"Ордабасы" "Қайсарды" ірі есеппен жеңді

875

Биыл футболдан Қазақстан чемпионатында "Қызыл-Жар" сенсация жасап, жалпы есепте көшбасшылықты қолдан берер емес.

"Ордабасы" "Қайсарды" ірі есеппен жеңді

Қазақстан чемпионатының сегізінші турында "Ордабасы" өз алаңында "Қайсарды" жеңді (4:0). Бірінші таймда Асхат Тағыберген шымкенттіктердің қақпасына гол соқты. Қазақстан құрамасының капитаны айып добын орындап, мүлт кеткен жоқ. Жартылай қорғаушы үшін бұл ҚПЛ-дағы сегіз матчтағы бесінші гол. Бір қызығы, Тағыберген "Қайсарға" құрмет көрсетіп, голды тойламады. Себебі бұл ойыншының туған клубы. Үзілістен кейін Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Бобыр Әбдіхоликов "Ордабасы" командасының басымдығын нығайта түссе, қорғаушы Темірлан Ерланов пен шабуылшы Айбар Жақсылықов есепті 4:0-ге жеткізді. Осылайша, Александр Седнев шәкірттері 17 ұпай жинап, чемпиондық үшін күресті жалғастыруда.

"Астана" "Мақтааралды" (2:0) сенімді жеңіп, тірнирлік кестенің үздік үштігіне енді. Елордалық клуб сапынан Қазақстан құрамасының ойыншылары Эльхан Астанов пен Абат Айымбетов гол соқты. Астанов үшін бұл "Астана" сапындағы дебюттік добы. Сегіз турдың қорытындысы бойынша Григорий Бабаян шәкірттері 18 ұпай жинап, көшбасшы – "Қызыл-Жар" командасынан бір ұпай ғана қалып қойды. 7 мамырда петропавлдық "Шахтермен" кездеседі. Ал Константин Горовенко шәкірттері үш ұпай жинап, чемпионат кестенің соңында қалды.

Вахид Масудов жетекшілігімен өткен "Ақсудың" алғашқы ойыны маусым көшбасшыларының бірі "Ақтөбеден" (1:2) жеңілуімен аяқталды. "Ақтөбе" бірінші таймда бразилиялық шабуылшы Эльдер Сантананың арқасында есеп ашты. Шабуылшы үшін бұл Қазақстан чемпионатындағы алғашқы гол. Екінші таймда Андрей Карповичтің шәкірттері басымдығын арттырды. Гол авторы Арман Кеңесов. Қазақстан құрамасының жас жартылай қорғаушысы үшін бұл ҚПЛ-2023-тегі төртінші гол. "Ақсу" Тони Сильваның күшімен бір гол соқты.

Қазақстан чемпионатының сегізінші турындағы ойында "Қайрат" сырт алаңда "Тобылды" ұтты. Кездесудегі есепті "Тобылдың" жартылай қорғаушысы Жаслан Жұмашев ашты. Екінші таймның басында қонақтардың орнына алаңға шыққан Артур Шушеначев қапталдан берілген пасты басымен қақпаға дәл бағыттап, есепті теңестірді. Көп ұзамай "Қайрат" алға шықты – бразилиялық Жоао Пауло гол соқты. Легионер әдемі соққысымен көзге түсті. Алматылық клубтың көшбасшысы үшін бұл ҚПЛ-дағы жетінші гол және ол турнирдің үздік бомбардирі. Соңғы минуттарда "Тобыл" есепті 2:2-ге жеткізді. Ислам Чесноков жақын қашықтықтан Данил Устименконың қақпасын дәл көздеді. Дегенмен, "Қайрат" қосымша уақытта тағы да гол соғып, ресейлік жартылай қорғаушы Дмитрий Сергеев жеңіс голының авторы атанды.

Бүгін, 7 мамырда Премьер-Лига (ҚПЛ) командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының сегізінші турының үш кездесуі өтеді. Сағат 15:00-де Талдықорғанда "Жетісу" мен "Оқжетпес" ойнайды. Сағат 17:00-де "Каспий" - "Атырау" кездеседі. Ал 19:00-де "Шахтер" - "Қызыл-Жар" кездесуі басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу