"Ордабасы" футбол клубы да жекеменшік басқаруға өтті

Меморандумға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздыбеков пен Integra Construction компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп қол қойды.    

"Ордабасы" футбол клубы да жекеменшік басқаруға өтті Фото: fcordabasy.kz

Бұл туралы "Ордабасы" футбол клубының ресми сайты жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Аталған келісім ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби спортты дамыту және футбол саласына жекеменшік инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып отыр.

Басқарудың жаңа үлгісіне көшу клубтың одан әрі дамуын, инфрақұрылымын нығайтуды, академия жұмысының сапасын арттыруды, сонымен қатар, спорттық және ұйымдастырушылық үдерістерді тиімді жүргізуді мақсат етеді.

Кездесуде Ғабит Сыздыбеков "Ордабасы" Шымкенттің спорттық өмірінде айрықша орны бар және қаланың символдарының бірі екенін атап өткен.

– Меморандумға қол қою клубтың тұрақты дамуына қосымша мүмкіндіктер береді. Қала үшін команданың қазақстандық футболдағы өз орнын сақтап, жанкүйерлерін нәтижелі ойынмен және тартымды өнерімен қуанта беруі маңызды, – деді шаһар басшысы.

Өз кезегінде Шахмұрат Мүтәліп компанияның клубты дамытуға қатысуын ұзақ мерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастыратынын жеткізді.

– "Ордабасы" – тарихы терең, жанкүйер қолдауы берік клуб. Біздің міндет – инфрақұрылымды дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға басымдық бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, – деді клубтың су жаңа иесі.

Меморандумды іске асыру аясында тараптар заманауи басқару тәсілдерін кезең-кезеңімен енгізуді, клубтың материалдық-техникалық базасын нығайтуды және өңірдегі футболды дамытуға бағытталған жобаларды кеңейтуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу