Түркітілдес қос туысқан ел – Өзбекстан мен Әзербайжанның ынтымақтастығы тағы бір салада жаңа тарихи белеске көтерілді. SOCAR осы елдің Үкіметімен бірге, Үстірт мұнайлы кен орнын барлап, игеруге 2 миллиард доллар қаржы салатын болды.
Түсіндіре кетсек, бүгінде әлемдік брендке айналған SOCAR – Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы (State Oil Company of Azerbaijan Republic деген сөздің басқы әріптерінен құралған).
Ол мұнай мен газды өндірумен, өңдеумен, тасымалдаумен, сондай-ақ мұнай мен мұнай химия өнімдерін ішкі және халықаралық нарықтарда өткізумен айналысатын алпауыт компания.
Биылғы 24 шілдеде ӨР Энергетика министрлігі, "SOCAR" және "ӨзбекМұнайГаз" арасында Өнім бөлісу келісіміне қол қою рәсімі өткен болатын. Құжатқа сәйкес, геологиялық барлау Қазақстанмен шекаралас жатқан Үстірт өңірінде жүргізілетін болады.
Енді Petrocouncil хабарлауынша, Өзбекстан SOCAR компаниясымен бірге энергетикалық келісімшарт бекіткені белгілі болды. Бұл құжат алып Үстірт кен орнына 2 миллиард доллар сомасында инвестиция салуды қарастырады.
Тұран плитасына жататын, Арал теңізі мен Каспий теңізінің арасын қосып жатқан ұланғайыр Үстірт өңірі – Орталық Азиядағы жартылай шөлді және шөлейтті плато. Оның батыс бөлігінде Қазақстан, шығыс атырабында – Өзбекстан орналасқан. Жалпы аумағы шамамен 200 мың шаршы шақырымды алып жатыр.
Өңір мұнай мен табиғи газдың, сондай-ақ басқа да минералды ресурстардың қорына бай. Қазақстан өз жағында қара алтынның кен орындарын игеруде. Ендігі кезек Өзбекстанға келді.
Кеңес заманында, 1950-ші жылдары Үстіртің өзбек бөлігінде мұнай мен газ ізделген екен. Ол кезде 50 алаңда бұрғы салынды, оның 43-і құрғақ шығып, "теріс нәтиже" әкелген.
КСРО бұрғылауды жалғастырды, алайда ақыр соңында 91 ұңғыдан ештеңе шықпады. Сондықтан кеңестік зерттеушілер "бұл өңірде әлеуеті жоғары мұнай-газ қоры анықталмады" деген қорытынды жасалды.
Дегенмен, содан бері бұл салада терең бұрғы салуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялар кең жайылды, жаңа шешімдер пайда болды. Өңірдегі көмірсутек ресурстарын болжамдық бағалаудың жақсартылуы жаңа бағдарлама бойынша іздеу-барлау жұмыстарын жалғастыруға негіз берді.
Содан Шығыс Үстірт өңірінің геологиясы мен қорларын зерттеуге 2006 жылы "ӨзбекМұнайГаз" пен "Газпром" кірісті. Алайда ол істі аяғына жеткізбеді.
Енді Өзбекстан Әзербайжанның мемлекеттік ұлттық компаниясымен бірлесіп, Үстірт мұнайлы өңірінде шамамен 100 миллион тонна қоры бар ірі мұнай кен орнын анықтауды жоспарлап отыр. Барлау табысты аяқталып, жоба толыққанды іске қосылғаннан кейін онда жылына 5 миллион тонна мұнай өндіре алады деп күтілуде.
Ал, бұл – Өзбекстанның шетелден таситын қазіргі бүкіл мұнай импортынан 2,5 есе көп. Яғни, өзбек ағайын осы кен орны арқылы тек өз қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, қара алтынымен халықаралық нарыққа экспортқа да шыға алады.
Бұл тек басы ғана болуы мүмкін. Өйткені өзбек геологтары Шығыс Үстірттің көмірсутек қорының болжамды ресурстарын 970 миллион тоннаға бағалап отыр. Бұл мұнай қоры жөнінен Өзбекстан әлемдегі қара алтынға ие елдердің елулігіне еркін кіреді (шамамен 45-орын).
Әзірге зерттеушілер өзбекстандық Үстірт өңірінде 100 миллион тонна мұнай мен 35 миллиард текше метр табиғи газ барын айтады. Осы көлемнің өзі Өзбекстанның келесі 25 жыл бойғы мұнайға деген сұранысын қанағаттандыруға жетуге тиіс.
Жалпы, сарапшылар Өзбекстанның мұнай кен орындары тек Үстірт өлкесімен шектелмейтініне назар аудартады. Қазіргі барланған қара алтын қоры негізінен Қашқадария облысында, Көкдомалақ кен орнында шоғырланған.
2021 жылы елде мұнайлы битумдік құмның аса ірі кен орны ашылды: "Янги Узбекистан" кен орнында оның шамамен 100 миллион тонна қоры табылды.
Сондай-ақ, шамалы көлемде қара алтын Қарақалпақ автономды республикасында және Бұхара, Сурхандария, Наманган, Әндіжан және Ферғана облыстарында анықталды.
Қорының басым бөлігі Түрікменстан территориясында шоғырланған Көкдомалақ шекаралық кен орнын игеру екі ел арасындағы сонау 1997 жылғы наурызда қол қойылған үкіметаралық келісімге сәйкес жүргізіледі. Құжат шарттарына сәйкес, ондағы өндірілген мұнайдың бір бөлігі Түрікменстанның Сейди мұнай өңдеу зауытына тегін жеткізіледі.
Бүгінде Өзбекстан өзіне керекті мұнайдың басым бөлігін сырттан импорттайды. Бұл тұрғыда ол негізінен Қазақстанның мұнайына тәуелді. Шамалы бөлігі іргедегі Түрікменстаннан және алыстағы Ресейден әкелінеді. Егер Өзбекстан өз жерінде көп көлемде көмірсутек өндіруге кіріссе, Қазақстан іргедегі жақсы бір нарығын жоғалтады.