Орталық Азияның барлық өңірі тәуекелдерден тұрады - сарапшы

1112

TALAP зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев елордада өтіп жатқан "Орталық Азия-2030: Болашақтың келбеті" атты сарапшылар кездесуінде Орталық Азия өңіріндегі өзекті мәселелерге тоқталды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Орталық Азияның барлық өңірі тәуекелдерден тұрады - сарапшы Фото: astanatimes.com

Оның сөзінше, аймақ елдері алдында тұрған сын-қатерлер көп. 

"Әсіресе, биыл энергетикалық қауіпсіздікке қатысты сын-қатер бары көрініп отыр. Қазақстандағы инфрақұрылым тозған, уақытылы инвестициялар салынбаған, сондай-ақ жылу және электр энергиясының тапшылығы мәселесі де бар. Өзбекстанда да күтпеген жерден энергетикалық дағдарыс пайда болды. Бұдан бөлек су ресурстарына байланысты дағдарысты, тәжік-қырғыз шекараларындағы қақтығыстарды да атап өтуге болады. Тәжікстан және Қырғыз Республикасы арасындағы мәселені зерттеп жүрген бірқатар сарапшылардың пікірінше, үшінші тараптың араласуынсыз бұл қақтығыстар ұзақ мерзімге дейін реттелмеуі мүмкін. Ресейдің Орталық Азия аймағындағы жалпы қауіпсіздік саласында үлкен ықпалға ие екені белгілі. Бірақ та, қазір ол (Ресей – авт.) Батыспен үлкен қақтығыс жағдайында тұр, бұдан басқа Украинамен соғысы да бар. Сәйкесінше Ресейдің медиатор болу мүмкіндіктері біршама төмендейді", - деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында. 

Спикер аймақтағы көшбасшы ел деген түсінікке де тоқталып өтті.

"Мен Қазақстан немесе Өзбекстан көшбасшы деген тезисті онша қолдамаймын. Біз – көрші елдерміз. Бізде саяси, экономикалық, әскери салада бәсекелестік жоқ. Екі ел өзара сауда мен өзара инвестициялардың жүзеге асырылмаған үлкен әлеуетіне ие. Отандық бизнесмендер Өзбекстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі болуы керек және болуы мүмкін екеніне сенімдімін. Бұл құптауға тұрарлық жайт. Бұдан басқа бізде адами капитал сапасының төмендеуімен, әсіресе оңтүстік аймақтарда үлкен демографиялық қысыммен байланысты сын-қатерлер бар. Халықтың бұл өсімі ықтимал әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымдарынан асып түсуде", - деп түсіндірді Рахым Ошақбаев.

Сондай-ақ бұдан басқа аймақта Ауғанстан мен тәліптер мәселесі де әлі шешілмеген. Рахим Ошақбаев Тәжікстанда президент билігінің транзитімен байланысты үлкен мәселе барын атап өтті. 

"Тәжікстанда билік транзитінің бірнеше мүмкіндігі сәтсіз аяқталды. Бұл елдің ішкі саясатында көптеген қарама-қайшылықтар мен қиындықтар бар деп күдіктенемін. Осыған байланысты аталмыш ел билік транзиті кезінде осал болуы мүмкін. Олардың шекарасында тәліптер бар және тиімді әскери қатысу тұрғысынан Ресейдің мүмкіндіктері де белгілі бір уақытта шектелуі мүмкін. Мен ҰҚШҰ желісі бойынша белсенділік танытып, үшінші тарап ретінде әрекет етуіміз мүмкін бе деп қорқамын. Қазір Қазақстан Тәжікстанмен шекара бекеттерін нығайту мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырып жатыр. Біз бөлек ел және өзіміздің де проблемаларымыздың болғанына қарамастан, бұл (шекара бекеттерін нығайту – авт.) қаражат жұмсауды қажет ететін саланың бірі. Бұл – ортақ қауіпсіздікке бағытталған инвестиция", - деп түсіндірді сарапшы.

Спикер тілшінің "Ауғанстандағы қиын жағдайға байланысты Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы қақтығыстар үлкен тәуекел деп айтуға келе ме" деген сұрағына да жауап берді.

"Бүкіл аймақ тәуекелдерден тұрады. Бұл Тәжікстанға да, Қазақстанға да қатысты. Тіпті Өзбекстанның өзінде Қарақалпақстандағы қайғылы оқиғалар мен дағдарыс болды. Сондықтан да барлық өңірлер тәуекелдерден тұрады. (...) Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүгі артылған. Бірінші кезекте елдің экономикалық-қаржылық тұрғыдан мүмкіндіктері бар, өңірдегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алуымыз керек", - деді.

Ол Қазақстан қырғыз-тәжік арасындағы жанжалдарды шешуде медиатордың рөлін атқара алады деп есептейтінін де жасырмады. Бұл тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломат ретіндегі беделі зор екеніне баса назар аударды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу