Оскар Родригес "Мон-Ванту Челленджде" 2-орынға ие болды

1397

Оскар Родригес Францияның Прованс аймағында аты аңызға айналған Ванту тауында аяқталған "Мон-Ванту Челлендж" беделді біркүндік жарысында екінші орынға ие болып, өзінің "таулы аймақтың" мықты шабандозы екенін дәлелдеді.

Оскар Родригес "Мон-Ванту Челленджде" 2-орынға ие болды

Astana - Premier Tech шабандозы мәреге 7 шақырымдай қалғанда қуғыншылардың шағын тобынан жойқын қарсы шабуыл жасап, бұрын шабуылдаған Мигель Анхель Лопестің ізіне түсіп, нәтижесінде сайыста жеңіске жетті.

Шыңға дейін 4 шақырым қалғанда испаниялық Энрик Мас Родригесті қуып жетті. Бірақ финиште қазақстандық-канадалық команданың шабандозы мықты болып шықты. Ол жеңімпаздан 2 минут 26 секунд өткен соң жарысты аятап, екінші орынға ие болды.  

"Бүгінгі көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Өйткені бұл жарыста бар күшімді салдым. Мигель Анхель Лопестің жанында жеңіс тұғырында тұру - бұл үлкен жетістік. Ол нағыз чемпион және қазір "Тур де Франс" алдында оның бабы өте жақсы. Сондықтан одан кейін екінші нәтиже көрсету жақсы көрсеткіш. Команда бүгін тамаша өнер көрсетті және мен басқа фавориттермен қатар жүруге тырыстым. Содан кейін шабуылдап, жеке дара алға оздым. Менің ойымша, бұл жақсы серпіліс болды. Кейінірек Энрик Мас мені қуып жетті. Бірақ соңғы шақырымда шабуылдап, екінші орынға ие болуға ​​күшім жеткілікті болды. Глеб Брусенскийдің жарыс кезінде құлап қалғанын білемін. Қазір ол ауруханада тексеруден өтіп жатыр. Глебке тез сауығып кетуін тілеймін және оны келесі веложарыс - "Окситания турында" көремін деп үміттенемін", - деді Оскар Родригес.

Былтыр Александр Власов жеңімпаз атанған жарыс Везон-ла-Ромен қаласынан басталды. Жарыс басталған соң көп ұзамай көшбасшы топ құрылды. Бірақ пелотон қашқындарды бақылауда ұстады және оларды Монт-Ванту тауының етегінде кейінгі топ қуып жетті.

Жарыс жолының соңғы 15 шақырымында фавориттердің шағын тобы ғана қалды. Олардың арасында Astana – Premier Tech шабандоздары Мерхави Кудус пен Оскар Родригес бар болатын. Мәреге 12 шақырым қалғанда Лопес жекелей шабуыл жасады және қарсыластарының ешқайсысы бұл шабуылға жауап бере алмады.

Кейін Кудус фавориттер қатарынан қалып, өз қарқынымен жүріп отыруға мәжбүр болды. Ал Оскар Родригес өте белсенді өнер көрсетті. Алдыңғы қатарда көп жұмыс істеп, қарсыластарының шабуылдарын бақылап отырды. Шыңға жеті шақырымдай қалғанда Родригеске Лопестің артынан қарсы шабуылға шығудың тамаша сәті түсті. Көшбасшыны қуып жету мүмкін болмады. Бірақ бұл қарсы шабуыл Astana - Premier Tech шабандозына жүлделі екінші орынды иеленуге мүмкіндік берді.

Глеб Брусенский құлди жолында шабандоздар қақтығысына тап болды. Алғашқы ақпарат бойынша шабандоз ауыр жарақат алмаған. Алайда жарыстан кейін ол ауруханаға медициналық тексеруден өтуге жіберілген. Команда жақын арада шабандоздың денсаулығы туралы хабар беретін болады.

"Біз бұл жарыс жолына екі көшбасшы - Мерхави Кудус пен Оскар Родригеспен шықтық. Бұл Мерхави үшін ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жарыс болғанымен, Оскар "Критериум дю Дофинеге" қатысып, бабының өте жақсы екенін көрсетті. Сондықтан біз одан жоғары нәтиже үшін бәсекеге түсе алады деп күттік. Бұл жарысты және осы тауды жақсы білеміз. Өйткені былтыр осында Александр Власов бізге жеңіс сыйлаған. Расымен де, Мигель Анхель Лопес "Дофинеден" кейін басты фаворит болып саналды. Сондықтан біздің жоспарымыз оның шабуылдарын қадағалап, оған барынша жақын жүруге тырысу болатын. Команда бірінші айналымда және Мон-Вантуға бастайтын алғашқы асу жолында жақсы жұмыс жасады. Бірақ финалда Оскар мықтылардың қасында болып, қажетті сәтте шабуылдаумен өзін өте жақсы көрсетті. Әрине, бүгін жеңіске жетсем керемет болар еді. Бірақ бұл жарыста Лопес ең мықты болды. Соған қарамастан, біз Оскар Родригестің осындай керемет өнеріне өте қуаныштымыз және бұл жүлде бізді "Окситания туры" алдында жігерлендіреді", - деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу