Орыс өкілдері фамилияларын өзгертуді ойластыруда

6487

Қазақстанда ата-тегіне кеңес кезінде жабысқан -ов, -ев, -ин, -ина жалғауынан құтылғысы келетін жан көп. Бірақ олардың үлкен бөлігі мұның қиындық әкелетінін ұғынып, орта жолдан кері қайтады. 

Орыс өкілдері фамилияларын өзгертуді ойластыруда

Виктор Калгин есімді азамат Әділет министрі Қанат Мусинге ресми блогы арқылы елең еткізетін сауалмен жүгінді. Мәселенің мәнісі түсінікті болуы үшін оның өтінішін қаз-қалпында берген жөн.

"Украинаға Ресей армиясы басып кіргеннен кейін бүгінде онда не болып жатқанын бәрі біліп, көріп отыр. Осының кесірінен әлемде орыстарға деген теріс көзқарас белең алуда. Қай елде тұрып жатқанына, Ресейдің әскери операциясына көзқарасына қарамастан, орыс екеніңді білсе, бүкіл әлем теріс қарайды. Көптеген адам осы ұлттан болғаны үшін ұялатын болды. Кейбірі ұлттық нышанына бола, өмірі мен денсаулығы үшін қорқа бастады. Егер орыс адамды түріне қарап, еуропалық нәсілдің басқа өкілдерінен айыру қиын болса, онда оның фамилиясына қарап, тез айыруға болады. Себебі орыстардың басым көпшілігінің ата-тегі -ев, -ов, -ин жалғауларына бітеді. Болашақта мен Еуропаға туристік сапар жасауды жоспарлағанмын. Енді менің орысша фамилиям және ұлтым кесірінен жағымды әрі есте қаларлық әсерлі саяхатым туристік орындардың, қонақүй, дәмхана, дүкен және басқаларының қызмет көрсетуші персоналының жеккөрінішті қарым-қатынасымен бұзыла ма деп қорқамын. Еуропада тұратын, бірақ фамилиясы орысша көптеген орыстар, КСРО-ның бұрынғы елдерінен көшкендер қазірден бастап, өзіне қатысты сондай көзқарасқа тап болды", – деп қамығады Виктор Калгин.

Сондықтан ол ата-тегін орысша жалғаудан арылтуға бел буыпты.

"Осыған байланысты мен фамилиямды, сонымен қатар ұлтымды ауыстыру туралы ойға келдім. Сол себепті Қазақстанда фамилияны ауыстыру мәселесін зерделедім. Алайда осыған мүмкіндік беретін себептердің ішінен нақты осы жағдайға сәйкес келетін себепті таба алмадым. Сұрағым келесідей, орыс болу қауіпті болып кеткендіктен орыс адамға фамилиясын және ұлтын ауыстыруға мүмкіндік бар ма", – деп сұрады өтініш иесі.   

Бұл сауалға Әділет министрі Қанат Мусин жауап берді. Ол бұл мәселені жергілікті әкімдік шеше алады дейді.

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңының "Аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) әкімдіктің құзыреті" аталатын 31-бабының 1-бөлімінің 2-2) тармақшасына сәйкес, жергілікті аудандық немесе қалалық әкімдік Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық хал актілерін тіркеуді жүзеге асырады және тіркеу туралы мәліметтерді Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға енгізеді. Осыған байланысты мәселеңізді шешу үшін өз өңіріңіздің әкімдігіне жүгінуге кеңес береміз", – деді Әділет министрі Қ. Мусин.

Ата-тегін ауыстырса, туу туралы куәлікті өзгертуге болады

Жалпы кеңестік жалғаудан азаттық алуға құштар адамдар жетерлік. Бірақ кейбір кедергілер сақталуда екен. Қарағанды тұрғыны Гүлназ тұңғыш жеке куәлігін алғанда фамилиясын өзгертіпті. Енді туу туралы куәлігінде "-ева" жалғауы бар да, жеке куәлігінде ол жоқ. Кейде одан осы сәйкессіздік анықталғанда, фамилиясының өзгергенін куәландыратын ресми анықтама әкелуді сұратады екен. Алайда бірде бір орган ондай анықтама бермейтін болып шықты.

Сонда қайтпек керек?

"Ол азаматша жеке куәлігін жеңілдетілген тәртіппен алыпты. Мұндай жағдайда фамилиясының өзгергені туралы анықтама немесе куәлік берілмейді. Дегенмен туу туралы куәліктегі және жеке куәліктегі деректер өзара бірдей, ұқсас болуы үшін ол азаматша кез келген АХАТ органына немесе ХҚКО-ға жүгініп, жеке куәлікке өзгеріс енгізуге және оны алуға өтініш жазуы қажет", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Қалай болғанда, қазағы бар, орысы бар, басқасы бар, енді фамилия ауыстыру үрдіс-трендке айналып, бұл іске жаңа серпін берілуі мүмкін.

Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ұстаз, Мәдениет саласының үздігі Алмахан Мұхаметқалиқызы фамилияларды жазу қалыбын ретке келтіріп алу қажеттігін айтқан болатын.

"Қазіргі таңда көпшілігіміз "-ов" пен "-ова"-дан құтылу керек деп құжатымызды қазақша жаздыруға көштік. Мәселен, "Уайыс Сарқыт, Садуақас Омар деп қазақшалап жатырмыз. Осы құжаттағы адамдардың аты қайсы, тегі қайсы, соны ажырату қиын. Біздің қоғамда бір жаңалық жасау үшін алдымен түбегейлі, жан-жақты зерттеп алып, асықпай ойланып қолға алу деген ұғым жоқтың қасы. Әйтпесе, қазақ тілінде әкесінің аты болса – Уайыс Сарқытұлы, атасы болса – Сарқыт тегі, ұлы атасы болса – Сарқыт әулеті болып жазылуы керек. Ал келіндер күйеулерінің тегіне көшкенде, "Сарқыт әулеті" болып жазылғаны дұрыс. Сонда Сарқыт әулеттің келіні екені түсінікті болады. Қазіргі қолданыстағы келіндердің тегін ауыстыруы "әулеттің қызы" есебінде беріліп келеді. Ал ата-тегін еш жалғаусыз жазу – Батыс үлгісінің әсері. Қазақтың ұлттың болмысы, тегі, атамекен-аймағы туу туралы құжат арқылы көрінуі қажет", – деп есептейді зерттеуші.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу