"Ордабасы" футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының үшінші турында оралдық "Ақжайықпен" кездесті. Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Қос команда бірінші таймда гол соға алған жоқ. Ал 51-минутта шымкенттік клубтың капитаны Пабло Фонтанелло өз қақпасына гол соғып алды. 92-минутта Жоао Пауло пенальтиді сәтті орындап, есепті теңестірді. 97-минутта Еркебұлан Тұңғышбаев жеңісті голдың авторы атанды. Шымкенттік ұжым бұл ойыннан кейін 6 ұпаймен екінші орынға көтерілді. 3 ұпайы бар "Ақжайық" сегізінші орында тұр.
"Қайрат" Премьер-лиганың үшінші туры аясында "Тараз" клубымен кездесті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Ойындағы алғашқы голды 9-минутта "Қайрат" футболшыларының қателігін сәтті пайдаланған "Тараз" шабуылшысы Педро Эуженио соқты. Ал 35-минутта Бауыржан Байтана есепті еселеді. 55-минутта "Қайрат" сапындаға алғашқы кездесуін өткізген Хосе Канте дебюттік голын соқты. 66-минутта Вагнер Лав таразы басын теңестірді. Бір ұпайды қанағат еткен алматылық ұжым 7 ұпаймен көш басында қала берді. 5 ұпайы бар "Тараз" бесінші орынға тұрақтады.
"Қызыл-Жар" футболдан Olimpbet-Қазақстан чемпионатының үшінші туры аясында қарағандылық "Шахтерді" қабылдады. Петропавлдағы "Қарасай" стадионында өткен кездесу 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Ойынның 15-минутында Дарко Зорич есеп ашты. Ал 40-минутта Шота Григалашвили пенальтиді сәтті орындап, ойынның нүктесін қойды. Осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген Андрей Карпович шәкірттері турнирлік кестеде 4 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді. Бірде-бір ұпайы жоқ "Шахтер" соңғы орында тұр.
Бүгін "Астана" мен "Тобыл" арасында үшінші турдың соңғы ойыны өтті. "Тобыл Аренада" өткен матч 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның 31-минутында Сергей Малый бұрыштамадан асырылған пасты сәтті пайдаланып есеп ашты. Ал жауапты голды 83-минутта Жарко Томашевич соқты. "Астана" қорғаушысы да бұрыштамадан асырылған пасты қақпаға дәл бағыттады.
Бұл ойыннан кейін қос команда да 5 ұпайдан жинап, сәйкесінше турнирьік кестеде үшінші, төртінші орынға жайғасты.
Ермұхамед Мәулен