"Ордабасы" өз алаңында "Қызыл-Жардан" жеңіліп қалды

1273

Қазақстан кубогінің 4-тур аясында бес матч өтті.

"Ордабасы" өз алаңында "Қызыл-Жардан" жеңіліп қалды

Қазақстан Кубогінің төртінші турында "Ордабасы" "Қызыл-Жармен" кездесті. Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтіп, 0:1 есебімен аяқталды. Ойынның небәрі 3-минутында "Ордабасы" қақпашысы Бекхан Шайзада тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ал матчтағы шешуші голды 75-минутта Юрий Бушман айып добынан соқты.

7 ұпайы бар петропавлдық клуб А тобында екінші орынға тұрақтады. "Ордабасы" бір саты төмен сырғыды (7 ұпай).

Қазақстан Кубогінің төртінші туры аясында БЖМОРСМ 8 бен "Шахтер" командалары үш ұпайды сарапқа салды. Матч "Астана Аренада" өтіп, 4:0 есебімен аяқталды. Кездесудің 32-минутында Айдос Тәттібаев қақпашының өрескел қателігін ұтымды пайдаланды. Ал 51-минутта Оралхан Өміртаев қанжығасын майлады. 54-минутта Айдос Тәттібаев және 84-минутта Идрис Умаев пенальтиден гол соқты.

Қарағандылық клуб бұл ойыннан кейін 9 ұпаймен көш басына шықты. Ал елордалық клуб ең соңғы орында қала берді (0 ұпай).

Сонымен қатар "Ақжайық" Қазақстан Кубогінің төртінші турында "Астанамен" кездесті. Матч Оралдағы Петр Атоян атындағы стадионда өтіп, 3:0 есебімен аяқталды. Ойынның 33-минутында "Астана" қақпашысынан кері серпілген допты Михаил Гащенков қақпаға бәл бағыттады. 51-минутта Лука Имнадзе командасының екінші голын соғып еді, ізін шала Евгений Козлов матчтың нүктесін қойды. С тобындағы тартыс қыза түсті. Оралдық клуб 7 ұпаймен екінші орынға көтерілді. "Астанада" да 7 ұпай бар, бірақ үшінші орында тұр.

Ал "Жетісу" Қазақстан Кубогінің төртінші турында "Каспийді" қабылдады. Матч Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды.

Ойынның 56-минутында "Каспий" қақпашысы Нұрлыбек Аязбаев өз айып алаңында тәртіп бұзды. Бірақ тез арада өз қателігін жөндей білді. Габриэль Энакенің он бір метрден жасаған соққысын Нұрлыбек қайтара білді. Төрт ойын бойы жеңілмеген ақтаулық клуб 10 ұпаймен Д тобында көш бастап тұр. "Жетісу" 4 ұпаймен үшінші орында тұр.

"Мақтаарал" Қазақстан Кубогінің төртінші турында "Тобылды" ірі есеппен жеңді. Атакенттегі Алпамыс батыр стадионында өткен матч 4:0 есебімен аяқталды. Қостанайлық клуб бұл ойынға тек жас ойыншыларды алып келді. Кездесудің 31-минутында Драмане Коне айып алаңның сыртынан алыс бұрышты дәл көздеп, есеп ашты. 51-минутта қақпашының қателігін пайдаланған Евгений Левин есепті еселеді. Ойынның аяқталуына үш минут қалғанда Едіге Оралбай көзге түсті. Ал 91-минутта Сұлтанбек Дүйсешов матчтың нүктесін қойды.

"Тобылды" қатарынан екінші матчта жеңген "Мақтаарал" 7 ұпаймен В тобында екінші орынға көтерілді. Ал Александр Москаленко шәкірттері 6 ұпаймен бір саты төменде тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу