Өскеменде адамдар тұрып жатқан үйдің төбесіне мердігер бетон құйып жатыр

2131

2019 жылы пайдалануға берілген нысанның төбесінен су ағып, тұрғындардың мазасын қашырған. 

Өскеменде адамдар тұрып жатқан үйдің төбесіне мердігер бетон құйып жатыр

Өскеменде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен салынған бес қабатты үйдің сапасы сын көтермейді. 

Ілияс Есенберлин даңғылының бойында орналасқан 31/4 үйдің құрылысын аяқтап, кілті табысталған сәтте, үй иелері қатты қуанғандарын айтады. Өкінішке қарай, біраз уақыт өткеннен кейін, толқыған қуаныштары су сепкендей басылған. 

"Жаңбыр жауса, үйіміздің төбесінен сорғалап су ағады. Төбесі дұрыс жабылмаған. Сүле-сапа істеген. Оның үстіне су құбыры мен кәріз жүйесі дұрыс емес. Жобаға сай салынбаған. Оны тексеру барысында анықтадық. Сонда құрылысты қалай қабылдап алған? Осыған дейін ат ізін салмаған мердігер мәселені көтеріп, жан-жаққа жаза бастағанымызда жетіп келді. Жұмысты сапалы істеулерін талап етеміз", – дейді аталған үйдің тұрғыны Мөлдір Сасенова. 

Тұрғындардың айтуынша, аталған үйді ТОО "Алтайстрой" құрылыс компаниясы мен қосалқы үш мердігер салыпты.   

"Үйді 2019 жылы пайдалануға берген. Өскемен қаласының құрылыс бөлімі қабылдап алған. Үйді қабылдап алғандағы комиссия мүшелері әкімшілік, құрылыс бөлімі, авторлық құқықты қадағалау, техникалық қадағалау және мердігердің өзі болған. Бірақ бас мердігердің кім екенін олар бізден жасырып отыр. Біз егов сайтына өтініш бергенбіз, құрылыс жобасын таппады. 1414-ке хабарлассақ, олар "бұл жерде мұндай жоба жоқ, бұл жобаны таба алмаймыз" деп отыр. 2020 жылдың қысында барлық тұрғындар көшіп келді. Үйге көшіп кірген сәттен бастап, түрлі келеңсіздіктер пайда бола бастады", – дейді осы үй тұрғыны Таңгүл Матаева. 

Тұрғындар мердігерге мәселені айтқанымен, мердігер ешқандай құқықбұзушылықтың болмағанын айтып жолға салған. 

"Біз мердігерге осы шағымдарды бірнеше рет айтқанда, ол бізге "бұл үй жоба бойынша салынды, ешқандай құқықбұзушылық жоқ" деп  жауап берді. Қалалық құрылыс бөлімі бұл жағдайға бей-жай қарап, немқұрайлылық танытты. Мердігер бізді алдап, сол күйі жобаның сызбасын көрсетпеді. Қазір бұл жағдай барлық әлеуметтік желіде тарай бастағанда, біздің шағымдарымыздан кейін антикор келді. Бірақ біз әлі шағым жазбадық", – дейді Таңгүл Матаева.

Құрылысты жүргізу барысында "ешқандай заңсыздыққа жол бермедік" деген мердігер мәселе әлеуметтік желіде желдей ескеннен кейін, 24 сағат ішінде бүкіл техника мен жұмысшыларын жұмысқа тартқан. Тұрғындар тұрып жатса да ауыр техникамен бесінші қабатқа құрылыс материалдарын шығарып, төбеге бетон құя бастаған.

 

"Адамдардың үстінен үлкен темірлерді көтеріп шатырға салды. Оның үстіне кешке бір камаз цемент әкеліп, бірінші қабаттан, бесінші қабатқа дейін үлкен құбыр орнатып, шатырға бетон құя бастады. Бұл жерде үйдің төбесінде бетон жоқ, құйылмаған. Бұлар кеше темірлерін орнатты, бүгін бетон құйып жатыр. 50-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Құм әкелді, оны есіктің алдына төгіп тастады. Ертең бетонды құйып, өз қылмыстарын жауып тастамақшы. Бұл жерде жемқорлықтың орын алғаны көрініп тұр", – дейді Таңгүл Матаева.

Осы жағдайдан кейін, тұрғындар өз іштерінен бақылау тобын құрып, мердігердің жұмысын қадағалаған. 

Тұрғындар жаңа үйдің сапасын терезелерінің жақтауына салған қаңылтырдан да көруге болатынын айтты. Сөздеріне сүйенсек, желмен бірге желбіреп тұр.

Жұмысшылар шатырдағы су кірген жапсарларын жабысқыш лентамен жабыстырып, "Құдағи кеткенше" әдісімен істеп жатыр екен. 

Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен, Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің сайтында көрсетілген байланыс нөмеріне хабарласып едік, нөмері тіркелмеген болып шықты. Аталған мекеменің тұрғындармен "Ашық әкімдік" жобасын қалай жүзеге асырып жатқанын түсінбедік. 

Осы орайда тұрғындар арқылы құрылыс басында жүрген құрылыс бөлімінің бас маманымен тілдестік. 

"Тұрғын үйді "Алтайстрой" құрылыс компаниясы салған. Үй 2019 жылы кезекте тұрғандарға берілді. Тұрғындардан шағымдар түсті. Сол бойынша, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Су аққан жерлерді қайта бітеп, төбесіне бетон құйып жатырмыз. Мердігер құрылысты салғаннан кейін, 3 жыл ішінде ақау шықса, қайта жөндеуге міндеттелген", – дейді қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Жомарт Жанболатұлы. 

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу