Өзбекстан парламентарилері елдің рухани өмірінде үлкен серпіліс тудырған маңызды қадамға барды. Латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін жалпытүркілік стандарттарға жақындату туралы заң ресми түрде мақұлданды.
Тілдік реформаның жаңа толқынына сәйкес, қазіргі қолданыстағы 26 әріп пен 3 әріп тіркесінің орнына енді 28 әріп және 1 ғана апостроф күшіне енбек. Ал, көптен бері дау тудырып келген "NG" әріп тіркесі енді әліпбиден мүлдем сызылып тасталды. Бір қызығы, қоғам өміріне тікелей әсер ететін бұл заң жобасы алдын ала ашық талқылауға шығарылған жоқ. Билік халық пікірімен ойнамай, саяси ерік-жігер танытты.
Олий Мажлистің Заң шығару палатасы 7 шілдедегі жалпы отырысында бұл құжатты ерекше қарқынмен қарады. Депутаттар бірде-бір қарсы дауыссыз, заң жобасын бірден 3 оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады (көрші елде депутаттар жазда да жұмысын жалғастырады).
Пернетақтадан басталған текетірес: Проблемалы 4 әріп
Заң жобасын мінберге шығып таныстырған Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов бұл өзгерісті "түбегейлі өзгеріс" емес, қолданыстағы әліпбидің талмау тұсына айналған 4 "проблемалы" әріпті – "o‘", "g‘", "ch" және "sh" белгілерін жетілдіру деп түсіндірді.
Гәп мынада: апостроф арқылы таңбаланатын "o‘" және "g‘" әріптерін компьютерде теру үшін бірнеше артық әрекет жасау талап етіледі. Бұл мәтінді теруді біршама баяулатып келіпті. Оның үстіне қолданушылардың апострофтың әртүрлі нұсқасын жарыса қолдануы бірыңғай ұлттық стандарттың қалыптасуына тұсау болған екен.
"Бұл таңбалар халықаралық Unicode стандартында дербес әріп ретінде ешқашан тіркелмеген. Салдарынан олар ақпараттық технологияларда, электронды төлем жүйелерінде, автоматты аударма мен электронды сөздіктерде, қысқасы, өзбек тілін заманауи цифрландыру процесінде үлкен техникалық тосқауылдар тудырып отыр", – деп түсіндірді ғалым.
Мәселе мұнымен бітпейді. "Ч" және "Ш" дыбыстарына арналған қос таңбалы "ch" мен "sh" тіркестері де сөз ішінде қатар келгенде, мәтінді оқу мен қабылдауды қиындатады. Абдухалимов мысал ретінде shoshilinch, xushchaqchaq, achchiqtosh сөздерін алға тартты. Ал "с" мен жұмсақ "ҳ" (х) әріптері қатар келетін тұстардағы шатасулар тіпті сорақы: іс жүзінде Is’hoq немесе As’hobiddin сияқты есімдер орфографиялық сауатсыздықтың кесірінен жиі қате жазылып, Ishoq, Ashobiddin болып өзгеріп кетіп жатады.
Дәл осы себепті, ғалымдар тобы "бір дыбыс – бір әріп" деген алтын қағиданы негізге алуды ұсынды. Жаңа реформа бойынша:
- G‘ әрпі Ğ-ға,
- O‘ әрпі Ö-ге,
- Sh тіркесі Ş-ға,
- Ch тіркесі Ç-ға ауыстырылады.
Дәл осы әріптерді бүгінде Түркия еркін қолданады. Анкара бұл әліпбиге араб жазуынан көшкені мәлім.
Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту департаментінің меңгерушісі Нодиржон Холбутаев бұл мәселенің тамыры жай ғана пернетақта-клавишаны басудан әлдеқайда тереңде жатқанына назар аудартты.
"Ең үлкен тауқымет – жаһандық Unicode таңбалар кестесінде o‘ және g‘ әріптерінің төл, жеке кодының жоқтығында. Сандық технологиялар біз құсап әріптің әдемі сыртқы пішініне қарамайды, олар әріптің артында тұрған кодты оқиды. Біз әрине, оларды компьютердің пернетақтасының бір батырмасына күштеп бекіте аламыз. Алайда ақпараттық жүйелер оны біртұтас әріп деп танымайды, бәрібір екі бөлек символ ретінде қабылдай береді!", – деді Холбутаев.
Шенеуніктің байламынша, бұл олқылық жойылмаса, өзбек тілі заманауи ақпараттық технологиялар көшінен қалып қоя береді.
Бюджетке салмақ түспей ме?
Осы ретте депутаттар халықты әуре-сарсаңға салмай, реформаны кезең-кезеңімен, жұмсақ енгізуді ұсынды. Заң толық күшіне енгенге дейін бұрын рәсімделген барлық оқулықтар, кітаптар, құжаттар, ұлттық валютаның өзі және бағалы қағаздар заңдық күшін еш жоғалтпайды.
Мемлекеттік органдардың маңдайшалары, ресми символикалары мен нұсқағыштары да белгіленген мерзімге дейін ескі нұсқада қолданыла береді. Төменгі палатаның сендіруінше, мұндай өтпелі кезең мемлекеттік бюджеттің негізсіз шығындалуын шектеп, қаржылық ауыртпалықты барынша азайтады.
Қоғам не дейді? Желідегі пікірталас пен мемдер толқыны
Реформа туралы хабар тарасымен, өзбекстандық желі қолданушыларының пікірі қақ жарылды. Көпшілік латын қарпіне баяғыда үйреніп кеткендіктен, биліктің бұл қадамын құптады. Әйтсе де нақты әріптер төңірегіндегі пікірталас әлі толастар емес.
- Жахонгир: "Осынша өзгеріс жасай тұра, „хэ“ дыбысын беретін кириллицаның Х әрпін неге қалдырды? Шетелдіктер DORIXONA-ны "Дориксона" деп оқымауы үшін Х және H әріптерін біржола біріздендіруге милары жетпеді ме? Орыс тілінде бүгінде Е мен Ё-нің өзі бір ғана әріппен жазылады".
- Doniyor Baxtiyor Madatov: "X пен H дыбыстары бір-біріне тым ұқсас, егер оларды бір әріппен бермесе, айтылуында қателіктер көп болады".
- Ergash Tursunov: "Ақыр соңында күткен заң шықты! Апострофтардан көз ашпайтын едік. Тек бір ескерту: "Ç" әрпін бірден тықпалай бермей, алдымен негізгі "C" әрпін қолданып, кейін қажет болса белгі қосу керек еді. Дүниежүзінде "C" негізгі әріп қой, оны әліпбиден лақтырып тастау – қисынсыздық".
Әліпбиге "Ц" әрпін кері қайтаруды сұрағандар да бар. Желіде "paxta titish sexi" (мақта түту цехы) деген жазудың шетелдіктер үшін күлкілі мағына беріп, мемге айналғаны мысал ретінде алға тартылды.
- Sherzod Ahmedov: "Ц әрпін кері енгізу керек еді. Қазір өзбек тілінде цех (немістің zëch сөзінен алынған), цирк (латынның circus сөзінен алынған) сияқты кеңес дәуірінен қалған сөздер бар, ол енді SEX деп жазылады. Кім SEX boşliği (цех бастығы) дегенді қалай оқып жүр сонда? Не "TS", не "С" әрпі Ц-ның орнын басуы тиіс еді".
- J.D.: "Иә, Цой тегіндегілер Soy болып жазыла береді. Өйткені бізге "Ц" не үшін керек, өзбекке жат дыбыс деп есептейді ғой".
- Елена Челнокова: "Ештеңе етпес, Tsoy, tsirk, tsunami, tsokol деп жазуға да болады ғой".
- Temur Ibragimov: "Бұрын үлкен буын латыншаны, кіші буын кириллицаны түсінбеуші еді. Енді екі буын қосылып түрікше жазуға қалай төселіп кетер екен?".
- Albert Sharafutdinov: "Есесіне, енді Түркияға қыдырып бару, ағайынмен араласу оңайырақ болады".
- Doniyor Madatov: "Бұл таза түрік тілі емес. Бұл – барлық түркі елдерінің тіл мамандары бірлесіп әзірлеген, түркі әлеміне ортақ, әмбебап жалпытүркілік әліпби! Өзбек алфавиті соған көшірілуде".
- Avaz Hojakeldiyev: "Ағылшында 26 әріпке 44 дыбыстан, орыста 33 әріпке 42 дыбыстан келеді. Ал, өзбек тілінде қанша әріп болса, сонша дыбыс болады! Шамасы, біздің ғалымдардың бұл айтысы әлі талай жылға созылады-ау".
Қоғам қанша жерден шуласа да, Олий Мажлистің Заң шығару палатасы заң жобасын бірден үш оқылымда қабылдап, құжатты жоғарғы палатаға – Сенатқа бекітуге жіберді.
Бұл қадамның артында үлкен геосаяси және мәдени мақсат тұр. Еске сала кетейік, 34 әріптен тұратын бірыңғай жалпытүркілік әліпби Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) отырысында, ұзақ зерттеу мен келіссөздердің нәтижесінде қабылданған болатын. Ал, алдағы жылдар осы ортақ әліпбиді іс жүзінде кеңінен насихаттау, бауырлас халықтарға ортақ кітаптар мен оқулықтар басып шығарудың жаңа дәуірі болуға тиіс.
