Орыс тілінің дамуына Қазақстанда қуатты серпін беріледі

6501

Осы мақсатта Қазақстан Орыс тілін ілгерілету жөніндегі халықаралық ұйым құрып жатыр.

Орыс тілінің дамуына Қазақстанда қуатты серпін беріледі Фото: forbes.kz

Тіл жанашырларының өкпесі бар. Қазақстанның жаңа көшбасшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына тұңғыш жолдауында қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға сөз берді. 

"Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келеді деп есептеймін", – деді сонда жаңа Президент. Содан бері табандай төрт жыл өтті. Бірақ осы бағытта билік практикалық қадамдар, тегеурінді шаралар қабылдамады. Тек "қара суды сапырғандай", Тіл комитетін министрліктен министрлікке көшіріп, басшыларын ауыстырумен болды. 

2022 жылғы 14 қазанда ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде  Қасым-Жомарт Тоқаев посткеңестік кеңістікте орыс тілінің өрісін одан әрі кеңейтетін жеке ұйым құруды ұсынды. Бұл бастаманы Кремлдің қожайыны Владимир Путин қуана қарсы алып, қазақтың басшысын ұзақ, қоймай-қоймай мақтаған болатын. 

Қазақстанда қоғамдық резонанс, қатаң сын тудырған осы президенттік идеяға сол кезде түсініктеме берген билікке жақын саясаттанушылар мен қоғамдық пікір көшбасшылары мемлекеттік телеарналар арқылы халыққа басу айтты. Мұны керісінше, Тоқаевтың көрегендігіне балады. Себебі, ТМД деген нақты жұмыс істемейтін, пәрменсіз, бәтуасыз ұйым. Демек, оның аясында орыс тілін ілгерілету – көзбояушылық және көзі қанға толған кремлдегілерді Қазақстанға зияны тимеуі үшін алдарқату ғана.

Алайда шынында, Мәскеудегі сол кеңестен соң Қазақстан билігі меморгандарға орыс тілін ілгерілететін және жан-жақты қолдайтын ұйымның қызметін регламенттейтін құжаттарды әзірлеуге бұйрық беріпті.  

Міне, орыс тіліне қатысты қазақстандық бастама жарияланғанына бір жыл да өткен жоқ, ал Ғылым және жоғары білім министрлігі "Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қою туралы" Қазақстан Президенті жарлығының жобасын әзірлеп шықты. 

Айтпақшы, Саясат Нұрбек басқаратын дәл осы министрлік мемлекеттік тілді дамытуға жауапты басты орган. Тіл саясаты комитеті соның құрамында.

Масқарасы сол, заң бойынша НҚА-ларды талқылау уақыты бір аптадан кем бола алмайды. Алайда Саясаттың командасы бұл жарлық жобасын қоғамдық талқылауға 1 күн ғана бөліпті. Әлденеге асығулы. Бабамыз асыққан кімнің ісі екенін нақты айтып кеткен. 

Атап өтетін жайт, Президенттік жолдау – мемлекетімізде орындалуға міндетті саналады. Оны жүзеге асыру үшін Үкімет іс-шаралар кешенін түзеді. Қазақ тілін "ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруды" көздеген төрт жыл бұрынғы жолдауға қатысты да жоспар құрылды. 

Ел Үкіметі "Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі шараларды" әзірледі. Құжат ел Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі №152 жарлығымен бекітілді. 

Оның 7-ші тармағында Үкіметке "Тілдерді дамыту мен қолданудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу шеңберінде мемлекеттік тілдің этносаралық коммуникация тілі ретінде рөлін нығайту жөніндегі шараларды айқындау" жүктелді. Бұған қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов басқарған Білім және ғылым министрлігі жауапты болды.  

Жаңа Парламенттің жұмсақ креслосына жайғасқан Аймағамбетов тынысы тарылған қазақ тіліне қатысты ауыр мұраны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке табыстап кетті. Оның да тіл проблемаларын еңсеріп жатқаны шамалы. Мысалы, былтырдан бері қоғамда, сарапшылар арасында, университеттердегі ғалымдар мен шәкірттер ортасында талқылай-талқылай әбден тозығы жеткен "Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының" жобасы сол бойы өмірге жолдама алмады. "Әділет" НҚА-лардың ақпараттық-құқықтық жүйесінде жоқ.

Ана тіліне қатысты шабандық танытқан біздің шенеуніктер көршінің тілін Қазақстанда дамытуда шапшаңдықты паш етуде. Тоқпағы мықты болса керек. Жолдауды жете орындамаған олар тіршілік нышанын танытпайтын ТМД ұйымының тапсырмасын орындауда қайран қалдырарлық қарым мен қайрат көрсетіп жатыр. 

"Қазақстан Президентінің "Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы" жарлығының жобасы "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" заңының 5-бабына сәйкес әзірленді. Осы жарлық жобасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекеттер басшылары кеңесінің 2022 жылғы 14 қазандағы шешімін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін Қазақстан республикасының атынан қол қойылатын Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шарттың жобасы қарастырылған", – деп жазады Премьер-Министр Әлихан Смайылов Президент Қ.Тоқаевқа түсіндірме жазбасында.

Өз кезегінде ғылым министрі орыс тілін тек Қазақстанда ғана емес, посткеңестік кеңістікте ілгерілету және қолдау үшін Қазақстан бюджетінен қомақты қаржы шығындау қажет болатынын ескертті.

"Жобаны іске асыру ратификациялау рәсімі өткізілгеннен кейін мемлекеттік бюджеттен қаражатты талап етеді", – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Бірақ халықаралық деңгейде орыс тілінің өрісін кеңейтуге, сонымен айналысатын жеке ұйымды ұстап тұруға Қазақстанның қанша қаржы төгетінін нақтыламады. 

Орыс тілін дамытатын ұйымға жаңа Парламент алда батасын бермек: Мәжіліс ратификацияламаса, келісім күшіне ене алмайды. Жаңа депутаттар сонда азуын көрсете ала ма, әлде "құлдық" дей ме? 

Үкіметтің түсіндіруінше, орыс тілін ілгерілетуге және қолдауға жауапты ұйымды құрудағы мақсат – орыс тілін "мемлекетаралық қатынас тілі және коммуникация құралы ретінде" күшейту, осы мақсатта ТМД елдерінің ынтымақтастығын нығайту болып табылады.  

Жалпы, ТМД аясында 2023 жыл "Ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі орыс тілінің жылы" деп жарияланған болатын. Ал мына халықаралық ұйым құрылған соң біздің аймақтағы әр жыл соның жылы болатынға ұқсайды.

Соған қарағанда қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде дамыту идеясы жайына қалғанға ұқсайды. 

Осы орайда қазақ қоғамының түңілуі де күшейе бастағаны аңғарылады. Көңілі қалған жұрттың күрсінісі тіпті билік қабырғаларынан естіле бастады. Мысалы, Парламент депутаты Ринат Зайытов орыс тілі мен әдебиеті сабағын қойып, алдымен Қазақ әдебиетін дамытып алуды ұсынды. Бірақ Ринат бұл ұсынысын Мәжіліс отырысында, Үкіметке емес, одан шығып кеткен соң, залда тұрған журналистерге айтты. 

"Неге бізде қазақ әдебиеті сағатынан орыс тілі, әдебиетінің сағаты көп?" деген сұрақты Оқу-ағарту министрлігіне қоямын. Мұны бір жүйеге келтіру керек. Неге біздің балалар орыс тілі әдебиетін оқуы керек? Ол Кеңес үкіметі кезінде маңызды болған шығар. Ал заманның кең шағында, барлық әлем әдебиетімен танысуға мүмкіндік бар кезде, біз міндеттеп, "тек орыс әдебиетін оқисыңдар" деп айта алмаймыз. Басқа елдің әдебиетін ұрпақтың санасына сіңіру – қате. Бірінші кезекте өзіміздің қазақ әдебиетін дамытып алуымыз керек", – деді депутат.

Осының алдында қоғам қайраткері Тоғжан Қожалы: "Ресей құлдарын дайындап жатырмыз ба?" деп министрге ауыр сауал жолдады. 

"Білім министріне сұрақ: Біз кімбіз? Біз кімді дайындап жатырмыз? Қайтадан Ресейдің "құлдарын" дайындап жатырмыз ба? Әлде Қазақстан азаматтарын ба? Орыс сыныбындағы оқушының 95%-ы қазақ. Оқу бағдарламасын өзгерту керек. Орыс әдебиеті пәнінің орнына әлем әдебиетін енгізуді ұсынамын", – деп жазды Facebook парақшасында Тоғжан Қожалы. 

Алайда қысым артқан соң, артынша бұл жазбасын өшіріп тастап, орыс тілінде жұмсартып, түсініктеме жазды. 

"Оқытудың міндетті бағдарламасының кестесін қайта қарау керек деген ой бар. Мысалы, 6-шы сынып бойынша мемлекеттік стандартқа сәйкес, орыс тілі мен әбебиетіне 130 сағат бөлінген. Ал қазақ тілі мен әдебиетіне одан екі еседен аз, 64 сағат бөлінген. Тіпті ағылшын тіліне 86 сабақ арналады. Тағы бір сұрақ: неге орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі орыс тіліне қарағанда анағұрлым аз оқытылады? Біздің мақсат – орыстілді балалардың қазақ тілін үйреніп шығуы емес пе? Салдарынан, орысша не аралас мектептерді бітіргендер қазақ тілін жөнді білмейді. Тіпті бала тілді үйренуге құлшынып тұрса да, сабақтардың аздығынан оны үйрене алмайды. Қазақ тілі мен ағылшын тілі сағаттарын ұлғайту керек!" – деді қоғам қайраткері.

Сарапшылар бір жайтқа назар аудартады: жасыратыны жоқ, мұның бәрі алдымен Білім және ғылым, соңынан Оқу-ағарту министрі ретінде білім саласын біраз жыл басқарған Асхат Аймағамбетов тұсында жасалған реформалардың салдары. Жаңа министрдің де оны түзеуге жанұшыра ұмтылғаны байқалмайды.

Экс-депутат, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мемлекеттік тілді оқыту саласын дағдарыс жайлағанына назар аудартты.

"Мектеп жүйесінде де, университеттерде де "Қазақ әдебиеті" мен "Қазақ тілі" пәнінің классикалық бағыттары, бөлімдері жеке-дара өтпей, табиғаты будан, дүбәра дүниеге айналғанын мамандар талай рет көтерді. Бірақ нәтиже жоқ. Таяуда бір ата-ана 25 жылдай бұрын өзі оқыған "Қазақ әдебиеті" оқулығы мен бүгін баласы оқып жатқан оқулықты салыстырып көрсетті. Бүгінгі 7–8 сынып материалы бұрынғы бастауыш мектеп деңгейіндей-ақ болып тұр. Қазақ классиктерінен біреуі де жоқ, жай ғана танымдық нәрселер", – дейді Д.Мыңбай.

Қазақ тілінің қадірі болмаған соң қазақтардың қадірі де болмайды. Мысалы, әлеуметтік желіде елдің бас қаласы Астананың өзінде болған жан түршіктірер оқиға қоғамдық резонанс тудырып жатыр. Ел куә болған оқиғаларымен бөлісетін Аstana_people инстаграм-парақшасында жарияланған видеода әлдебір әйелдің баласымен бірге қарияны ұрып жатқаны бейнеленген. Куәгерлер түсірген видеода әйел әбден абдыраған қазақ ақсақалын кеңес кезінен бері келе жатқан ұлтымызды қорлайтын небір былапыт сөзбен балағаттап, жерден алып, жерге салуда. Шешесінен шовинистік тәрбие алса керек, осы кезде он жастың айналасындағы баласы қарияны ұрып жатты.

"Өтінемін, жариялаңыздаршы, мұндайға көз жұма қарауға болмайды. Бүгін аялдамада атаны ұрып-соғып, үсті басына түкіріп кетті. Атай аялдамадағы орындықтың шетіне жайғасу үшін әйелі мен оның баласынан сәл ысырылуды сұрапты. Сол үшін жақпай қалған. Әйел қазақтарды қалай жек көретінін барынша білдіріп, ауыр сөздерді айғайлаумен болды", – деп жазады әлеуметтік желіде куәгерлер. 

Liter.kz басылымының жазуынша, пікір білдірген қазақстандықтар халық арасына іріткі салып, тағы бірдеңені бүлдірмей тұрғанда, ол әйелді тауып, жазалауды, Ресей паспорты болса, көрші елге депортациялауды талап етуде.  

Қазақ тілі сияқты, өз елінде қадірі қашқан қазақ қариясының күйі де сондай аянышты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу