"Ордабасы" "Ақжайықты" минималды есеппен жеңді

1906

15-тур аясында екі кездесу өтті.

"Ордабасы" "Ақжайықты" минималды есеппен жеңді

Футболдан Қазақстан чемпионатының 15-ші турында шымкенттік "Ордабасы" "Ақжайықты" жеңді. Оралда өткен кездесу 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. 77-минутта шешуші голды Оділбек Абдумажитов соқты. Осы жеңістің арқасында шымкенттік клуб 20 ұпай жинап, сегізінші орыннан бесінші орынға көтерілді. Ал 12 ұпайы бар оралдықтар соңғы, 13-орында қалды.

Матчтан кейін "Ақжайық" клубының бас бапкері Владимир Мазяр өз алаңында шымкенттік "Ордабасымен" өткен ойынға қатысты өз пікірімен бөлісті.

"Ойын тең болды. Бірінші және екінші таймда гол соғатын жақсы сәттеріміз болды. Содан кейін бір стандартты жағдай орын алып, қақпаға дәл бағытталған соққыдан кейін біз тағы да жеңілдік", – деді баспасөз мәслихатында оралдық клубтың бас бапкері.

Келесі турда 3 шілде күні "Ақжайық" сырт алаңда "Қайратпен" кездессе, 4 шілде күні "Ордабасы" өз алаңында "Каспийді" қабылдайды.

ҚПЛ-ға биыл жаңадан келген "Ақсу" 15-турда "Шахтерді" жеңе алмады. Себебі футболшылар "Астанаға" қарсы өткен матчтағы (0:5) ірі жеңілістен соң қайта бабына келіп үлгермеген сияқты. Кездесу Павлодарда өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды. Алғашқы болып алаң иелері 26-минутта Еркебұлан Тұңғышбаевтың арқасында есеп ашты. Алайда Руслан Костышиннің шәкірттері басымдықтарын сақтап қала алмады. Оның үстіне 56-минутта Роман Мұртазаев есе қайтаруға мүмкіндік алды.

Осылайша, командалар турнирлік кестедегі жағдайларын жақсарта алмады. "Шахтер" 17 ұпаймен тоғызыншы орында, "Ақсу" 14 ұпаймен 11-орында қалды. 16-турда, 2 шілде күні "Шахтер" өз алаңында "Ақтөбені" қабылдаса, келесі күні "Ақсу" өз алаңында "Қызыл-Жармен" кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу