramazan Bayraminiz Mubarәk!" дейді әзербайжандар бір-бірін ұшырастыра қалса. Түркітілдес бұл елде де Рамазан айында адамдар Аллаһқа жағымды істер жасайды. Ифтар кезінде Ораза ұстаушылар үшін дастархан жаяды, көмек пен қайырымдылық көрсетеді, мұқтаждарға, үйсіздерге, балалар үйлеріне, қарттар үйлеріне, өз қарияларына жәрдемдеседі.
Кавказ мұсылмандары басқармасы (КМБ) шығарған пәтуаға сәйкес, бұл айдағы ең ізгі істерге – Құран оқу, ата-анаңа қамқорлық жасау, аруақтарды еске алу, ғылыммен айналысу және құлшылық ету жатады.
Закят аль-фитр – зәру мұсылмандарға қайырымдылық садақа Әзербайжанда міндетті парыз саналады. КМБ Ғазилар кеңесінің қорытындысы бойынша әрбір адам 10-15 манат (2 946 – 4 418 теңгедей) закят әл-фитр төлегені жөн.
Атап өтілгендей, отағасы өз асырауындағы отбасының барлық мүшелері үшін садақа төлейді. Яғни, ол әйелін немесе балаларын пітірді өзі үшін өзі төлеуге мәжбүрлей алмайды.
Ресей
"С Великим праздником Рамадан!" деген құттықтауларды мұсылмандар шоғырлана тұратын республикалар, өлкелер мен облыстарда кездестіруге болады. Солтүстік көршіде федералдық деңгейде ортақ Мұсылмандардың діни басқармасы жоқ. Сондықтан мұсылман жамағаты мысалы, Татарстан Республикасының Мұсылмандардың діни басқармасының (ТР МДБ немесе орысша ДУМ РТ) пәтуасына жүгінеді.
Таяуда ТР МДБ Үлемдер кеңесі мен Қазылар кеңесі 2025 жылғы Рамадан үшін фитр-садака, фидия мен нисаб мөлшерін айқындады.
2025 жылы алтын бағасына қарай закят төлеу үшін нисаб – 720 000 рубль (4 060 800 теңге) көлемінде бекітілді.
Фитр-садақа төлеу үшін нисаб мөлшері күміс бағасына қарай – 57 000 рубль (321 480 теңге) көлемінде.
Фитр-садақаның ең төменгі сомасы – 200 рубль (1 128 теңге). Зякат төлеуге мүмкіндігі барлар үшін – 1 100 рубль (6 204 теңге).
Бұған қоса, Ресейдің мұсылман жамағаттары үшін денсаулық жағдайына байланысты Ораза ұстай алмауының (оны басқа уақытта өтеу мүмкіндігі жоқ болса) өтемақысы ретінде әрбір өткізіп алған күніне 400 рублден (2 256 теңгеден) фидия бекітілді.