Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған 40-тан астам үй қаңырап бос тұр. Тіпті көбісінің қабырғалары опырылып, қаңқасы ғана қалған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Қаланың іргесіндегі 22 шағын ауданда осыдан 14 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен 113 үй салынған. 1 және 2 қабатты үйлерді ипотекакалық несие арқылы мұғалім, дәрігер және полицейлерге берген. Ал 40-тан астам үй бос тұр. Себебі баспана сапасы бағасына сай болмаған. Кезінде осы жерде баспана салу үшін бюджеттен 190 млн теңге бөлінген.
Мемлекеттен бөлінген қыруар қаржыға қандай үйлер салынғанын көру үшін ықшам ауданға ат басын бұрдық.
Қаз-қатар салынған үйлерге қалың шөптің арасынан жол тауып барудың өзі мұң.
Көбісінің шатырлар, қабырғалары жоқ, қаңқасы ғана арсиып тұр. Бөлінген қаржы да, салынған құрылыстың материалдары да ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткені көзге анық көрінеді. Әбден тоналған.
"Үйдің сапасы дұрыс болмады ма, ешкім көшіп келмеді. Кейін тозып, тіпті тұруға жарамады. Көбісі өздері үй салып алып жатыр. Ана үйлер тұруға жарамайды. Қабырғалары өте жұқа, біздің жақтың қысына келмейді. Жазда ғана тұруға болады. Қазір ағаш материалдарын елдер тасып әкетіп жатыр. Енді бір-екі жылда орны ғана қалатын сияқты", – дейді қала тұрғыны Ерлан Аманжол.
Бұл үйлердің қабырғалары пенопластан тұрғызылған. Ортасына жылу сақтайтын жұмсақ материалдар қолданған. Тек іргетасын ғана цементтен салған. Адамға пана болмаған үйлерді, дәл қазір құстар паналап жүр.
Тұрғындар болса, бос тұрған үйлерді қайта жөндеп, баспанасы жоқ адамдарға берсе дейді.
"Қазір бұл үйлердің алқам-салқамы шығып, тозып тұр. Әу баста сапалы салу керек еді. Қыруар қаржы желге ұшты. Қаншама адамдар үйсіз-күйсіз жүр. Қайта жөндеп, соларға берсе дұрыс болар еді", – дейді қала тұрғыны Мұратбек Асылғазин.
Аталған мәселе бойынша Өскемен қаласының құрылыс бөліміне барып едік, ондағылар бұл үйлерді "Ертіс" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" мекемесіне өткізгендерін айтады. Ал "Ертіс" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жауап беруден бас тартты.
Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметіне сүйенсек, Қала әкімдігі аяқталмаған тұрғын үйлерді бұзып, олардың орнына жаңаларын тұрғызбақ.