Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысы картоп шаруашылығын дамытуға қатысты сұрақтарға жауап берді.
"Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен, оның ішінде картоппен молықтыруға бағытталған шараларды іске асыруда. Осы жылы картоптың егіс алқабы 131,2 мың гектарды құрады, оның ішінде 84,5 мың га – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде, 46,7 мың га – жеке қосалқы шаруашылықтар мен бау-бақша учаскелерін қоса алғанда, жергілікті халықта. Орташа өнімділік 225,9 ц/га болған кезде жиналған картоптың көлемі 2,9 млн тоннадан асты", – деді Премьер-министр.
Олжас Бектеновтің мәліметінше, жыл басынан бері картоп экспорты 407 мың тоннаны құрады, оның 90,2 %-ы Өзбекстанға тиесілі. Осы жылдың 10 айында импорт 201,5 мың тонна болды.
"Бұған қоса, сауда ағындарына айтарлықтай әсер етуі мүмкін көрші елдердің көкөніс өнімдері нарығындағы жағдайға үнемі талдау жүргізіледі. Мәселен, Ресей Федерациясында 2024 жылы картоптың жалпы жиыны барлық шаруашылық санаттарында 17,8 млн тоннаға, ал ұйымдасқан секторда 7,3 млн тоннаға дейін қысқарды, бұл 2023 жылғы рекордтық деңгейден шамамен 1,5 млн тоннаға төмен. Биылғы күтілетін өнім 7,5-7,6 млн тонна деңгейінде бағаланып отыр, бұл РФ экспортының қысқаруына және Орталық Азия елдерінің қазақстандық картопқа сұранысының күшеюіне алып келуі мүмкін.
Осыған байланысты нарықтық пропорцияның бұзылу қаупі анықталған кезде ішкі тепе-теңдікті сақтау үшін уақытша шығаруға шектеулер, импорт бойынша "жасыл дәліз", тарифтік құралдар сияқты реттеушілік шаралар қолданылады", – делінген жауапта.