Орталық сайлау комитеті сайлауға дайындалуда

2630

Дода электронды форматта өтуі мүмкін. 

Орталық сайлау комитеті сайлауға дайындалуда

Елорда әкімдігі "Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сайлау учаскелерінің шекаралары туралы" 2018 жылғы 13 желтоқсандағы қала әкімінің шешіміне толықтырулар мен өзгертулер енгізетін жаңа шешімнің жобасын жария етті. Оған сәйкес, астаналық сайлаушылар тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелеріне жаңадан бекітіледі. Сондай-ақ мектептердегі сайлау учаскелерінің нөмірлері өзгермек.

Бұл науқанға соған жауапты бас орган – Орталық сайлау комиссиясы да әзірленуде. Осы орайда ашық бюджет саясаты аясында меморган "Сайлау өткізу" атты бюджеттік бағдарлама жобасын жария етті.

ОСК түсіндіруінше, оның аясында атқарылатын шаралар ауқымы кең. Ең бастысы, ол басқасы сыртында, Қазақстандағы Парламент және мәслихаттар депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізуді қамтитын іс-шараларды қаржыландырады.

Бұл ретте ел қазынасынан қандай шараларға қаражат бөлінетіні де анықталды. Атап айтқанда, мемлекет ақшасына білім деңгейі көтеру үшін сайлау үдерісін ұйымдастырушыларды оқыту жүргізіледі, сайлау комиссияларының босатылған мүшелеріне жалақы төленеді, олардың қосымша еңбегінің ақысы беріледі.

"Комиссиялар құрамында бюджет қызметкерлері, зейнеткерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар көп, студенттер де бар. Сондықтан кез келген деңгейдегі комиссиялардың әрбір мүшесінің еңбегінің ақысы төленуге тиіс", – деген-тін алдында журналистерге Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина.

Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, қаптаған кеңесші-консультанттардың, сарапшылардың, лингвистикалық комиссия мүшелерінің еңбекақысы, штаттан тыс қызметкерлердің еңбек келісімдері негізінде атқаратын жұмыстарының ақысы, кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын түсіндіру үшін халықпен кездесуі бюджеттен өтеледі.

Бюджеттік бағдарламаға сайлау кезіндегі техникалық қамтамасыз ету шығындары, көліктік шығыстар, сымды және ұялы байланыс қызметтері, пошталық-телеграфтық шығыстар, полиграфиялық шығыстар, іссапар шығыстары, кеңсе және шаруашылық тауарларын алу, ұрандар, плакаттар, мемлекеттік рәміздер үшін қажетті материалдар сатып алу, ақпараттық бюллетень шығару кіреді.

Үй-жайлар жалға алынады. Жылжымалы және стационарлы дауыс беру жәшіктері дайындалады. Сайлау комиссиялары үшін лупалар сатып алынады екен. Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттығына кандидаттар туралы, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы ақпараттық плакаттарды жасалып, сайлау комиссиясы ғимаратында және дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылады.

Құжатта алдағы бірнеше жыл сайлауларға арналатыны көрсетілген. Мысалы, 2021–2023 жылдары Сенаты депутаттарының сайлауын, сондай-ақ шығып қалған мәслихаттар депутаттарының орнына сайлауды өткізу үшін іс-шаралар жоспарлануда.

Ортсайлауком осы қаражатты игере отырып, "Қазақстанда әділ, шынайы және еркін сайлау өткізуге" міндеттеме алады.

Заң бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлау 2021 жылы өтуі тиіс. Тиісінше, бюджеттік негізгі шығыстар да келесі жылға қарастырылып отыр. Дегенмен, Мемлекет басшысы биыл өткізу туралы шешім қабылдап жатса, бюджет қайта бөлінеді. "Сайлау өткізуге" 2020 жылы 1 млрд 821,8 млн теңге, ал 2021 жылы 6 млрд 109,5 млн теңге ұсынылған.

Сайлау бола қалса, еліміз бойынша 10 мың 262 сайлау комиссиясы құрылмақ. 232 шредер сатып алынады.

Айтқандай, ОСК-де бұдан басқа "Сайлауды өткізуді ұйымдастыру" деген бюджеттік бағдарлама да бар. Яғни, бірінші бағдарлама тікелей парламенттік-мәслихаттық бәйгені өткізу кезінде жұмсалатын қаражатты қарастырса, мынауы оған әзірлік кезеңін қамтиды. Оның аясында 2020 жылы бюджеттен 645,4 миллион, 2021 жылы –640,7 млн, 2022 жылы – 643,9 млн, ал 2023 жылы – 660,7 миллион теңге жұмсалады деп жоспарлануда.

Осы сома аясында ОСК қызметкерлері үшін 20 бірлік жиһаз, 5 сейф, 2 метал шкаф және басқасы сатып алынбақ.

Бағдарлама қаржылары шығындалатын бағыттар қатарында  ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және пайдалану, компьютерлерге жүйелік-техникалық қызмет көрсету, "Сайлау" автоматты ақпаратты жүйесін техникалық және технологиялық қамтамасыз ету де аталған.

"Сайлау" ААЖ елдің және шетелдік байқаушылардың сынына ұшырап, біраз науқанда пайдаланылмаған. Алайда коронавирустық пандемияның жайлауы мұндай жүйелерге деген қажеттілікті тудырғанға ұқсайды.

Осылайша, ақпараттық жүйелер қалыпты жұмыс істеуі, меморганды ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету ісі ОСК-ның алдын ала есептеулері бойынша 231,9 млн теңгеге түседі деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу