ОСК Жамбыл Ахметбековті президенттікке кандидат ретінде тіркеді

2145

Сенім білдірілген адамдар Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 қол жинады.

ОСК Жамбыл Ахметбековті  президенттікке кандидат ретінде тіркеді

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК ) 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Жамбыл Ахметбековты кандидат ретінде тіркеп, тиісті куәлігін табыс етті.  

Осыған орай қабылданған қаулыда: "Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін. Ахметбеков Жамбыл Аужанұлына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың куәлігі берілсін. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы аппаратының бюджетті жоспарлау және атқару бөлімі "Қазақстан Халық жинақ банкі" акционерлік қоғамына арнаулы уақытша шот ашу үшін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Ахметбеков Жамбыл Аужанұлының тіркелгені туралы мәліметтерді ұсынсын. БАҚ-та Ахметбеков Жамбыл Аужанұлының ҚР Президенттігіне кандидат болып тіркелгені туралы хабар жариялансын!" – деп жазылды.

ҚР Президенттігіне  кандидат Жамбыл Ахметбековтың сенім білдірген адамдары Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 қол жинаған. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың мәлімдеуінше, 135 506 қол қою парағы жарамды деп табылған.

Оның сөзінше, Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдау үшін дұрыс қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрауға тиіс.

"Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін Президенттікке кандидат Ахметбеков Жамбыл Аужанұлының кірістері мен мүлкi жөнінде декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кірістер органының анықтамасы; Президенттікке кандидат Ахметбеков Жамбыл Аужанұлының оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Ахметбеков Жамбыл Аужанұлын қолдап, қол қойған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсынылды.  Ахметбеков Жамбыл Аужанұлын Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талапқа толық сәйкес келді", – деді ол.

Естеріңізге салайық, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбеков осыған дейін ОСК қаулысымен ҚР Конституциясының және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заң талаптарына сай деп танылды. Ал лингвистикалық комиссия мүшелері бірауыздан Жамбыл Ахметбеков мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешім шығарды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу