"Орталық коммуникациялар қызметі" бюджетке қаншаға түсуде?

5908

Брифингтер өткізу қымбаттай бермек.

"Орталық коммуникациялар қызметі" бюджетке қаншаға түсуде?

Бюджеттің ашықтығы саясаты аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Орталық коммуникациялар қызметінің жұмысын қамтамасыз ету" атты ішкі бағдарламасының егжей-тегжейін жұртшылыққа жария етті.

Журналистер арасында орысша нұсқасына орай "СЦК" деген қысқарған атауымен белгілі бұл мекеме негізінен мемлекеттік органдардың биік лауазымды өкілдерін шақырып, брифинг өткізуімен танымал. Көбіне, шенеуніктің ұзын-сонар баяндамасынан құралатын және БАҚ тарапынан бірер сұрақ қойылатын брифингтердің ұзақтығы орташа есеппен 30-40 минутқа ғана созылады.

Қазақстан тәуелсіздік алып, демократиялық даму жолына түскелі бері журналистика саласында баспасөз мәслихаттарын өткізу дәстүрі жолға қойылды. Нәтижесінде, Алматыда, Астанада және басқа да қалаларда пресс-клуб, баспасөз орталығы, журналистер үйі және басқа да форматтағы ұйымдар өркен жайды. Өзара бәсекеге түскен олар әлемдегі және Қазақстандағы әрбір қылт еткен жаңалықты қалт жібермей, сол бойынша білікті байлам айта алар сарапшыларды, салаға жауапты тұлғаларды, билік өкілдерін шақырып, икемге иліктіріп, журналистердің жамырай "жауап алуына" тастайтын.

Кейін Журналистер одағының ту-талақай етілуімен бірге, бұл сала дағдарысқа ұшырады. Әлгілердің көбі жабылып тынды, бірқатары шетелдік ұйымдардың және сыртқы топтардың гранттарын "өңдеп-игеруге" ден қойды. Енді бірі ақысын төлегендердің пиарын жүргізетін, ел басшылығына үндеулерді жолдайтын, жан-жаққа "рассылка" тарататын PR-фирмаға, БАҚ-қа қажеті шамалы спам-орталыққа айналды. Рас, жас журналистерді даярлауға, жазғы мектеп пен лагерлер ісін жүргізуге бейімделгені де бар.

Саланың күйзелгенін мемлекет өз орайына пайдаланып, бұл істің тізгінін өз қолына алды. Басты бір айырмашылығы сол, баспасөз клубтарының баспасөз мәслихаттарына журналистерге еріп, көшедегі көлденең кез келген адам қатыса беретін. Нағыз демократия еді. Ал ОКҚ брифингтері мен баспасөз конференциясына тек алдын ала аккредитациялаудан өткен БАҚ өкілдері ғана қатыса алады: ол орналасқан "Қазмедиа" орталығы мемлекет қорғайтын нысан болғандықтан, тізімде жоқ былайғы жұрттың ішке кіруіне рұқсат жоқ.

Еліміздегі ақпараттық саясатты қалыптастыратын барлық тараптардың іс-қимылын үйлестіруші ұйым ретінде "Орталық коммуникациялар қызметі" 2012 жылы Президент жанынан құрылды. Бертінде ол ақпарат министрлігінің қарауына берілді, Үкімет жанынан құрылды.

2019 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының жарлығымен ОКҚ Президент жанынан қайта ашылды. Тиісінше, оны қаржыландыруды ұлғайту ұсынылған.

"Шығыстар мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, мемлекеттік мекемелер мен БАҚ-тың бірыңғай коммуникациялар алаңын қалыптастыруға; өңірлік ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылдың тиімді механизмдерді әзірлеуге; мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қатысуға; бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникациялар мәселелері бойынша халықаралық тәжірибені үйренуге бағытталған", – деп түсіндірді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Сонымен, ішкі бюджеттік бағдарлама бойынша "Орталық коммуникациялар қызметіне" 2020 жылы жарты миллиардтан астам қаражат – 514 миллион 907 мың теңге бөлініп отыр. Бұл былтырғыдан көбірек: 2019 жылы 454,7 миллион теңге ғана берілген екен. Келесі жылы 514,9 млн көлемінде болмақ. 2022 жылы бұл сома 515,4 миллионнан асады деп жоспарлануда.

Осы ақшаға ОКҚ мемлекеттік саясат туралы қоғамды ақпараттандыру, Қазақстан Президентінің бастамаларын түсіндіру мақсатында жыл бойы 200 брифинг пен баспасөз конференция өткізуі тиіс көрінеді.

Оған қатысқан журналистердің мақаласы, посты, телесюжеті, ақпарат агенттіктерінің жаңалықтары тегіс орталықтың еңбегі саналады. Әрине, ол үшін қатысушы БАҚ өкілдеріне ақы төленбейді.

Құжат бойынша ОКҚ интернет-порталында, әлеуметтік желі аккаунттарында, интернетте мемлекеттік саясатты ілгерілету жөнінде жылына осындай 60 мың материал орналастыруы керек.

Орталық биыл 500 ақпараттық-анықтамалық материал, дайджестер, оқиғалар тізбегін, әдістемелік ұсыныстар, талдамалық шолулар дайындауы тиіс.

Бұдан бөлек, оның жаңа форматтағы, яғни әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді тарта отырып, өңірлермен тікелей қосылыстар, видеокөпірлер, сарапшылардың қатысуымен өткізілетін іс-шаралары да бюджеттен қаржыландырылады. ОКҚ-ға осындай 40 іс-шара ұйымдастыруына тапсырыс беріліпті.

Орталықтың бұдан басқа да міндеттері бар. Оған медиа-жоспарлау және ақпараттық күн тәртібін болжау; ел Президенті мен оған тікелей бағынатын меморгандар үшін медиа-сценарийлер мен медиа-хабарлар әзірлеу; ағымдағы және дағдарысқа қарсы ақпараттық басқару тетіктерін жедел енгізу; дағдарыстық жағдайларда тәжірибелік ұсыныстар мен технологиялық шешімдерді әзірлеу секілді іс-шаралар кіреді. Дегенмен, ОКҚ-ның осы ішкі бағдарламадан басқа көздерден қанша ақша алатыны жарияланбады.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу