Шетелдіктер Middle Coridor деп таныған, ал еліміздің көлік саласында Орта жол дәлізі атанған бұл бағдардың басым бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетіні белгілі.
Орта жол дәлізі, Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаһандық логистикалық тізбектегі маңызды буын. Ал осы стратегиялық дәліздің ағымдағы жай-күйі, даму перспективалары қандай? Проблемалары бар ма? ТХКБ дәлізіндегі Қазақстан рөлі туралы не білеміз?
Middle Coridor – ел үшін маңызды
Сонымен Middle Coridor немесе Орта жол дәлізінің іске қосылып, жұмыс істеп жатқанына биыл 9-шы жылға аяқ басты. Дәліз өз бастауын Қытайдың Ляньюньган теңіз портынан алып, Сиань қаласындағы құрғақ портты қамтиды.
Қазақстанға Қытайдан тиелген жүктер Үрімшіден еліміздің Достық және Алтынкөл шекаралық түйіспе станциялары арқылы өтіп, одан соң Ақтау және Құрық порттарына жеткізіледі. Ал тауарлар теңіз кемелеріне тиеліп, Баку портына, әрі қарай пойызбен грузиннің Батуми және Поти порттарына жеткізіледі.
Ол жақтан контейнерлер Румыния, Болгария, Оңтүстік Еуропа елдеріне теңіз бағдарлары арқылы тасымалданады.
"Тасымалдауды біздің қатысушылар теміржол арқылы, сондай-ақ Каспий теңізі бойынша паромдар мен фидерлік кемелермен жүзеге асырады. Егер біз ТХКБ-ны балама теңіз маршруттарымен салыстыратын болсақ, онда біздің артықшылығымыз, әрине, жүктерді жеткізу уақытында. Мәселен, Қытайдан Түркияға Орта дәліз бойынша жүктерді жеткізудің орташа уақыты шамамен 19-20 күнді құраса, теңіз жолдары 35-45 күнді алады. Сонымен қатар, біздің бағдар стратегиялық жағын қарастырып отырған Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасында әртараптандырылған жеткізу тізбегін құратын жүк иелері үшін жақсы опция болып отыр", – дейді дәліздің артықшылығы хақында "ТХКБ" халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов.
Айтуынша, Қазақстанның транзиттік әлеуеті Орта жол дәлізі бойындағы тасымалда ерекше рөлге ие, әсіресе, мұнайды қоса алғанда, ел экспорты жалпы тасымалдау көлемінің 80%-нан астамын құрайды. Қазақстан – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік хаб екенін, 2024 жылы Қытайдан шығып, Қазақстан арқылы транзитпен өтетін контейнерлік пойыздар санының 35 есеге өскені айғақтай түседі. Яғни, Қазақстан арқылы Қытайды, Орталық Азияны, Каспий аймағын, Түркияны және Еуропаны байланыстыратын негізгі құрлықтық және теміржол бағыттары өтеді.
Осыған байланысты Қазақстан өз көлік инфрақұрылымын, оның ішінде порттар, теміржолдар мен логистикалық орталықтарды дамытуға күш салып отыр. Бұл өз кезегінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарының нығаюына септігін тигізері сөзсіз.
Тартымды әрі тиімді болу басымдықта
Қазіргі таңда Орта дәліздің өткізу қабілеті 6 млн тоннаға тең. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Орта дәліз арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданды. Жыл сайын жүк тасымалында оң динамика байқалуда. Көрсеткіш көтеріңкі.
Жалпы Транскаспий халықаралық көлік бағдары белсенді дамып келеді, бұл баламалы бағыттарға қызығушылықтың артып отырған жағдайындағы құбылыс.
Маңыздысы, ТХКБ-ға қатысушы барлық елдердің мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуі, ТХКБ-нің табысты жұмыс істеуі мен әрі қарай өсуіне негіз болады. Ал аталған маршруттың тиімділігін арттыру үшін елімізде Достық-Мойынты теміржол желісін салу, Алматыны айналып өту және Ақтау портында контейнерлік хаб құру сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар бағыттың өткізу қабілетін едәуір арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Сонымен қатар, ТХКБ тиімділігін арттыру және жақсарту аясында Сиань қаласының құрғақ портында (ҚХР) қазақстандық мультимодальды терминалдың құрылысы және Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісінің (БТК) өткізу қабілетін жаңғырту және арттыру жөніндегі жұмыстар аяқталып, Поти портындағы контейнерлік терминалдың құрылысы басталған.
Бұдан басқа, Ақтау портында контейнерлік хаб салу, сондай-ақ қазақстандық тараптың Құрық пен Баку порттары арасында жүретін өз паромдарын салу жоспарлануда.
ТХКБ-ға қатысушы елдер қатарындағы Әзербайжанда Баку портының 2-ші фазасының құрылысы жүріп жатса, құрғақ жүк айлағы мен порт станцияларының өткізу қабілетін арттыру, Әзербайжан темір жолдары үшін вагондар паркін тарту жоспарланған, сондай-ақ, Алят-Бейюк-Кясик учаскесінде темір жолдарды жаңғырту белсенді жүріп жатыр.
Грузия тарапы асу теміржолын жаңарту жұмыстарын аяқтап, 2025 жылдың соңына дейін маршрутта өткізу қабілетін арттыруға арналған қосымша локомотивтерді сатып алуды күн тәртібіне енгізген. ТХКБ-ға қатысушы елдер сонымен қатар цифрландыруға көп көңіл бөліп, цифрлық технологияларды белсенді енгізуге атсалысып жатыр.
Бұл сервисті жақсартып, процестерді жеделдетуге және кедендік рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жүк жөнелтушілер мен логистикалық компаниялар үшін Орта жол дәлізін тартымды ете түседі.
"Қазақстанның батыс қақпасы ретінде Ақтау және Құрық порттары ТХКБ үшін стратегиялық маңызды рөл атқарады. Ақтау порты контейнерлерді, мұнай өнімдерін және жалпы жүктерді қоса алғанда, едәуір көлемде жүк өңдейді. 2017 жылы ашылған Құрық портындағы паром кешені Қазақстанның Каспий теңізіндегі жүк өткізу қабілетін едәуір арттырды. Бұл екі порт бірлесіп жылына 140 мың ЖФЭ контейнерді өңдей алады. Ал Қытаймен шекарада орналасқан Алтынкөл және Достық сияқты құрлықтық өтпелер Қазақстанның шығыс қақпасы қызметін атқарып, Қытай мен Қазақстан арасындағы жүк тасымалдауды үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін Аягөз бен Қытайдың Тачэн арасындағы үшінші теміржол желісі салынғалы жатыр. Бұл Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі позицияларын нығайтып, барлық маршруттардың тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз", – дейді Гайдар Әбдікерімов.
Балама дәліздерге бәсекелес бола ала ма?
ТХКБ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірнеше негізгі қадамдар жасалуда. Соның бірі – кедендік рәсімдер жеңілдетіліп, тауарлардың транзит үрдісі жылдамдатылмақ. Цифрлық технологияларды енгізу, құжаттарды автоматты түрде рәсімдеу және электрондық форматта толтыруды жақсартып, жүктің өңдеу уақытын қысқартуға және бүкіл процестің айқындығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, порттар мен теміржолдардың өткізу қабілеті белсенді түрде арттырылып, бұл үлкен көлемдегі жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді және жеткізу мерзімдерін қысқартады.
ТХКБ артықшылықтары айқын. Біріншіден, Суэцк каналы арқылы жүретін теңіз маршруттарымен салыстырғанда жеткізу мерзімдері қысқа, бұл тез тасымалдауды қажет ететін тауарлар үшін өте маңызды. Екіншіден, ТХКБ дәстүрлі маршруттарға балама. Әсіресе геосаяси жағдайлардың өзгеруі жағдайында бұл логистикалық бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік беріп отыр.
ТХКБ Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасына интеграцияланған, бұл инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялар тартуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, Global Gateway сынды еуропалық бағдарламалар Middle Coridor-ға қызығушылық танытып, Еуропа мен Азия арасындағы инфрақұрылымдық және сауда байланыстарын дамытуға күш салып жатқаны тағы бар. Бұл ТХКБ-нің халықаралық логистикадағы орнын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
"ТХКБ бүгінгі таңда 11 мемлекетті қамтиды, олар: Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Қытай, Түркия, Украина, Польша, Румыния, Болгария, Литва және Сингапур. Бұл ынтымақтастық аясында үнемі жұмыс кездесулері өткізіліп, маршрутты дамыту мәселелері, оның ішінде тарифтік саясатты оңтайландыру, инфрақұрылымды жақсарту, кедендік және шекаралық рәсімдерді жеңілдету мәселелері талқылануда. Тарифтерді бірлесіп әзірлеу тасымалдау құнын төмендетуге және бизнестің болжау мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі контейнерлік пойыздарды және жалпы жүктерді өткізу бойынша келісімдер әзірлеу және енгізу. Бұл бірнеше елдер арқылы транзитті айтарлықтай жеңілдетіп, жеткізу уақытын қысқартады. ТХКБ-ның қарқынды дамуына бөгет болып отырған қиындықтар да жоқ емес. Олар порттардың өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі, мекемелер арасындағы координацияның қиындықтары және басқа көлік дәліздерімен жоғары бәсекелестік. Алайда бұл қиындықтар белсенді түрде шешілуде. Инфрақұрылымды жаңғыртуға едәуір қаражат бөлініп, бұл өткізу қабілетін арттырып, тасымалдау сапасын жақсартуға ықпал етеді. Цифрлық технологиялардың енгізілуі логистиканы икемді әрі тиімді етуге және қатысушы елдер арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдетуге көмектеседі. Сонымен қатар, ТХКБ елдері ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен бастамаларды әзірлеп, маршруттың жұмысын оңтайландыру мақсатында келісімдерге қол қоюды жалғастыруда. Әрбір қадаммен ТХКБ бәсекеге қабілетті әрі тиімді рөлде басымдыққа ие болып келеді, бұл бизнестің жаңа мүмкіндіктерін ашуға және халықаралық байланыстарды жақсартуға ықпал етері анық", – деп түйіндейді сөзін "ТХКБ" халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов.
Орта жол дәлізінің 2025 жылға қойып отырған жоспары орасан зор. ТХКБ арқылы жалпы тасымалдау көлемі 4 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық болмақ.
Әсіресе, контейнерлік тасымалдауларда оптимистік перспектива байқалады, 96 мың ЖФЭ контейнерді тасымалдау болжанған, бұл өткен жылғы нәтижелерден екі есе көп болмақ.