Ормұз бұғазындағы жағдай ушығып барады

2361

Бұл жолы Иран билігі Парсы шығанағында тағы бір танкерді ұстады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, кемеде контрабандалық мұнай болған.

Ормұз бұғазындағы жағдай ушығып барады

Ислам төңкерісі күзетінің корпусының мәліметіне сүйенсек, танкер араб елдерінің біріне бара жатқан. Бірақ нақты қайда бағыт алғаны анықталмаған. Кемені Ормұз бұғазындағы Фарси аралы маңында қолға түсірген. Ол жерде Ислам төңкерісі күзетінің корпусы орналасқан. Оның қолбасшысы Рамадан Зирахидің айтуынша, танкер Иранға тиесілі аймақта мұнай контрабандасымен тұрақты түрде айналысып келген. Ресми дерекке сүйенсек, 7 адамнан тұратын экипаж 700 мың литр мұнайды тасымалдамақшы болған. Ұсталғандардың барлығы қамауға алынып, оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ислам Республикасы ақпараттық агенттігінің мәліметі бойынша, танкер Ирак мемлекетіне тиесілі екені анықталды.

Ормұз бұғазындағы осы жайтты Египет, Иордания және Ирактың Сыртқы істер министрлері Бағдад қаласында талқылады. Олардың барлығы да халықаралық кемелер үшін бұғаз ашық болу керектігін алға тартып отыр.

Ирактың Сыртқы істер министрі Әли әль-Хакім: "АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіске қатысты пікірімізді Египет пен Иорданияға ашық білдірдік. Парсы шығанағындағы кеме қатынасына ешнәрсе кедергі болмауға тиіс. Өйткені осыған байланысты халықаралық резолюция қабылданған. Жағдайды ушықтырмай , шиеленістен шығу жолдарын қарастыру керек",– деді.

Ал Иран үшін кезекті танкерді қол түсіру – шабуыл емес. Тегеран осылайша өз экономикасын қорғап жатыр. Ислам төңкерісі күзетінің корпусының мәліметінше, Иран қаржыландыратын мұнай күн сайын контрабандалық жолмен тасымалданатын көрінеді. Ол шамамен күніне 8 миллион баррель. Мұндай қарақшылық Иранның онсыз да америкалық санкциялардан әлсіреген экономикасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу