Испания Ла Лигасының 2025/2026 жылғы маусымындағы 25-тур аясында "Осасуна" мен мадридтік "Реал" командалары арасында матч өтті.
Кездесу Испанияның Памплона қаласындағы "Эль-Садар" стадионында ұйымдастырылды. Ойынның бас төрешісі қызметін Уэльва қаласынан келген Алехандро Кинтеро Гонсалес атқарды. Матчта алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудегі алғашқы голды "Осасунаның" шабуылшысы Анте Будимир 38-минутта пенальтиден соқты. 73-минутта "Реалдың" вингері Винисиус Жуниор есепті теңестірді. Алайда 90-минутта Раульдің дәл соққысы алаң иелеріне жеңіс сыйлап, ойынның қорытынды есебін 2:1 етіп белгіледі.
Осылайша "Реал" соңғы 15 жылда алғаш рет "Осасунадан" жеңілді. Сондай-ақ, мадридтік клуб 12 қаңтарда команданы тізгіндеген Альваро Арбелоаның жетекшілігімен Испания чемпионатындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.
"Осасунамен" өткен ойынға дейін "Реал" чемпионатта қатарынан 8 жеңіс тіркеген еді.
25 турдан кейін мадридтік "Реал" 60 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастап тұр. "Осасуна" 33 ұпаймен 9-орында орналасқан.
Келесі турда "Реал" 2 наурыз күні өз алаңында "Хетафемен" кездессе, "Осасуна" бір күн бұрын сырт алаңда "Валенсияға" қарсы ойнайды.