Орыс мұнайын Қытайға тасымалдаудан Қазақстан ұтыла ма?

3732

РФ транзит үшін ақыны теңгемен төлейді.

Орыс мұнайын Қытайға тасымалдаудан Қазақстан ұтыла ма? Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Үкіметі мен Ресей федерациясының Үкіметі "Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге" Елбасы тұсында, 2013 жылғы 24 желтоқсанда қол қойған болатын. Оның күші биылғы жыл соңында аяқталады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сондықтан Энергетика министрлігі бұл келісімге өзгерістер енгізетін Хаттаманың жобасын әзірлеп шықты. Оған таяуда екі мемлекеттің үкіметтерінің өкілдері қол қояды деп күтілуде.

"Жалпы, "ҚР халықаралық шарттары туралы" заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес, біз қол қойылатын күнге дейін 14 күннен кешіктірмей, Үкіметке халықаралық шартты бекіту, ратификациялау, қабылдау туралы ұсыныс беруге тиіспіз. Әзірленіп отырған Қазақстан Үкіметі қаулысының осы жобасымен 2013 жылғы 24 желтоқсандағы келісімге өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, транзиттің көлемі, мұнай транзитінен жиналатын тарифтер мен есеп айырысу түрі өзектілендіріледі. Сондай-ақ мерзімі аяқталатын келісім тағы онжылдық кезеңге, 2034 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылады", – деп түсініктеме берді құжатқа Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Келісімнің 9-бабына сәйкес, оған енгізілетін кез келген өзгеріс жеке хаттамамен ресімделуі шарт. Үкіметтің жаңа қаулысы Қазақстан Үкіметінің атынан осы Хаттамаға қол қою өкілеттігін Энергетика министріне береді.

Ресей тарапынан – "Роснефть" мұнай компаниясы" жария акционерлік қоғамының басшысы Игорь Сечин қол қояды деп жоспарланған.

Хаттамада жылына 10 миллион тонна орыс мұнайының қазақ жері арқылы шың еліне дәл қандай маршрутпен ағындайтыны нақтыланған. Астана Мәскеуге ресейлік мұнайды келесі бағытта ұзақ мерзімді тасымалдауы үшін жағдай жасайды:

РФ шекарасы – Қазақстанның шекарасы ("Түймазы – Омбы – Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбыры) – Қазақстанның шекарасы – РФ шекарасы ("Түймазы – Омбы – Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбыры) – РФ шекарасы – Қазақстанның шекарасы (Ертіс) – Атасу (Қазақстан) – Алашанькоу (Қытай) тасымалдау бағыты бойынша Мәскеуге ұлттық магистральдық құбырлар жүйесіне қол жеткізу құқығын береді.

"Тасымалдау бағыты бойынша Ресей тарапының уәкілетті ұйымына (Роснефть) заңды негізде тиесілі жылына 10 миллион тонна мөлшеріндегі мұнай тасымалдау құны бір тонна үшін 2,1 долларды құрайды және оны Қазақстан тарапының уәкілетті ұйымы төлемге тапсырма берген күні ҚР Ұлттық банкі белгілеген теңгеге шаққанда АҚШ долларының бағамы негізінде теңгемен төленеді", – делінген Хаттама жобасында.

Бұл жерде Қазақстанның ұтылатын тұсы анық көрініп тұр: онсыз да арзан баға тағы он жылға "қатырылады", содан ахуал өзгерсе, тіпті билік ауысса немесе өзге жағдайлар болса да, Қазақстан бұл бағаны көтере алмайды.

"Тасымалдаудың мұндай құны және есептеу тәртібі тиісті тасымалдау шартында белгіленеді және осы Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде өзгертуге жатпайды", – деп қадап айтылған Хаттама жобасында.

Тағы бір ұтылыс: Қазақстан Ресейді салықтан босатып отыр.

"Қазақстан тарапы 1 және 2-тасымалдау бағыттары бойынша (соның ішінде оның учаскелерінің кез келгені бойынша) мұнай тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге нөлдік ставка бойынша қосылған құн салығын салады", – деп бекітілетін болды құжатта.

"ҚазТрансОйл" АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаменті келісімге қатысты түсініктеме берді.

Қазақстанның магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторының мәліметінше, Қазақстан Қытайға жылына 10 млн тонна Ресей мұнайын транзиттеу туралы шартты ұзартты.

Алда Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданады.

Компанияның хабарлауынша, "ҚазТрансОйл" АҚ-ы мен "Роснефть" ҰК" ЖАҚ-ы Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге арналған бұрынғы шартқа қосымша келісім жасасты.

Құжат 2013 жылғы 24 желтоқсандағы екі ел үкіметтері арасындағы Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар күшіне енген күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

"Жалпы, "ҚазТрансОйл" АҚ мен "Роснефть" ҰК арасындағы шартқа қосымша он жыл бұрынғы шартты 2034 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартуды, жылына 10 млн тонна Ресей мұнайын ҚХР-ға тасымалдауды және қолданыстағы тарифті сақтауды көздейді. Қазіргі уақытта "ҚазТрансОйл" АҚ РФ шекарасы – Қазақстан шекарасы (Ертіс) – "Атасу (Қазақстан) – Алашанькоу" (ҚХР) бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жылына 10 млн тонна ресейлік мұнайды тасымалдайды. Компанияның бұл қызметі қосылған құн салығын есептеусіз бір тонна тарифке 15 долларды құрайды. Соның ішінде "Атасу БМАС-на мұнайды ауыстырып тиеуді қоса алғанда, РФ шекарасы – Қазақстан шекарасы (Ертіс өңірі) – "Атасу" (Қазақстан) учаскесінде – 1 тонна үшін тариф 4,23 долларды құрайды. "Атасу (Қазақстан) – Алашанькоу" (ҚХР) учаскесінде – 1 тонна үшін 10,77 долларды құрайды", – деп мәлім етті ҚТО.

2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында "ҚазТрансОйл" АҚ шың еліне 3,2 миллион тонна ресейлік мұнайды тасып үлгерген.

"Атасу–Алашаңқай (Алашанькоу)" магистралдық мұнай құбыры "Қазақстан-Қытай" магистралдық мұнай құбырлары жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Ол "Қазақстан-Қытай Құбыры" ЖШС-не тиесілі. Бұл бірлескен кәсіпорынды екі ел тең, паритеттік негізде басқарады: 50%-ы – "ҚазТрансОйл" АҚ-ының, 50%-ы – China National Oil and Gas Exploration and Development Company Ltd еншісінде.

"Атасу–Алашанькоу"  магистральдық мұнай құбырымен қазақстандық қара алтын да тасымалданады. Құбырдың жобалық қуаты – жылына 20 миллион тонна мұнай жеткізуге қауқарлы.

Жалпы алғанда, жоғарыдағы ҚТО тарифтік схемасын былайғы жұртқа ұғыну қиын. Қалай болғанда, қара алтынын Қазақстан арқылы жұңғо еліне тасу Ресейге тым арзанға түсіп отырғанын байқауға болады. Мысалы, "ҚазТрансОйл" ресейлік мұнайды Өзбекстанға транзитпен өткізу тарифін өзгертті. Жаңа тариф 2023 жылғы 1 ақпаннан күшіне енді. ҚТО бас директорының бұйрығында айтылғандай, бұл қызмет құны әр тонна үшін 27,9 долларды құрайды.

РФ өз мұнайын қазақ жері арқылы Өзбекстанға 2017 жылдың қарашасынан тасымалдай бастады. Орыстың қара алтыны өзбек ағайындарға Омбы (РФ) – Павлодар – Шымкент – "Шағыр" мұнай құю эстакада маршрутімен тасылады. Сол жерде мұнай цистерналарға құйылып, ары қарай Өзбекстанға теміржолмен жөнелтіледі. Бұл құбырлар жүйесі де "ҚазТрансОйл" меншігінде. Осы маршрутпен Мәскеу шағын, яғни жылына қырықтан 100 мың тоннаға дейінгі көлемде қара алтынын өткізеді.

Негізі, Кремль күштіні сыйлайды. Мысалы, Украина өз жері арқылы "Дружба" құбырымен орыс мұнайын Еуропаға айдағаны үшін ұзақ жылдар бойы әр тоннасынан 13,6 еуро транзиттік алым жинап келді. Ал 2023 жылдан бастап бұл алымды әр тоннасы үшін 21 еуроға дейін күрт арттырып отыр. Бұған Мәскеу үнсіз ғана көнді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу