Өскемен тұрғындары құрылыс компаниясынан 300 млн теңге өндіріп алды

2298

2018 жылы Күленов шағын ауданында "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша тоғыз қабатты үй пайдалануға берілген болатын. Көп ұзамай аталған үйдің қабырғасы қарс айырылып, қаңылтыры жалбырап, желге ұшқан. 

Өскемен тұрғындары құрылыс компаниясынан 300 млн теңге өндіріп алды

Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 14-үйдің тұрғындары осыған дейін құрылыстың сапасыздығын айтып, талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ жауаптылар "Әне істейміз, міне істейміз" деп шығарып салған. 

Былтыр аталған үйдің қаңылтыр қаптамасы құлап, шатырынан су ағып, құбырлары жарылып тұрғындардың мазасын алған. Одан бөлек үй ішіндегі қабырғаларды қырау басып, жел үрлеген. 

Айта кетейік, 2019 жылы құрылыс "Бәйтерек девелопмент" АҚ меншігіне өткен. Кейін бұл компания "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ (ҚЖК) құрамына қосылу арқылы, өз қызметін тоқтатқан болатын. 

Баспана алу үшін несиеге белшеден батқан үй иелері шарасыздықтан Шығыс Қазақстан облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен көмек сұраған. Департамент 2022 жылы "Аманат" тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, тоғыз қабатты тұрғын үй иелерінің мүддесін көздеп, Өскемен қалалық сотына "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ-ның үстінен талап арыз жолдаған.

– Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңында әрбір тұтынушының сапалы тауар алуға құқығы бар екені айтылған. Осыған сай, біз пәтерлерді сапасыз тауарға жатқыздық. Бірнеше сот процедуралары болды, біз талап арыздарды бірнеше рет өзгерттік, – дейді ШҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау депаратментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы. 

Әділдік іздеген тұрғындар мердігерден құрылысқа қатысты кемшіліктерді қайта қалпына келтіруді талап еткен. Ол талаптары да мақұлданыпты. 

– Кейін үй тұрғындары, "Аманат" ҚБ мен "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ арасында медиациялық келісім жасалып, тұрғындар арнайы шот ашуға тиіс болды. Яғни бұл шот – мақсатты түрде ашылған есепшот. Өткен аптада бұл есепшотқа 308 000 017 теңге көлемінде қаражат түсті, – дейді Қанат Жеңісбекұлы. 

Дегенмен "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ әлі де барлық шағымдар авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асырған компанияларға жіберу керек деп есептейді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Өскеменде жаңа салынған үйлердің қаңылтыр қаптамасы құлап, қабырғалары жарылып, төбесінен су аққан жағдайлар жиілеп кеткен. Мысалы былтырдың өзінде-ақ, Есенберлин 4/2 және Әл-Фараби көшесі 32-ші үйдің төбесінен су ақса, Есенберлин көшесі 10/1 үйінің қабырғасын жел ұшырған. Ал Есенберлин көшесі 31/2 үйдің қабырғасы жарылып кеткен болатын. 

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу