Орта Азиядағы ең үлкен стадион: Ташкентте жаңа стадионның іргетасы қаланды

166

Кеше Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласында 55 мың көрерменге арналған жаңа стадионның іргетасын қалады. 

Орта Азиядағы ең үлкен стадион: Ташкентте жаңа стадионның іргетасы қаланды

Құны шамамен 100 миллион доллар болатын жоба 2027 жылы Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындық аясында жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа стадион халықаралық деңгейдегі арена ғана емес, елдегі жастар спортының дамуына серпін беретін орталыққа айналады. Нысан ФИФА стандарттарына сай салынып, Азиядағы ең заманауи спорттық кешендердің бірі болмақ. Президент стадионның іргетасы "болашақ жеңістердің негізі" болатынын атап өтіп, бұл нысан өзбек футболының мақтанышы мен миллиондаған жанкүйерлерге арналған үлкен сый боларына сенім білдірді.

Болашақта бұл арена Орталық Азиядағы ең үлкен стадионға айналмақ. Қазір бұл мәртебе Түрікменстан астанасы Ашхабадтағы 45 мың орындық көпсалалы стадионға тиесілі.

Аймақтағы тағы бір ауқымды жоба – Қырғызстанда салынып жатқан "Бішкек Арена" стадионы. Киіз үй пішінінде бой көтеріп жатқан бұл нысан 2026 жылдың күзіне қарай пайдалануға берілмек және 51 мың көрерменге есептелген. Жобаның жалпы көлемі де айтарлықтай үлкен. Көгалдандыру аумағы – 70 мың шаршы метр, құрылыс алаңы – 180 мың шаршы метр, ал стадионның өзі – 85 мың шаршы метр. Сонымен қатар, жоба аясында 3600 көлікке арналған жабық автотұрақ пен 60 мың шаршы метр техникалық аймақ қарастырылған. Нақты бағасы жария етілмесе де, жергілікті БАҚ шамамен 60 миллион доллар көлемінде деп хабарлаған. Қырғыз билігі бұл стадионды 2031 жылы өтетін Азия Кубогын өткізуге арналған Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның бірлескен өтінімінің басты артықшылығы ретінде қарастырып отыр.

Қазақстанда да соңғы бір жыл ішінде заманауи стандарттарға сай бірнеше жаңа стадион салу жоспарлары жарияланды. Солардың ішінде ең бастысы – Алматыда салынатын жаңа арена. Биыл оның жобасы таныстырылып, стадионның 35 мың орынға есептелетіні айтылды. Алайда сарапшылар мен жанкүйерлер Алматы сияқты 2,2 миллион халқы бар мегаполиске мұндай сыйымдылық жеткіліксіз екенін алға тартуда. Қалалық әкімдік өкілдері қазіргі таңда жобадағы орын санының әлі де талқылану үстінде екенін мәлімдеді.

Бүгінде Қазақстандағы басты футбол нысаны – 30 мың көрерменге арналған "Астана Арена". Қалған стадиондардың көбі кеңес дәуірінде салынған. Алматы, Қарағанды және Шымкенттегі "Орталық" ареналар соның мысалы. Ал Түркістан мен Қызылордадағы жаңа стадиондар тым кішкентай. Елордада бар болғаны бір ғана футбол аренасы бар. Ол да өткен жылы жөндеуге жабылғандықтан, жергілікті клубтар өз матчтарын өзге қалаларда өткізуге мәжбүр болды. Салыстырмалы түрде айтқанда, Ташкенттің өзінде екі бірдей 35 мың орындық стадион бар және қазір тағы бір 55 мың орындық арена салынып жатыр. Сонымен қатар, Өзбекстанда бүгінде ФИФА мен Азия футбол конфедерациясы талаптарына сай 10-нан астам заманауи футбол алаңы бар.

Астанада бірнеше рет "Астана Арена" жанкүйерлер сұранысын толық қанағаттандыра алмай отырғаны байқалды. Өткен маусымда бірнеше мәрте матчтар аншлагпен өтті. Қазақстан Премьер-Лигасының ойындарында да, ұлттық құраманың матчтарында да стадион лық толды. Тіпті Лихтенштейн сияқты әлсіз қарсыласпен өткен ойында да барлық орын сатылып кетті. Бұл қазақстандықтардың футболға деген қызығушылығының жоғары екенін дәлелдейді.

Алматыда биыл футболда жаңа серпіліс болды. "Қайраттың" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуы қалада үлкен спорттық оқиға болды. "Орталық" стадионға (23 мың орын) "Реал Мадридке" қарсы матчқа билеттер бірнеше сағат ішінде сатылып кетіп, соған қарамастан 100 мыңнан астам адам ойынды көруге ниет білдірді. Дегенмен, болашақта Алматыда бар болғаны 35 мың орындық жаңа стадион салынатыны айтылып отыр. Бұл Ташкент пен Бішкектегі алып жобалармен салыстырғанда тым қарапайым шешім болып көрінеді.

Жалпы алғанда, көршілес елдер ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырып жатқанда, Қазақстан футбол саласында айтарлықтай артта қалып келеді. Елде футболға деген қызығушылық өсіп, ұлттық құраманың ойындары аншлагпен өтсе де, заманауи деңгейдегі және үлкен сыйымдылықтағы ареналар жетіспейді. Егер бұл мәселе жақын арада шешілмесе, Қазақстанның жаңа буын стадиондарының дәуіріне көшіп жатқан көршілерінен артта қалу қаупі бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу