"Ауа ластаушыны ауыздықта" акциясына белсенді қатысқан тұрғындар Өскемендегі бірнеше кәсіпорынның жұмысына шағым түсірген болатын. Сол шағымдар негізінде облыстық экология департаменті "Элхон" ЖШС мен "Авто-Шах" автосервис орталығына тексеру жүргізген.
"Қыркүйекте экологтар шектен тыс түтіндеткен жылу қазандықтары мен кәсіпорындарды анықтау үшін "Ауа ластаушыны ауыздықта" атты акция жариялаған болатын. Сол акция аясында екі кәсіпорынды тексеру жұмыстары аяқталды. Тексеру нәтижесінде "Элхон" ЖШС асфальт-бетон қондырғысына сүзгіш қалта орнатты. Аталмыш құрал қондырғыдан шығатын улы түтіннің қоршаған ортаға әсерін бәсеңдетеді. Шаң мен газ тұтқыш құрылғыны қолданудың талаптарын бұзғаны үшін кәсіпорын иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Ал анықталған кемшілікті жоюға уақыт белгіленді", – дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Елена Полянцева.
Ал "Авто-Шах" кәсіпорны уақытша жұмысын тоқтатты. Автосервис орталығы экологиялық заңнаманы белден басып жұмыс істегені анықталып отыр.
"Тексеру кезінде мамандар кәсіпорынның техникалық жобаға сай жұмыс істемегенін анықтады. Орталық иесі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 332-бабы бойынша жауапқа тартылды. Ауаға өндірістік шығарындыларды рұқсатсыз шығару арқылы кәсіпорын қоршаған ортаға зиян келтірген. Тексеру материалдары Өскемен қаласының ішкі істер басқармасына жолданды. Полиция компания басшылығының әрекетіндегі қылмыс мөлшерін анықтауға тиіс",– дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы.
Оның айтуынша, тағы бірнеше шағын кәсіпорын осындай тексеруден өтеді. Атап айтсақ, "Өскемен май зауыты" мен Аурматура зауыты аймағындағы тас ұнтақтайтын шағын цехтың жұмысына халық шағымданған көрінеді.
"Қала тұрғындары бұл акцияға белсенді қатысып, нақты мәліметтер ұсына алды. Қала экологиясына бейжай қарамай, қырағылық танытқандары үшін алғыс айтқымыз келеді. Тұрғындардың бұл тұрғыдағы шағымдары үнемі экологтардың жіті назарында болады", – дейді Елена Полянцева.
Есімжан Нақтыбайұлы