Соңғы 2 жыл "Ордабасының" жолы болар емес. Алғашқыда олар соңғы турда жеңіске жеткенімен, ішкі чемпионаттағы 4-орынды "Шахтерға" беріп қойды. Ал өткен жылы соңғы турда "Қызылжарға" жеңіліп, тағы да еурокубок ойындарынан қағылды. Жыл сайын еурокубокке қатысып жүрген бұл клуб енді биыл еуропалық жарыс былай тұрсын, Қазақстан біріншілігіне де қатыса алмайтын түрі бар. Бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты хабарлады. "Клуб сертификация талаптары бойынша қаржылық міндеттемеден өте алмады. Енді ақпан айындағы тексерісте жағдай реттелмесе, "Ордабасы" футбол клубы Қазақстан чемпионатына қатыспайды" делінген хабарламада.
Бірақ "Ордабасы" клубының басшысы Бақтияр Байсейітов "Vesti.kz" сайтына сұқбат беріп, "Ордабасы" жуырда қаржы тауып, барлығын реттейді депті. Сонымен қатар бірқатар телеграм арналар "Ордабасы" клубының қарызы 2,4 миллиард теңгені құрайтынын айтады. Әлбетте бұл өте көп сома. Егер бұл сандар шынымен сондай болса онда клуб басына қара бұлт үйірілді дей беріңіздер. Мұншама қарызбен футбол ойнап кету өте қиын шаруа. "Ордабасының" бірнеше футболшысы жалақы алмағанымызға 4-5 ай болды деп сұқбат та беріп жүр. Сондықтан да, Шымкент қаласының басты командасы биыл Қазақстан чемпионатынан бас тартып, жарысты Бірінші лигадан бастауы мүмкін. Егер, клуб түгелімен бонкрот болып жабылып қалмаса. Онда Павлодардағы оқиға Шымкентте айна-қатесіз қайталанғалы тұр.
Тарихында ешқашан Қазақстан чемпионы болмаған "Ордабасы" клубына 2015 жылы Бақтияр Байсейітов бапкер болып келді. Кейіннен Бақтияр Даниярұлы клубтың президенті болды. Міне, содан бері 7 жыл өтті, клубтың көсегесі көгерер түрі жоқ. Өткен жылы жазда футбол жанкүйерлері тегіс жиналып, "Ордабасының" жаттығуына барып, шағымдарын айтты. Шынын айтқанда шымкенттік жанкүйерлердің өкпесі қара қазандай. Себебі команда қаптатып "қара маржандарды" жинап алады да, е жетістіріп нәтиже де көрсетпейді. Жергілікті жастарды тәрбиелеп жатырмыз деген құр желеу сөзге айналды. Осы күндері Қазақстан ұлттық құрамасына алынатын "Ордабасы" ойыншылары күрт азайып кетті. Клубтың басшылығын ешкімге бермейтін Байсейітовтің қандай құдіреті бар екенін ешкім білмейді. Бірақ команда 5-6 орындарда жүреді, қыруар қаржының басына су құяды, жергілікті жастарды тәрбиелемейді, өзінің стадионы мен базасы жоқ, әкімшіліктің қазынасына қол салғаннан өзге пайдасы болмай тұр. Онда мүндай клубтың шынымен де, банкрот болып жабылып қалғаны дұрыс шығар?! Стадионға барып, әр апта сайын эмоциясын шығарып, футбол көріп қайтатын жанкүйерлердің жайы не болмақ? Фанаттардың жағдайын кім ойлапты? Мәселе осында.
Қазақ футболының ордалы клубтарының бірі "Ордабасының" шаңырағы опырылып ортаға түскелі тұр. Клуб басшылығының бұл әрекеті қайта қарастырылып, әкімшілік жағдайды тез арада реттемесе, іргелі клубымыз "Елім-ай", "Ертіс", "Жеңістердің" тағыдырын қайталап жабылып қалуы мүмкін.
Ермұхамед Мәулен