"Ортақ валюта болмайды"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11495

Ұлттық банк кесімді пікір білдірді. 

"Ортақ валюта болмайды"

Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельяниновтың Еуразия экономикалық одағына мүше-мемлекеттердің қолданысына

ортақ валюта енгізуге қатысты келіссөз жүріп жатқаны туралы мәлімдемесі шындықпен жанаспайды. ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.

Қаржы реттеушісінің түсіндіруінше, бұл Еуразия экономикалық одағы аясындағы келіссөздерге қайшы.

"Қолданысқа ортақ валюта енгізу мәселесі қарастырылған жоқ. Орталықтандырылған банк жүйесін құру туралы бастама да күн тәртібіне қойылған емес. Ақша-несие саясатын Ұлттық қаржы реттеушісінен жоғары органның бақылауына беру туралы әңгіме болған емес. Атап көрсетерлігі,

Еуразиялық даму банкі Еуразия экономикалық одағының жұмыс органы саналмайды. Сондықтан оның құзіреті келісімшартта нақтыланбаған", – деп жазды қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі.

Ұлттық банктің хабарлауынша, Еуразиялық даму банкінің қызметі одаққа мүше-мемлекеттердің инфрақұрылымын, өндірістік және инвестициялық жобаларын қаржыландыруға  бағытталған.

Естеріңізге салайық, таяуда Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы ресейлік басылымға берген сұхбатында қаржы нарығындағы ортақ экономикалық кеңістікке бірыңғай айырбас құралы қажет екенін айтты. Оның ойынша, рубль ортақ валютанының қызметін атқара алады. Себебі ол одаққа мүше-мемлекеттердің барлығында қолданылады.

Бұл мәселе бұған дейін де талқыланған. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков биыл жазда, сенатта осыған қатысты пікір білдірген. Ол WhatsApp арқылы тараған ақпаратты тілге тиек етіп: "Тарап жатқан барлық мәлімет жалған. Одаққа мүше-мемлекеттерде "Алтын" деген валюта қолданысқа  енгізіледі деген бос сөз. Мұндай мәселе көтеріліп, күн тәртібіне қойылған жоқ. Еуразия экономикалық одағының бірде-бір құжатында бұл туралы айтылмаған. Ортақ валюта болмайды", – деген. Айтпақшы, былтыр желтоқсан айында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Еуразия экономикалық одағына ортақ валюта енгізілмейтінін мәлімдеген.

"Қолданысқа ортақ валюта енгізу үшін валюта, бюджет саясаты үйлестіріліп, одаққа мүше елдердің барлығы бірдей экономикалық саясаттың ортақ ұстанымына, яғни бірыңға талапқа көшуі керек", – деген болатын Тимур Сүлейменов. Ол бұған қатысты осыдан 4 жыл бұрын да осыған ұқсас пікір білдірген.

"Еуразия экономикалық одағының келісімшартында ортақ валюта енгізу мәселесі қарастырылмаған. Сондықтан бұл сұрақты талқыламаймыз", – дегенді айтқан Тимур Сүлейменов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу