Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер қозғалысы күрт азайды. Бұған Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әсер еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты шетелдік басылымға сілтеме жасап.
BBC хабарлауынша, кеме қозғалысы өткен аптаға қарағанда 90 пайызға төмендеген. Бұған мұнай компанияларының Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сын-қатерлері өз әсерін тигізіп отыр. Танкерлердің көп бөлігі Иран шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптеніп, бұғаз арқылы өтуден бас тартып жатыр.
Бұл ретте теңіз сақтандыру компаниялары Парсы шығанағы акваториясындағы кемелерді сақтандыруды азайтқан немесе толық тоқтатқаны да белгілі болды.
Анадолы агенттігінің хабарлауынша, былтыр Ормуз бұғазы арқылы күн сайын орта есеппен 15 млн баррель шикі мұнай мен 5 млн баррель мұнай өнімдері тасымалданған. Бұл әлемдік теңіз арқылы мұнай тасымалының шамамен 25 пайызына тең. Оның 80 пайызы Азия нарығына жіберілген.
2025 жылы Сауд Арабиясы бұғаз арқылы ең көп мұнай экспорттаған. Одан кейінгі орындарда Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран сияқты елдер тұр.
Жалпы алғанда, Ирак, Иран, Кувейт, Қатар және Бахрейн қара алтынның басым бөлігін Ормуз бұғазы арқылы экспорттайды. Ал балама бағыттар Сауд Арабиясы мен БАӘ-де ғана бар.
Айта кету керек, бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге тырысқан кез келген кемені жойып жіберетінін хабарлады.