Орталық Азияда жаңа мұнайлы ел пайда болды

33108

Қытайлық CNPC-дің француздың TotalEnergies алпауытынан тартып алған Бохтар жобасы жүзеге асыру сатысына шықты.

Орталық Азияда жаңа мұнайлы ел пайда болды Фото: inbusiness.kz

Тәжікстанда таяуда мұнай мен газ өте көп болады. Әңгіме Ауған-тәжік ойпатында орналасқан Бохтар жобасы туралы болып отыр.

ҚХР-дың мемлекеттік алпауыты CNPC Тәжікстанның оңтүстік-батысында орналасқан көмірсутектің жаңа кен орындарын барлау және шикізат өндіру жобасын іске асыруға кірісті.

Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясының Орталық Азия бойынша бас директоры Бьен Деджидің айтуынша, жуық арада компания Бохтардың (бұрынғы атауы Қорған төбе) қойнауында тұнып жатқан орасан зор мұнай-газ қорларының бары туралы жариялауға ниетті. Әзірге қорлардың көлемі нақтылануда.

Егер қара алтынның мол қоры расталса, Тәжікстан номиналды түрде әлемдегі мұнайлы державалардың қатарына қосылмақ. Бірақ оны өндіріп, бай мемлекетке айналу үшін біраз уақыт керек және көп іс тындырылуы қажет.

Б.Деджи жобаның практикалық бөлімге өтуінің өзі – ұзақ жылға созылған алдын ала жұмыстарды талап еткенін жеткізді.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, биылғы наурыз айының соңында Тәжікстан Парламенті бұған дейін тең жартысы француздың TotalEnergies компаниясына тиесілі болып келген Бохтар жобасын CNPC еншісіне басыбайлы беруді қарастыратын құжатты ратификациялады.

Кейінгі онжылдықта бұл жобаның айналасында шетелдік трансұлттық корпорациялар тартылған үлкен дау-жанжал өрбіді. Салдарынан, Tethys Petroleum жобадан мәжбүрлі түрде ығыстырып шығарылды. Кезінде дәл осы канадалық компания тәжіктің Қорған төбесінің (2018 жылға дейінгі қолданылған байырғы атауы) қойнауында қара алтын мен көгілдір отынның "шын мәнінде супергиганттық қоры" жатқанын бірінші болып жариялаған еді.

Өз кезегінде CNPC мамандары Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы кен орындарын ашуға бағытталған геологиялық барлау жұмыстарына қызу кірісіп кеткені де белгілі болды. Соның алдында, өткен сәуір айының 11-інде Сарбанд қаласында Бохтар кен орындарын игеру жобасын іске қосудың салтанатты рәсімі ұйымдастырылды.

CNPC бас директоры Бьен Деджидің байламынша, экономикалық күйзелістерден құтыла алмай келе жатқан Тәжікстанның дамуы үшін мұнай мен газ өте қажет. Өйткені бұл орталықазиялық республика халықаралық донорлар тарапынан басымдыққа ие емес.

Сондықтан қытай корпорациясы басқа компаниялармен, сондай-ақ Тәжікстанның мемлекеттік құрылымдарымен тізе қоса отырып, бітпейтін, қоймайтын даудан дағдарған Бохтар жобасын ілгерілету бағытында жұмыс жүргізіпті. Деджи осы жолда кездескен көптеген қиыншылықтарға қарамастан, Бохтар жобасын дамудың жаңа кезеңіне көтере алғандарын мақтан ете сөйледі.

Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрінің орынбасары Шарифа Орусбек Худобахш ханым өз елінің дәуірлейтін заманы таяу қалғанына үмітті екендерін білдірді.

"Біздің бәріміз осы кезді асыға, ұзақ күттік. Бұл күн жеткізбейтіндей көрінді. Жақын болашақта біздің еліміздің территориясындағы ірі кен орындарын игеру жұмыстары басталып, тәжік мұнай-газ саласы өркен жаяды. Бұл ретте CNPC Тәжікстанға көмірсутектер бойынша өзге елдерге тәуелділіктен құтылып, өзін-өзі толық қамтуға қол жеткізу ісінде көмек көрсетуге дайын. Қытай корпорациясы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да салмақты үлес қосуға әзірлік танытып отыр", – деді энергетика вице-министрі.

Ол ел Үкіметі атынан CNPC-дің өзіне бөлінген мұнай-газға толы алаңды игеруде алға қойған мақсаттарына жететініне үміт білдірді.

Енді тәжік жерінің қойнауын зерттеудің бірінші бөлігі аясында 15,3 шаршы шақырымды құрайтын ауқымды алаңда геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарды жүргізуге ханзу елінің корпорациясы тек қытайларды ғана емес, тәжік мамандарын да тартуға уәде етті.

Өзара келісім бойынша геологиялық барлау жұмыстарын 25 қытайлық техникалық маман жүзеге асырады. Олар Тәжікстанның 190 азаматын жұмысқа алады. Шың елі шамамен 10 жоғары дәлдікті технологиялары бар жабдықтарын жұмылдырады.

Бохтар жобасы – ауған-тәжік ойпатының бір бөлігінде орналасқан. Бірқатар зерттеу деректері бойынша бұл өңірде мұнай мен газдың аса ірі қоры жатыр. Бұл өңірдің 40%-дайы Тәжікстан территориясына тиесілі.

Қытай корпорациясына тәжікстандық ойпаттың оңтүстік-батыс бөлігінен бастап, Тәжікстан, Ауғанстан және Өзбекстан аумағы шектесетін шекара тоғысына дейінгі аумақ тегіс беріліп отыр. Бұл алаң болашақта кеңейтілуі мүмкін.

Бохтар жобасының бір шеті ел астанасы Душанбеден оңтүстікке қарай, 110 шақырымда жатқан Сарбанд қаласының шетінен басталады.

Дегенмен, Душанбенің қытай тарапымен арадағы келісімінің шарттары толыққанды жария етілмеді. Сондықтан әлеуеті аста-төк байлығының тізгінін тәжіктердің қандай шарттармен ұстатып отырғаны беймәлім.

Бірақ Тәжікстанға бұл жоба ауадай қажет деуге болады. Елдегі жұмысқа жарамды, экономикалық белсенді азаматтардың әрбір үшеуінің екеуі шетелге кетіп, жұмыс іздеуге мәжбүр.

ТР Еңбек министрлігі мысалы, Ресейге жыл сайын 1,5 миллионға жуық тәжік жұмысқа аттанатынын хабарлады. Шын-өтірігін кім білсін, ресейлік федералдық көші-қон қызметі 10 миллиондық Тәжікстан тұрғынының үштен біріне жуығы – 3 миллионға дейінгісі Ресейде тұратынын айтып салды. "Крокустағы" терактіден кейін оларға қарсы қудалау күшейіп, ахуалы қиындады. Бүгінде РФ жаңа келетін тәжіктерге жұмыс істеу патентін беруді доғарды. Оларды әуежайдан кері қууда.

"Мен Оңтүстік Кореяда, тіпті жақсысы – Еуропа елдерінде жұмыс істегім келеді. Бірақ оларға визасыз бара алмайсың, олар бізді жақтырып, баруға рұқсат бере бермейді. Қазақстанда жұмыс табуға болады, алайда онда орташа жалақы тым төмен. Сондықтан тәжік мигранттарында Ресейден басқа көп балама да жоқ", – дейді Новосібірде тұратын мигрант Бахтиёр Норов.

"Мәскеудегі терактіден соң Ресейде Орталық Азияның барлық тумаларын, әсіресе, тәжіктерді қорқыту, кемсіту, негізсіз тұтқындау, депортациялау, миграциялық сергелдеңге салу оқиғалары жиілеп кетті. Лаңкестік актінің тағы бір жанама әсері сол, "ИГИЛ" лаңкестік тобына тәжіктердің көп тартылатынын естіп, өзге аймақтардағы елдер Тәжікстан азаматтарына бұрынғыдан жабық бола түсті. Салдарынан, тәжіктердің – Ресейге, мемлекетінің – Қытайға тәуелділігі артпақ", – деп жазады британдық публицист, шолушы Крис Риклтон.  

Мысалы, Түркия Орталық Азиямен ынтымақтастығы аясында 2018 жылы Тәжікстан үшін визасыз режим енгізген еді. "Крокустағы" шабуылдан кейін Анкара биылғы 20 сәуірден бастап тәжіктерге қатысты 90 күндік визасыз режимді "уақытша тоқтатты".

Сарапшының айтуынша, Қытай Африка елдерінде де жер асты қазынасын емін-еркін игеруде, одан африкалық мемлекеттер байып кетпеді. Жергілікті тұрғындарға қаптаған жаңа жұмыс орындарын ашпады. Төленген салық жергілікті диктатуралардың қалтасын қампайтады, елдің әл-ауқаты артпайды.

Тәжікстан мұнай мен газ арқасында аяғына тік тұрғысы келсе, олардың қателігін қайталамағаны жөн.

Жергілікті басылымдардың мәліметінше, Тәжікстан Үкіметі Бохтар жобасындағы кен орындарын игеруге және шикізат өндіруге бір тарап ретінде қатыспайды, бұл жұмыстарға қаражат салмайды. Уағдаластық бойынша мұның бәрі – шығындары, технологиялары және басқасы инвесторлардың мойнында.  

Алайда мұнай мен газ өндірісі басталғаннан кейін Тәжікстан оның 30%-ына дейінгісін алып қоюға құқылы көрінеді.

Бастапқыда, 2008 жылғы 13 маусымда Тәжікстан бұл жоба бойынша канадалық Tethys Petroleum компаниясымен контракт бекіткен болатын.

Өз кезегінде Tethys Petroleum 2011 жылдың соңында Биштинчак кен орнында мұнай-газдың мол қорын тапқанын жариялады. Компанияның мамандары тек осы кен орнындағы ресурстарды 27,5 миллиард баррельге бағалады. Соның ішінде:

  • 69%-ы – газға,
  • 31%-ы – мұнай мен газ конденсатына тиесілі.

Содан соң тәжік қазынасына жаһандық алпауыттар – франциялық TotalEnergies пен қытайлық CNPC қызығушылық білдірді.

Бұл кен орындарының жұмысын жалғыз еңсере алмасын түсінген канадалық Tethys Petroleum 2013 жылдың шілдесінде TotalEnergies және CNPC корпорациясымен келісімге отырды. Сөйтіп, үшеуі үлес бөлісті. Әр тарап Бохтар жобасының үштен бірін қанжығалады.   

Әйтсе де, жобаны жүзеге асыру созбалаңға салынды. 2015 жылдың қыркүйегінде CNPC мен TotalEnergies екеуі Tethys Petroleum компаниясынан жобадан шығуын талап етті.

Бұл ультиматумға Tethys Petroleum-нің жоба бойынша қарыз болып қалуы және өз міндеттемелерін орындамауы себеп болған. Халықаралық дау ушыға келе, 2017 жылы Халықаралық арбитраж сотына дейін жетті. Төрелік сот TotalEnergies пен CNPC-дің талабын негізді деп таныды.

Енді міне, Тәжікстан Парламенті бұл жобаны басыбайлы Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясына беріп отыр. Тәжікстанның қаншалықты тез мұнайлы елге айналатыны, соның арқасында қаншалықты дами алатыны осы жалғыз алпауыт компанияға тәуелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу