Орталық Азия 100 шақырым жерінен айырылды

424

Аймақ елдері ғаламат әрі күрделі сын-қатерге тап болды. 

Орталық Азия 100 шақырым жерінен айырылды Фото: ЖИ

ScienceDirect платформасында жарияланған зерттеулерге сәйкес, шөлейттену үдерісі қазірдің өзінде қарқын алып келеді: 1982 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде Орталық Азия елдерінің шамамен 14,8% жері шөлейттенуге ұшыраған. 

Басқа климаттық зерттеулер бұл өңірде шөлді климат аймағының аясы қатты кеңейіп бара жатқанын көрсетті. 1980-шы жылдардың соңынан бері Орталық Азия елдері шөлейттену салдарынан кемінде 100 шақырым құнарлы жерінен айырылды, деп жазды Scientific American. Шөл жасырынған жаудай жар астында ұзақ жатпайды, ол метрлеп алға жылжып, жерді біртіндеп басып алуда.

Сарапшылар өңірге ауқымды трансформацияға ұшырау қаупі төніп тұрғанын ескертті. Caspian Policy Center ұйымы көңіл көншітпейтін көріністі сипаттайды: бір кездері таяқ шаншыса ағашқа айналатын құнарлы алқаптарымен, көк майса жайылымдарымен көз қуантқан Орталық Азия "шөлге айналу қаупіне" душар болған өңірлер қатарына кірді. Өйткені су өзендерде, су қоймаларында және жерасты көздерінде бір мезгілде азайып барады.

Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, аймақ мемлекеттері уақытша құрғақшылықпен ғана емес, бүкіл шаруашылық жүйенің терең экологиялық қайта құрылуымен бетпе-бет келеді. Су ресурстарын тиімді басқарусыз, ирригацияны жаңғыртусыз,елдер арасындағы өзара үйлестірусіз ауыл шаруашылығы жерінің үлкен бөлігі тозуы мүмкін.

Қазіргі жағдайдың өзі алаңдатарлық. Asia-Plus порталының хабарлауынша, биыл Орталық Азияда суаруға қажетті су қоры тым аз болғалы тұр. 2026 жылғы вегетациялық маусымды аймақ "су тапшылығы" жағдайында қарсы алуда.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МАСҮК) 92-отырысынан кейін 2025–2026 жылдардағы вегетацияаралық кезеңнің ресми қорытындылары жарияланды. Құжатта аймақ елдерінің су ресурстарын пайдалану көлемі, ірі өзендердің ағымдағы жағдайы, сондай-ақ негізгі су қоймаларының толу деңгейі көрсетілген.

Сырдария апат алдында ма?

Сырдария бассейніндегі жағдай көңіл көншітпейді. Вегетациялық кезеңдегі жалпы су келімі (сумен толуы) мынадай болды:

• норма бойынша – 29 млрд 494 млн м³;

• болжам бойынша 25 млрд 771 млн м³ күтілді (норманың 87%-ы);

• іс жүзінде 21 млрд 330 млн м³ су түсті, бұл 8 млрд 164 млн м³-ке аз немесе норманың небары 72%-ы ғана.

Сырдария өзені бассейніндегі Тоқтоғұл су қоймасынан Қазақстандағы Шардара су қоймасына дейінгі аралықтағы бүйірлік су келімі вегетациялық кезеңде:

• норма бойынша – 10 млрд 963 млн м³;

• болжам бойынша – 9 млрд 368 млн м³;

• нақты келім – 6 млрд 859 млн м³ су – бұл 4 млрд 104 млн м³-ке аз немесе норманың бар-жоғы 63%-ы.

Шардара су қоймасынан 5,8 млрд м³ су жіберу жоспарланған еді, алайда нақтысында тек 3 млрд 292 млн м³ су ғана жіберілген.

Вегетация соңындағы арналық су қоймаларындағы су қоры да болжамнан төмен болды. Күтілген 2 млрд 776 млн м³ орнына нақты 1 млрд 983 млн м³ жиналған. Бұл жоспардан 793 млн м³-ке аз. Шардара су қоймасында болжанған 1 млрд 5 млн м³ орнына нақты су қоры небәрі 429 млн м³ болып, 576 млн м³-ке төмен болды.

МАСҮК дерегінше, өткен вегетациялық кезеңдегі нақты су беру көлемі былай бөлінді:

• Қазақстанға – лимит 909 млн м³ еді, нақты берілгені 644 млн м³;

• Қырғызстанға – лимит 270 млн м³, нақты 191 млн м³;

• Тәжікстанға – лимит 1 млрд 905 млн м³, нақты 1 млрд 454 млн м³;

• Өзбекстанға – лимит 8,8 млрд м³, нақты 7 млрд м³ су.

Министр неге "шок" болды?

МАСҮК-тің Душанбедегі 92-отырысында Қазақстан атынан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысқан болатын. Оның мәліметінше, Talsim-NG гидрологиялық моделінің есептеулеріне сәйкес, Сырдария және Талас өзендері бассейндерінде су көлемі тіпті көпжылдық нормадан төмен болады деп күтілуде.

"Ағымдағы жылдың жағдайы 2025 жылғы құрғақшылықтың әсерімен қалыптасып отыр: ылғал қоры негізінен орта таулы аймақтарда шоғырланған, ал, биік таулы жерлерде оның көлемі нормадан төмен. Салдарынан 2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал–Сырдария және Шу–Талас бассейндерінде жоғары тәуекелмен өтуі мүмкін", – деп жұмсарта жеткізді министр.

Бұл ретте Қазақстанның тағдыры біршама тәуелді қырғызстандық Тоқтоғұл су қоймасындағы су небары 7 млрд 610 млн текше метрді құрады. Бұл тіпті 2025 жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге аз. Қырғызстанда электр энергиясы қат, сондықтан көрші оны көбірек өндіру үшін су қоймасынан күшейтілген режимде су төгуде.

Кәусарды қазірден көп ағызып жіберсе, министрдің түсіндіруінше, онда Тоқтоғұл вегетация кезеңінің басына қарай керісінше, су жинақтау режиміне ауысады деген сөз. Бұл өз кезегінде Түркістан облысындағы Мақтаарал және Жетісай аудандары үшін "Достық" мемлекетаралық арнасы арқылы су беруге кері әсер етуі мүмкін.

"Осыған байланысты облыс әкімдіктері су алу лимиттерін қатаң сақтауы және ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егісін шектеуі қажет. Түркістан облысында "Достық" каналы бойында күріш егуден толық бас тарту, Қызылқұм каналы бойында оны егуді ең төменгі 3,5 мың гектарға дейін шектеу, ал, Қызылорда облысында 70 мың гектардан асырмау ұсынылады", – деді министр Нұржігітов.

Оның мәліметінше, Шардара су қоймасы өткен айдан бері жинақтау режиміне ауыстырылды. Кестелер сақталған жағдайда бұл Қызылорда облысына тек 1,3 км³ су беруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Шу–Талас бассейніндегі Киров су қоймасында су жетіспеу қаупі бар. Бұл Жамбыл облысына қауіп төндіреді: осы су қоймасы өңірдің негізгі ауыз су және суару көзі. Бүгінде су көлемі 314 млн текше метрді құрайды, бұл өткен жылғыдан 1,5 есе (!) төмен.

1 сәуірге қарай Кировта су көлемі шамамен 400–410 млн м³ болады деп болжанды. Су бөлу үлестерін ескергенде, Қазақстан бар болғаны 285 млн текше метр алады, ал, ең төменгі қажеттілік 400 млн м³! Яғни, Қазақстан алғаш рет тіпті ең аз қажеттіліктің өзінен қағылуы мүмкін.

"Түркістан облысындағы Бөген және Бадам су қоймалары, сондай-ақ Жамбыл облысындағы бірқатар су қоймалары сияқты ішкі көздерден толатын нысандар ерекше алаңдаушылық туғызады: олардың көрсеткіштері өткен жылдан едәуір төмен. Тәуекелдерді азайту үшін 2025 жылы "Қазсушар" филиалдары 1 840 км ирригациялық каналдарды механикалық тазалаудан өткізді", – деп қосты министр.

Оның дерегінше, Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоныз, Қақпатас, Жартас және Бүркітті су қоймаларында да ұқсас жағдай қалыптасты. Былтыр бұл өңірлердегі вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өткенін ескеріп, қос облыстың әкімдіктеріне ылғалды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын қысқарту не мүлде бас тарту шараларын қабылдау тапсырылды.

Қазақстан су үнемдеудің қатаң режиміне көшуде

Алматы және Жетісу облыстарында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңестер өтті. Бұл жиындарда су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау, ылғалсүйгіш дақылдардың егіс көлемін қысқарту және су үнемдеу технологияларын міндетті түрде енгізу жүктелді. Су тапшылығына байланысты Жамбыл облысы бойынша су пайдалану лимиттері тағы да қысқартылуда.

Осындай жағдайда Қазақстан су үнемдеудің қатаң режиміне көшуге мәжбүр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов енді негізгі міндеттердің бірі ылғалды көп қажет ететін дақылдардың (күріш, мақта, бидай және басқасының) егіс көлемін күрт қысқарту және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу екенін нықтады. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру көрсеткіштерінің қатаң орындауға тиіс.

"Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беруге жол бермеуі шарт. Бұл өте өзекті проблема. Егер шаруашылыққа 100 гектарда дән себу белгіленсе, ертең ол 1 гектарға артық ексе, онда оған бір тамшы су берілмейді! Егер бекітілген көрсеткіштер бұзылса, фермерлердің шығындары бюджеттен өтелмейді! Мұны халыққа ашық жеткізу керек", – деді Бектенов.

Экономика өрлеуі үшін егіншілерді керісінше, көбірек егіп, көбірек астық жинауға ынталандыру жөн еді.

Премьер осы мәселе өзінің жеке бақылауында екенін мәлімдеді. Бұған дейін 2025 жылғы тексерулер нәтижесінде ылғалсүйгіш дақылдарды "заңсыз", көбірек егуге жол берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылыпты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың дерегінше, оңтүстік өңірлерде суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын оңтайландыру жалғасуда. Мәселен, күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Мақтаны тек заманауи технологияларды қолданатындар ғана еге алады: тамшылатып суару алаңдары 29,8 мың гектарға ұлғайып, 79,8 мың гектарды құрайды.

Президент Қ.Тоқаевтың жолдауындағы тапсырмасын орындау аясында және ресурстарды тиімсіз пайдалануға қарсы күрес мақсатында Су ресурстары министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп "судың қара нарығы" дегенді жоюдың арнайы жол картасын іске асыруда. 2025 жылы заңсыз су алу фактілері үшін 365 айыппұл салынып, олардың жалпы сомасы 75,2 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, су жеткізуші ұйымдармен келіспей, аз су қажет ететін дақылдарды суды көп қажетсінетін дақылдарға ауыстыру фактілері анықталған.

Вегетациялық кезеңнің басында министр Нұржан Нұржігітовтің бұйрығымен бүкіл ел бойынша заңсыз су алуды анықтау және алдын алу үшін мониторингтік топтар құрылды. Бұл топтар агромониторингтің цифрлық құралдарын (соның ішінде дрондарды) және жерді қашықтықтан зондтау әдістерін пайдалану негізінде жұмыс жүргізуде.

Министрлік 2027 жылға дейін елдің 5 өңірінде – Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жерасты суының жаңа көздерін анықтау бойынша кешенді барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарланып отыр, дейді су вице-министрі Талғат Момышев.

Орталық Азия қазірдің өзінде мұнай емес, су "басты стратегиялық ресурсқа" айналған дәуірге қадам басты. Аймақ елдерінің оны қаншалықты тиімді басқара алатыны тек болашақ астық көлеміне ғана емес, өңірдегі халықтардың болашағына да тікелей әсер етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу