Өскемен әкімдігі Киров ескерткішінің орнына Қ.Қайсеновтің ескерткішін орнатуға қаржы таппай отыр

3600

Идеологияға жат ескерткіш заңмен қорғалатын нысандар тізімінен шығарылады. 

Өскемен әкімдігі Киров ескерткішінің орнына Қ.Қайсеновтің ескерткішін орнатуға қаржы таппай отыр

Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы тәуелсіз Қазақстан идеологиясына сай келмейтін тағы бір ескерткіш "ескірген ескерткіштердің зиратына" көшірілмек, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде "Алтай асуы" қоғамдық ұйымының өкілі Түсіпхан Түсіпбеков Өскемен қаласындағы "Жастар" саябағында тұрған Сергей Кировтың ескерткіші мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгенін жазып, мәселе көтерген болатын. Бұған дейін жергілікті зиялы қауым өкілдері Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, Халық Қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсеновтің жанармай стансасының бұрышында тұрған мүсіні өңделіп, осы Кировтың орнын басатынын айтып, қаладағы ең көрнекі орындардың бірін сыртынан меншіктеп жүрген. Сондықтан тұрғындардың бір бөлігі Түсіпхан Түсіпбековтің жазбасына елеңдей қарады. Әсіресе 2018 жылдан бері осы мәселенің соңына шам алып түскен "Алтай асуы" ұйымының өкілдері еңбектері еш кеткендей күй кешкен.

Қазақты отарлаушы жүйенің көсемдерінің бірі саналатын Сергей Кировтың ескерткішін Өскеменнің ортасынан алуға қарсы топтың жымысқы әрекеті жергілікті ұраншыл ұлтшылдардың ісіне қарағанда тиімді болған-ау деген ой келген.

Сергей Кировтың ескерткішін облыстық ескерткіштер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдауға қандай себеп негіз болды? Бұл ескерткішті арнайы тізімге енгізу арқылы кімдерден және неден қорғау көзделіп отыр? Мұндай шешім қандай жиынның қорытындысы бойынша шығарылған? Жалпы ондай ұсынысты кім жолдап жүр?

Осы сауалдарға жауап алу үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің атына сауал жолдағанбыз. Ол сауалға "Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесі" дейтін  облыстық мәдениет басқармасына қарасты коммуналдық мекеменің директоры Талғат Сүлейменовтің қолы қойылған жауап келді.

Хатта Сергей Кировтың ескерткіші Совет заманынан бері мемлекеттің қорғауынан шығарылмағаны айтылған. Яғни, осыған дейін бұл ескерткіш тәуелсіз Қазақстан идеологиясына сай келмейтін болса да, мемлекет есебінен қорғалып күтіп ұсталып келген.

"Тарихи мәліметтер бойынша, С.М.Киров ескерткіші қалалық атқару комитетінің тапсырысы бойынша 1938 жылы салынып, кеңес үкіметі кезіндегі атқарушы органның шешімімен қала құрылысы және сәулет өнер туындысы ретінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Сондықтан ескерткішті тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізу себептері туралы және ұсыныс жасаған адамдар, лауазымды тұлғалар немесе ұйымдар туралы архивтік ақпарат жоқ.Қолданыстағы заң бойынша тарихи-мәдени мұра объектілері республикалық немесе жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген күннен бастап, мiндеттi түрде қорғалуға және сақталуға жатады. Сол себепті С.М. Киров ескерткіші заңанама талаптарына сәйкес қорғалады", - деп жазылған жауапта.

Мекеме директоры Өскемендегі "Жастар" саябағындағы Киров ескерткішінің орнына Қасым Қайсеновтың ескерткішін қою туралы мәселе 2018 жылғы 17 мамырдағы Шығыс Қазақстан облысының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында қарастырылып, оң шешім тапқанын растап отыр. Бірақ сол шешімді уақтылы орындауға қаржы тапшылығы қолбайлау болған-мыс.

"Бұл іс шараларды өткізу белгілі бір уақыт пен қаржылық шығындарды талап етеді. С.М.Киров ескерткішін "ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорық" КМҚК аумағына көшіру мәселесі бойынша Өскемен қаласы әкімдігі тиісті жұмыстар атқарып жатыр", - деп жазады Талғат Сүлейменов

Жауап иесінің айтып отырғаны – Ертіс өзенінің сол жағалауындағы  этнографиялық саябақ. Бердібек Сапарбаев облысты басқарып тұрғанда Лениннің Шығыстағы бүкіл ескерткіштерін жинап, сол саябақтың бір бұрышына тізіп тастағаны бар. Жергілікті жұрт ол бұрышты "ескерткіштер зираты" деп те атайды.

Сол ескірген ескерткіштердің қатарына енді Киров барып қонжияды деген сөз.

Жауапта айтылған мәліметке сенсек, Киров ескерткіші мемлекеттің қорғауынан шығарылмақ.  Қазір осы мәселені заң аясында шешудің жолдары пысықталып жатқан көрінеді.

"Ескерткіштердің архитектуралық, идеологиялық, эстетикалық мазмұнын анықтау мәселесі тарих және мәдениет ескерткіштері жөніндегі арнайы комиссияда қаралады. Бүгінде С.М.Киров ескерткішін мәртебесінен айыру және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығару үшін аталған арнайы комиссияның қарауына ұсыну үшін заңнама талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда", - деп жазады Талғат Сүлейменов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу