"Орталық Азия – Үндістан": Президент көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды

2244

Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев Қазақстанда құрлықта да, теңізде де жүк тасымалдауға үлкен мүмкіндік бар екенін білдіріп, "Орталық Азия-Үндістан" саммиті барысында ел басшыларына өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.  

"Орталық Азия – Үндістан": Президент көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды

"Әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесінде Орталық Азияның көліктік-логистикалық әлеуеті зор. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның ішінде бес теміржол мен алты автомобиль бағыты Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағытында жылдам жүк қозғалысын қамтамасыз ете алады. Солтүстік-Батыс бағытта Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі бірыңғай кедендік аумақты ескере отырып, Ресей нарығына, сондай-ақ Шығыс Еуропаның бірқатар елдеріне кедергісіз баруға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында.

Мемлекет басшысы сондай-ақ "қуаты жылына 26 млн тонна болатын Ақтау және Құрық қазақстандық порттары арқылы өтетін оңтүстік-батыс маршрутының да болашағы зор" екенін атап өтті.

"Каспий теңізі арқылы олар Каспий өңірі, Түркия мемлекеттеріне және одан әрі Батысқа кең жол ашады. Кейінгі он жылда Қазақстан ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестициялады. Болашақта біз оны жаңғыртуға елеулі инвестициялар салуды жалғастырамыз. Теңізге шыға алмайтын елдеріміз үшін бұл стратегиялық маңызы бар мәселе. Тиімді әрі қауіпсіз транзиттік инфрақұрылым құруға болады деп сенемін", – деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Президент өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды.

"Ол үшін өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Аталған құрылым Үндістан мен Каспий теңізі мен Парсы шығанағы порттары бағытындағы көлік бағыттарының толыққанды әрі өзара тиімді жүктелуіне қатысты ұлттық саясатты тиімді үйлестіруді қамтамасыз ете алар еді", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет ұйымдастырылып отырған "Орталық Азия – Үндістан" атты онлайн саммитке қатысып жатыр.

Жиынға Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди бастамашы болды.

Басшылар Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтудың және кеңейтудің перспективаларын талқылайды.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысының хабарлауына қарағанда, жиын қорытындысы бойынша "Орталық Азия – Үндістан" атты бірінші саммиттің Декларациясы қабылданады деп жоспарланған.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу