Өскеменде көктайғаққа қарсы көшеге шашылатын қоспа талапқа сай болмай шықты

1243

Техникалық тұзды шамадан тыс пайдалану экологияға зиянын тигізеді.

Өскеменде көктайғаққа қарсы көшеге шашылатын қоспа талапқа сай болмай шықты Фото: Интернет желісінен

Өскеменде көктайғаққа қарсы көшеге шашылатын қоспадағы техникалық тұзды пайдалануға шектеу қойылатын болды. Экологтары тұрғындардың шағымынан соң осындай шешім қабылдау керектігін айтты.

Өскемен қаласының тұрғындары көшеге көктайғақ кезінде шашылатын қоспадан аяқ киім мен көлік дөңгелегі бүлініп жатқанына шағымданған болатын.

Қала тұрғындарының шағымынан кейін ШҚО Экология департаменті "Таза Өскемен" кәсіпорнының көктайғаққа қарсы көшеге шашатын қоспасына тексеру жүргізген болатын.

- Алайда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығына сәйкес, көктайғаққа қарсы реагенттердегі құм мен тұздың араласу пайызы 80:20-ны құрауы тиіс. Тексеру кезінде белгілі болғандай, Өскемендегі араласу пайызы – 87,5:12,5. Яғни талапқа сай емес. "Таза Өскемен" кәсіпорнында жолдың тайғақтығын ескере отырып, қоспа дайындаудың да, оны пайдаланудың да ішкі техникалық регламенті жоқ. Бұл жұмыстар кәсіпорын басшылығының немесе инженерлік-техникалық құрамның өз шешімі бойынша жүргізіліп жатыр. Соның салдарынан тұз қоспасын пайдалану есебі де жүргізілмейді, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Экологтардың айтуынша, техникалық тұзды шамадан тыс пайдалану металдардың, аяқ киімнің бұзылуына, топырақтың тұздануына және өсімдіктердің өлуіне әкеп соғады. Сондықтан экология қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нормативтік құжаттарда қоспаның дозасын, құрамын және қолдану әдісін реттеу аса маңызды.

- Өскемен қаласы тұрғындарының шағымы бойынша Экология департаменті қоспаның құрамын, қолданылуын зерттей келе техникалық тұзды пайдалануды шектеу қажеттігі туралы шешім шығарды. Енді үш айдың ішінде техникалық тұзды қолдануды сот тәртібімен шектеу үшін тиісті шаралар қабылданады, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, осыған дейін тұрғындар қала ішіне тайғаққа қарсы шашылған қоспадан кейін қар көпіршіп ерігенін айтқан. 

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу