"Ордабасы" "Жетісуды" ірі есеппен жеңді

1265

Бүгін Премьер-лиганың алтыншы туры аясында төрт кездесу өтті.

"Ордабасы" "Жетісуды" ірі есеппен жеңді

"Жетісу" Премьер-лиганың алтыншы туры аясында "Ордабасымен" кездесті. Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өткен матчта шымкенттік клуб 4:0 есебімен жеңіске жетті. Ойынның 28-минутында Александр Симчевич Механовичтің бұрыштамадан асырған пасын сәтті пайдаланып, есеп ашты. 58-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Эльхан Астанов есепті еселеді. Араға үш минут салып Жоао Пауло матчтағы үшінші голды соқты. Ал ойынның соңғы минутында Мирзад Механович пенальтиден мүлт кетпей, матчтың нүктесін қойды.

Үш ұпайға еш қиындықсыз қол жеткізген Александр Седнев шәкірттері турнирлік кестеде бесінші орынға көтерілді (10 ұпай). Бір ғана ұпайы бар "Жетісу" ең соңғы орында қала берді.

Ал "Ақтөбе" бүгін "Шахтер" клубын қабылдады. Матч Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадионда өтіп, 3:0 есебімен қарағандылық клубтың пайдасына аяқталды. Магомед Адиевтің басшылығымен "Шахтер" алғашқы матчтың өзінде-ақ керемет нәтижеге қол жеткізді. Ойынның небәрі 5-минутында есеп ашқан Арсен Хубулов 23-минутта Ескендір Қыбырайдың пасынан кейін дубль авторы атанды. Ал ойындағы соңғы голды 74-минутта Айдос Тәттібаев соқты.

Маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізген "Шахтер" турнирлік кестеде он бірінші орынға көтерілді (3 ұпай). "Ақтөбе" 9 ұпаймен алтыншы орынға жайғасты.

Сондай-ақ "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы туры аясында қостанайлық "Тобылмен" кездесті. Матч Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 2:2 есебімен аяқталды. "Тобыл" ойын бастала салысымен есепте алға шықты. Небәрі 2-минутта команда капитаны Азат Нұрғалиев мергендігімен көзге түсті. Ал 20-минутта Хосе Канте жауапты голды соқты. 67-минутта дәл осы Канте дубль жасап, командасына жеңіс сыйлағысы келіп еді. Алайда, алаңға қосалқы құрамнан шыққан Неманья Николич Премьер-лигадағы дебюттік голын соғып, "Тобылды" жеңілістен құтқарды. Матчтың ең қызық жері 80-минутта басталды. Камо Оганесян қызыл қағаз алып, алаңнан қуылса, Нұралы Әліп 11 метрлік айып добынан гол соға алмады.

Бір ұпайды қанағат еткен қос команда турнирлік кестедегі өз позицияларын сақтап қалды. "Қайрат" (12 ұпай) үшінші орынға, ал "Тобыл" (12 ұпай) төртінші орынға жайғасты.

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы турында "Каспий" клубын қабылдады. "Түркістан-Аренада" өткен матч 2:2 есебімен аяқталды. Ақтаулық клуб 31-минутта Арман Нүсіп соққан голдың арқасында алға шықты. 60-минутта таразы басын теңестірген "Тұран" шабуылшы Стэнли Нкоби жеті минуттан кейін дубль авторы атанды. Ал 84-минутта ресейлік шабуылшы Давид Караев "Каспийге" бір ұпай сыйлады.

"Тұран" бұл ойыннан кейін 3 ұпаймен он екінші орында қала берді. 6 ұпайы бар "Каспий" сегізінші орынға табан тіреді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу