Орталық Азияның өркендеу кілті – Қазақстанда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4900

Қырғыз кәсіпкерлері Қазақстанның қолдауымен нарықты "жаулауға" кірісті.

Орталық Азияның өркендеу кілті – Қазақстанда

Қазақстан мен Қырғызстан қатынастары қырғи-қабақ, "суық соғыс" күйіне көше ме? Соңғы кездері ғаламтордағы талқылаулар мен пікірталастар осындай ойға жетелей бастағандай еді. Ақыры БАҚ өкілдерімен кездесуде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осы тақырыпқа пікір білдіріп, кесімді шешімін айтуға тура келді.

Айтыс қырғыз елінің кетіп бара жатқан басшысының ағат пікірінен басталды. Батыстың ақпарат құралына сұхбат беру кезінде Алмазбек Атамбаев "Қазақстанның блокадасы қырғыздардың адам шығынына әкелген" деп мәлімдеді. Ол ақпан айының аяғында Еуропаға сапар жасаған болатын. Соның барысында "Euronews"-тің Еуразиялық экономикалық одақ туралы сұрағына жауап берген Қырғызстан президенті тосыннан өздеріне үлкен қамқорлық көрсетіп отырған қазақтарды сынауды ұйғарыпты.

"Бізге әйтеуір біреумен сауда жасау керек, көршілермен жұмыс жасау керек. Егер Еуразиялық одаққа кірмесек, бізге блокада қатері төнді. Мысалға 2010 жылы Қазақстан бізге қарсы 1,5 айға созылған блокада ұйымдастырды. Бұл тіпті адам құрбандығына да әкеп соқтырды" деп тантыған Атамбаев мырза сөз соңында Қырғызстанның бүгін-ақ Еуроодаққа кіруге дайын екенін айтып, айды аспаннан шығарды.

Осыдан кейін қазақстандық ақпарат құралдарында шу көтерілді де, бұл мәлімдемеге еліміздің сыртқы істер министрлігі назар аударуға тура келді: ол қырғыз тарапынан өз президентінің бұл мәлімдемесіне қатысты түсініктеме беруді талап етті.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі өз түсініктемесінде 2010 жылы бейберекетсіздіктер кезінде Қазақстан шекараны жауып тастағандықтан, Қырғызстан азаматтарының бұл елге баруға мүмкіндігі болмағанын, сондықтан бастарын қатерге тіге отырып, заңсыз жолмен шекараны кесіп өтуге тырысқандарын жазады. 

Алмазбек Атамбаевтың айтып отырған оқиғасы 2010 жылы сәуірде болған еді: сонда Қырғызстанда кезінде "түрлі-түсті революция" нәтижесінде билік басына келген Құрманбек Бәкиев президенттік орынтағынан құлатылған болатын. Осы кезде "айырқалпақтылар" елінде басталған бейберекетсіздік пен бүліктен сақтанған Қазақстанға шекараны жабуға мәжбүр болды. Төңкеріс барысында әскерилер мен ішкі істер органдарының қару қоймалары басып алынған. Егер шекара жабылмағанда, заңсыз айналымға шығарылған есепсіз қару елімізден бері өтіп кетуі мүмкін еді. Мемлекетіміз қылмыскерлердің мұздай қаруланып, ішкі ахуалдың нашарлауына жол бермеді.

Оның үстіне 2010 жылғы бұл елдегі мемлекеттік төңкеріс оңтүстіктегі өзбектер мен қырғыздар арасындағы ұлтаралық қырғынға ұласты, Ош пен Жалалабадта 2010 жылғы 10-15 маусым аралығында жүрген алапат қақтығыс кесірінен бірнеше жүз адам қаза тапты, шамамен жарты миллион адам бар мал-мүлкін тастап, босып кетті.

Жақында мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев қырғыз президентінің мәлімдемесіне ашынып, билікті қатаң жауап қайтаруға шақырды.

"Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға, әлемдік деңгейде осы мәселені ілгерілетуге ресурс шығындап жатыр. Дегенмен жуырда қырғыз мемлекетінің басшысы Еуропаның төріне барып, қазақты айыптаған сөз айтты. Осыған қатысты қырғыздың сыртқы саясат ведомствосы жауап мәлімдемесінде "бұл туралы полемикадан қайтайық" деген сияқты сырғытпа сөзбен ғана жауап берді. Жалпы, өңір көшбасшысы саналатын Қазақстанға қарсы мұндай әңгімелер көбейіп кетті. Осының бәріне біз тоқтау қойып, райымызды білдіруіміз керек. Қашанға дейін біз ағымыздан жарылып, бауырмалдық танытып, құшағымызды аша береміз? Бізге адырайған көздер көбеймесе, азаяр емес" деген депутат еліміздің сыртқы істер министрлігіне тегеурін мен белсенді қызмет жетіспейтінін өткір айтты.

СІМ тарапынан да жауап көп күттірмеді. 

"Біздің әсіресе, посткеңестік кеңістік пен Орталық Азиядағы екіжақты және көпжақты қатынастарымыздың қалыптасқан жүйесі халықтарымыз, бизнесіміз және үкіметтеріміз көтеретін кез келген мәселенің шешімін табуға мүмкіндік береді. Өксікбаев мырза айтып отырған оқиға расында да орын алды және ғаламтор арқылы жылдам тарап кетті. Бірақ менің ойымша, бүгінде қазақстандық дипломатияның және Елбасы белгілеген сыртқы саяси бағыттың күші мен қуаты барлық мәселелерге, солар ішінде тіпті көңілімізге жақпайтындарына да теріс және бұрыс емес, оң және дұрыс жауап табудан көрініс табады", – деп жауап берді сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Ол СІМ-нің дипломатиялық арналар арқылы хат алмасу арқылы және ресми кездесулерде тиісті жауаптар алынғанын алға тартты.

"Бұл оқиғадан шектен тыс драма жасамауға шақырар едім. Біз қырғыз әріптестерімізбен бірге ортақ тіл таптық. Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы істер министрліктерінің қабырғаларында, Қырғызстан президентінің әкімшілігінде кездесулер өтті. Қазақстан қайта ары қарай да бауырлас қырғыз халқына Еуразиялық экономикалық одақ жағдайына бейімделуіне көмектесуге бағытталған нақты қадамдар жасауға ниетті. Оны аз десеңіз, біз қазір Қырғызстанмен және орталықазиялық өзге де елдермен ынтымақтастығымыздың кешенді бағдарламасын қабылдауды көздеп отырмыз. Мен сыртқы істер министрі ретінде қырғыз әріптестерімізбен арамыздағы барлық деңгейлердегі өзара қарым-қатынастарымызға қанағаттанамын", – деді Қайрат Әбдірахманов.

Бұл мәселеге соңғы нүктені Елбасы қойды. Кеше кешкі уақытта отандық телеарналардан таратылған БАҚ өкілдеріне сұхбаты кезінде Нұрсұлтан Назарбаев егер көршілеріміздің бірінде билік төңкеріспен ауыстырылып, бүлік жайласа, Қазақстан өз шекарасын тағы да жабатынын ескертті.

"Жақында біздің премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанға барып қайтты, оны Атамбаевтың өзі қабылдады және өзінше ыңғайсызданып: "Сондай ағаттық кеткен екен, оған неге көңіл бөлесіңдер?!" деп жатыр. Екінші жағынан ұлы Абайдың "қырғыз бен қазақ бір туған дегенді қолдамайтын дүниеде ешкім жоқ" дегені бар. Біз көршілес елміз. Президенттер, үкімет басшылары келеді-кетеді, халықтарымыз қалады. Оған сонша көңіл бөле бермеу керек. Қазір қырғыздарда президенттік сайлау болып жатыр, жағдайлары өзгеруде. Парламенттік сайлауы да өтеді. Сайлау кезінде ондай-ондай болып тұрады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің сұрағына жауап беріп.

Елбасы Атамбаевтың айтып отырған оқиғаның мәнісіне жеке тоқталды.

"2010-шы жылы қырғыз өз ішінде быт-шыт болып, төңкеріс жасап, заңды отырған президентті орнынан құлатып жатқан кезде түрмедегі отырғандарды шығарып жіберді. Олардың сотқарларының бәрі бізге қарай лап қойды емес пе?! Ұлттық қауіпсіздік үшін біз шекараны жаптық. Болашақта солай болып жатса, тағы да жабамыз, кез келген көршімізбен арамыздағы шекараны! Қай мемлекет ондайда шекарасын жаппайды? Түркия да, Өзбекстан да, Тәжікстан да жапты. Бұл жерде ешкімнің де кінәсі жоқ, кінә – болған жағдайда", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев керісінше қазақ елі қырғыздардың астанасындағы алапат қырғынның және одан кейін басталуы мүмкін азаматтық соғыстың алдын алғанын меңзеді.

"Қайта қырғыз елінде азамат соғысы болмасын деп, мен Бәкиевті шетелге алып шықтым. Өйткені Бәкиев төңірегінде жақсы қаруланған үлкен әскери топ болатын. Олар "Бішкекте барлығын қиратамыз, қырамыз" деп отырған кезде, сол кездегі ел басшылығындағы тұлғалардың өтінішін алып (Елбасы оның "мынаны алып кетулеріңізді сұраймыз" деген қолхаты Қазақстанда сақтаулы  екенін қосты), ұшақтар мен әскерилерді жіберіп, алып шықтым. Осылайша, Қырғызстанның ішін тыныштандырдым. Сондықтан әлгіндей мәлімдемелерге мән бере берудің қажеті жоқ. Ол өтімді-кетімді. Бүгін айтты, ертең ұмытылды. Әрине басшы болғаннан кейін ойланып сөйлеуі керек", – деді Қазақстан көшбасшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзіне бағытталған сын садақтарына салмақты ден қоюға үйренгенін айтты:

"Саясаткер болуың, ел басқару үшін кәдімгі пілдің терісіндей қалың терің болуы керек. Садақтың оғы өтпейтіндей" деді ол.  

Қайран қалдыратыны сол, бұған дейін қырғыз басшылығы 2010 жылы өздерінде болған дағдарыс жағдайын реттеуде Қазақстанның үлкен рөл атқарғанын әлденеше рет атап көрсеткен болатын. Халықаралық ұйымдар да осындай баға беріп, ұқсас ұстанымды ұстанады.

Астананың ресми ұстанымы 2010 жылғы 19 мамырдағы ҚР СІМ-нің мәлімдемесінде нақты айтылған: "Қырғыз Республикасындағы сәуірдегі қайғылы оқиғалардың бірінші күшінен бастап, Қазақстан бауырлас халыққа екіжақты негізде де, сонда-ақ ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы есебінде де көмек пен қолдау көрсетуде. Гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл елден халықаралық және көлік тасымалы, оқушылар мен студенттердің барыс-келісі тоқтатылған жоқ".

Қазақстан БҰҰ және Еуроодақ елшілерімен тығыз ынтымақтаса отырып, Қырғызстанда бейбіт өмірдің және саяси диалогтың орнауына, қақтығыс қызуының түсуіне ықпал етті: елде референдум табысты ұйымдастырды, артынша демократиялық сайлау өткізіліп, заңды билік қалыптастырылды. Тұрақтылық пен тәртіп қалпына келтірілді.

Мұның сыртында Қазақстан тез арада көршісіне егін егу науқанын ұйымдастыру үшін отын мен тұқым жөнелтті. Әйтпесе сол 2010 жылы көктемнен бері революциямен елігіп кеткен ел күзде азықсыз қалуы ықтимал еді. Бұған қоса, қазақтар жалпы құны 11,6 миллион доллардан асатын азық-түлік, киім-кешек және басқа да гуманитарлық жүктер тиелген жүк керуендерін аттандырды.

Шындап келгенде, қазақ елі қырғыздарды үлкен соғыстан құтқарып қалды. Алғысы осы ма?! Қазақ жағының ашынатын жөні бар.

Елбасы бауырлас, туысқан екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа бұл сөздер сызат түсірмейді деп ойлайтынын нықтады.

"Олардың жағдайлары оңай емес. Көмектесіп жатырмыз. Әлі көмектесеміз. Мен ақша жіберіп, Оштағы бәрі қирап қалғанда, екі мектеп салдырттым. Анда-санда гуманитарлық көмек беріп тұрамыз. Жақында біз 40 миллион доллардан астам ақша бөлдік. Шекараларындағы лабораторияларын жөндеп, бізге ет-сүтін сата алулары үшін. Көршіміз, ағайынбыз. Қырғызстанның да, Өзбекстанның да, Тәжікстанның да шетелге шығар жолы – Қазақстан. Темір жолы да бізден, автокөлік жолы да бізден, тіпті ұшақтары да біз арқылы ұшып өтеді. Байланысы да бізден. Достықты, бірлікті сақтау керек. Одан артық үлкен қазына жоқ! – деп түйді президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Расында 2017 жылғы 17 наурызда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесінің отырысы аясында Қазақстан мен Қырғызстан "Қырғызстанға техникалық және қаржылық көмек көрсету туралы" келісімге қол қойды.

"Қазақстан Еуразиялық одақ аясында бізге көрсетіп отырған қолдау бізге барынша қысқа уақыт ішінде интеграцияның барлық артықшылықтарын пайдалана бастауымызға, қырғыз кәсіпкерлерінің өзара саудаға қатысу көлемін арттыруына және қырғыз халқының өмір деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деген үміттеміз, – деді Қырғыз республикасының үкімет басшысының орынбасары Олег Панкратов.

Шыны сол, Ресей қырғыздардың "екі славян және бір түркі елінің" одағына кіруін онша жақтырмаған. Қазір де бұл елдің өнімдерін өзіне кіргізбей отыр. Ондағы басты дәйектемесі – Қырғызстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын, ЕАЭО талаптарына сәйкестігін тексеретін зертханалар жоқ. Ресей журналистеріне сұхбатында қырғыз вице-премьері осы тарапта біраз ақталып, "одақ елдеріне жеткізетін тауарларының қауіпсіздігі мен сапасы қамтамасыз етілетініне кепілдік беру және қажетті шарттар туғызу үшін Қырғызстанның үлкен жұмыс жасағанын" айтты. 

Бірақ заманауи зертханалары болмай, Мәскеу үшін бұлардың бәрі бос сөз болмақ. Сондықтан Қазақстан көмекке келіп отыр.

"Қазақстан беретін қаражаттар қажетті инфрақұрылымды, атап айтқанда, ветеринарлық және фитосанитарлық лабораторияларды жаңғыртуға және дамытуға бағытталады" деді Олег Панкратов.

Түсіндіре кетсек, Қазақстан қырғыз еліне 41 миллион доллар (13,5 миллиард теңге) қаржы береді. Бұл қаражатқа Қырғызстанның ЕАЭО-мен шекарасындағы бақылау-өткізу пунктері мен зертханаларды салуға, жаңғыртуға және қосымша жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

Осының арқасында қырғыз бизнесмендері мен қырғыз ауыл шаруашылығы өндірушілері одақ елдеріне, соның ішінде Қазақстанға жеткізер өнімдерін еселеп арттыра алады.

Бұдан бұрын, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Қырғызстаннан әкелінетін өнімдер тізбесін елеулі түрде – тауарлардың 86 қосымша тобына кеңейтті. Бұған дейін ЕАЭО аясында Қырғызстанның тек 5 облысынан және 14 топтағы өнімді ғана әкелуге рұқсат етілді. Мұнымен тоқтамаған Қазақстан үкіметі ақпан айында ветеринарлық бақылауға жататын тағы 43 тауарлар тобын Қазақстанға әкелуге рұқсат етті. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қырғыз кәсіпкерлерінен сатып алынатын тауарлар тізімін одан әрі кеңейтуге дайындық қамын жасады.

Сондай-ақ Қазақстан өз аумағы арқылы транзитпен өтетін қырғыз тауарларына тек өз өндірушілерімізге ғана ұсынылатын темір жол тарифін қолданатын болды. Тиісті келісім биылғы қаңтар айынан бастап күшіне енді. Сарапшылар бағалауынша, қырғыз жүк тасымалдаушылары тек осының арқасында ғана бір жылда шамамен 60 миллион доллар қаржы үнемдейді. Тиісінше, біздің ел қазынасына 19,8 миллиард теңге түспей қалады.

Осының бәрін Қазақстан ата-бабадан қалған "қазақ-қырғыз бір туған" тарихи бірлік стратегиясын сақтап қалу үшін жасауда. Соны түсінетіндей даналық қырғыз халқынан табылады деп үміттеміз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу