Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ОРЕС қоры жер-жаһанның 125 елінде 4 мыңнан аса жобаны іске асырған, жалпы сомасы 30 млрд АҚШ долларынан аса қаржы бөлген. Соңғы жылдары Орталық Азия елдеріне ықыласы ауып келеді.
– Бұл келісім мемлекетіміздің экономикасының өсуіне және оның тұрақтылығын арттыруға ықпал етуге бағытталған. Келісімнің негізгі мақсаты – қазақстандық жеке компаниялардың ОРЕС қорының қаржы құралдарына қол жеткізуін жеңілдету үшін тұрақты платформа құру. OPEC Халықаралық даму қорының негізгі миссиясы – дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау.
Қор 50 жыл ішінде әлемнің 125 елінде 4 мыңнан аса жобаны іске асырып, жалпы сомасы 30 млрд АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Соңғы 20 жылда Орталық Азия елдеріне 1,4 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған. Атап айтқанда, келісім нормалары ұзақ мерзімді қаржыландыруды, инвестицияларды қорғауды және ынтымақтастықтың икемді шарттарын қамтамасыз етуге негізделген, – деді сенатор Сәкен Арубаев.
Заң нормаларымен Қазақстан аумағында ОРЕС қоры толық заңды тұлға ретінде танылып, тікелей салықтардан босатылып, сонымен қатар оған халықаралық ұйымдарға қатысты иммунитеттер мен артықшылықтар беріліп отыр. Қорға мемлекеттік кепілдіктер беру қажет емес болғанымен, жеке сектор жобалары Үкіметпен келісілетіні қарастырылған.
Қор қызметінің негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:
– инфрақұрылымды салу және дамыту;
– климаттың өзгеруіне қарсы шаралар;
– азық-түлік қауіпсіздігі;
– энергетикалық ауысымға жәрдемдесу;
– цифрландыру және инновациялар;
– шағын және орта бизнеске экономикалық мүмкіндіктер жасау.
– Бұл өз кезегінде нарықтық жағдайлармен салыстырғанда, әсіресе капиталды көп қажет ететін және ұзақ мерзімді жобалар үшін өте қолайлы жағдай саналады. Бұдан басқа, ОРЕС қорынан бөлінген қаржының жұмсалуы мен инвестициялық бағдарламаларының орындалуы қатаң бақылауда болатыны келісілген. Заңды қабылдау қаржы тарту көздерінің кеңеюіне, қаржы ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуына, жеке секторға инвестициялар мен технологиялардың келуіне, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының құрылуына, араб елдерінің халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықтың нығаюына, инвестициялық ахуал мен елдің халықаралық беделінің артуына мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық мәселелер тудырмайды және бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді, – деді депутат.
Жалпы, пайыздық мөлшерлемелер жылдық 2,5%-дан 5%-ға дейін, жеңілдікті кезең 6 айдан 24 айға дейін көзделеді. Қарыз алу мерзімі 22 жылға дейін болуы ықтимал.