Өсімпұл өтелмейді

5232

Ипотекалық қарызын 180 күннен артық уақыт төлей алмаған азаматтардан артық ақша алынбайды.

Өсімпұл өтелмейді

Былтыр 16 шілдеде екінші деңгейлі банктерге ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін комиссия алуға тыйым салған Ұлттық банк биыл 2 ақпаннан бастап ипотекалық қарыздың төлемін межелі мерзімінен 180 күннен артық уақыт кешіктірген азаматтардан өсімпұл алуға шектеу қоймақшы.

Бұл – ипотекалық қарызының ай сайынғы төлемін дер кезінде өтей алмаған азаматтар 180 күннің ғана өсімпұлын төлейді, одан кейінгі уақытқа өсімпұл жүрмейді деген сөз.

Қаржы реттеушісі бұл қадамға қарыз алу және оған қызмет көрсету кезінде қарыз алушылардың шығыстарын қысқарту үшін барып отыр.

Бұған дейін екінші деңгейлі банктер ипотекалық қарызын уақытында жаба алмаған азаматтардың негізгі қарызына өсімпұлды күн сайын қоса беретін.

Айта кетейік, биыл 21 қаңтарда президент "Меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Осы заң заң аясында банктердің қос комиссия алуына тыйым салуды белгілейтін "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңға өзгеріс енгізілді. Яғни банктік есепшотты жүргізгені үшін және осындай шотты ашқан кезде қарыз бергені үшін комиссия алуға тыйым салынды.

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі: "Кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес барлық жеке тұлғаларға қатысты қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банк шотын жүргізгені үшін, сондай-ақ банк шотына қарызды есепке алу үшін комиссияларды жою туралы норма Мәжіліс қарауындағы Заң жобасында қамтылған", – деп хабарлады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу