Орталық комитет хатшысы президенттікке кандидат болып бекітілді

3093

Қазақстан Коммунистік халық партиясы Жамбыл Ахметбековке сенім артты.

Орталық комитет хатшысы президенттікке кандидат болып бекітілді

Қазақстан Коммунистік халық партиясы (ҚКХП) Президент сайлауына Жамбыл Ахметбековты кандидат ретінде ұсынды.

"Бізді және әлемді Қазақстандағы билік транзиті қалай жүзеге асады деген сұрақ мазалады. Бағымызға орай, ол бейбіт түрде өтті. Қазақстан Коммунистік халық партиясы құрылған күннен бері осыған дейін өткен барлық сайлаудың белсенді қатысушы болды. 2005-2011-2015 жылдардағы президент сайлауларында ҚКХП кандидаттары 4-ші,3-ші, 2-ші орындардан көрінді. Әр сайлау сайын коммунистерді қолдаушылардың қатары ұлғайып отырды. Біздің өткен сайлауларда жинаған тәжірибеміз 2012, 2016 жылдар аралығында парламент мәжілісіне өтуге мүмкіндік берді. Біз ұлттық экономиканы жаңғыртуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға күш жұмсауды жалғастыра береміз және президент сайлауына өз кандидатымызды ұсынамыз", – деді партияның XIV кезектен тыс съезінде ҚКХП орталық комитетінің хатшы, мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Осыдан соң коммунистер бірауыздан Жамбыл Ахметбековтың кандидатурасын қолдап, дауыс берді. 

ҚКХП орталық комитетінің хатшысы, парламент мәжілісіндегі "Халық коммунистері" фракциясының депутаты Жамбыл Ахметбеков жиналғандардың алдында партияның сайлауалды тұғырнамасын жариялады.

Президенттікке кандидат Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жақтастарын елдік мүдде мен елдік мақсат үшін күш біріктіруге шақырды. 

"Біз қарапайым халықтың мүддесін қорғаймыз. Біздің мақсатымыз қоғамда әлеуметтік әділдік пен халық билігін орнату. Еңбек адамының, қарттар мен жастардың және әйел-аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту!" – деп мәлімдеді Жамбыл Ахметбеков. 

Оның сөзінше, экономиканы әртараптандыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, Қазақстанның табиғи байлығын игеру бағытында ауқымды жұмыс атқару қажет. 

Айта кетейік, президент сайлауына ҚКХП атынан ұсынылған кандидат 1961 жылы Целиноград облысына қарасты Қорғалжын ауданының Жантеке ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығын механизациялау мамандығы бойынша, 1994 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институтын басқару мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Еңбек жолын 1983 жылы "Кургальджинский" совхозында механик болып бастаған. 2005 жылға дейін әр жерде басшылық қызмет атқарған. 2005-2012 жылдар аралығында ҚКХП орталық комитетінің аппарат жетекшісі болған. 

2012 жылдың 20 қаңтарынан бастап ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Қазақстан Коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы.

Естеріңізге салайық, Жамбыл Ахметбеков 2011 жылғы президент сайлауына қатысқан. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу