Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның "Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит" тақырыбындағы есебі тыңдалды.
"Жоғары аудиторлық палата төрағасы өзінің баяндамасында мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталған негізгі заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді атап өтті. Мен кейбір мәселелерге тоқталып өткім келеді. Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4,4 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48%-ына тең. Алайда, бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеуде және ол соңғы бес жылда 6,7%-дан аспай отыр. Мәселен, соңғы бес жылда (2019-2024 жылдары) кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 4,5 триллион теңге көлемінде көмек көрсетілді", – деді депутат.
Нұртай Сабильяновтың сөзінше, мемлекеттік қолдаудың қайтарымы, тиімділігі болуы маңызды.
"Жүргізілген талдау мемлекеттік қолдау шараларының бүкіл жүйесін талдауда, есепке алуда және басқаруда орын алған проблемаларды анықтады, бұл осы шаралардың нәтижелі болуына әсер етеді. Шаралар жүйесіз көрсетіліп жатыр. Қолдау шараларының қайталануы және ұқсас болуы салдарынан, Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар арасындағы жауапкершілік айқындалмаған. Көптеген даму институттары: Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры, "ҚазИндастри" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы, "ҚазТрейд" сауда саясатын дамыту орталығы және т.б. операторлары құрылды. Оларда тиімділікті анықтау, талдау жүйесі қалыптаспаған", – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Мәжілісмен бір субъектінің әртүрлі операторлардан, әртүрлі қолдау құралдары арқылы үнемі қолдау алу жағдайлары анықталғанына назар аударды.
"Сондықтан бір субъектіге қайта-қайта бірнеше мемлекеттік қолдау түрін көрсетуді тоқтату керек. Тиісінше уәкілетті органдар әрбір мемлекеттік қолдау шарасының тиімділігін бағалап, талдауды қамтамасыз еткені жөн", – деді ол.