Өскемендіктердің өміріндегі "Өрлеудің" орны

2731

"Өрлеу" бағдарламасымен 124 өскемендікке 29 млн 800 мың теңге көмек көрсетілді.

Өскемендіктердің өміріндегі "Өрлеудің" орны Фото: socialvko.gov.kz

Мемлекет басшысының қолданыстағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру тапсырмасы аясында 2014 жылдан бастап Шығыс Қазақстанда қанатқақты жоба ретінде әлеуметтік мұқтаж топтарды қолдауға және отбасындағы нақты табысты арттыруға бағытталған "Өрлеу" шартты ақшалай көмек бағдарламасы жүзеге асып келеді. Оған өтініш берген азамат жұмыссыз жүрсе немесе бүтіндей бір отбасы, егер отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 60%-ынан кем болса, қатыса алады.

Бүгінгі күні елімізде күнкөрістің ең төменгі деңгейі 23525 теңге болса, оның 60%-ы 14115 теңге. Сондықтан, отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы осы 14115 теңгеден аз болған жағдайда "Өрлеу" бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Және шартты ақшалай көмек жаңа талап бойынша жарты жылға ғана тағайындалады. Осы мерзім ішінде отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімделуін ұзарту қажет болған және отбасының еңбекке қабілетті мүшелері кәсіптік оқуын аяқтамаған немесе жастар практикасынан өткен және әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыспен қамтылған жағдайда, оны қосымша 6 айға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастарылған.

"Бұл бағдарлама жұмыссыз адамдарға бағытталған. Жұмыссыз жандарды жұмысқа тұрғызып, сол арқылы отбасының белсенділігін арттыру – басты мақсат. "Өрлеу" бағдарламасының кеңесшілері адамдарға бағдарламаның шарттарын түсіндіріп, қиын жағдайдан шығудың жолдарын белгілейді. Әрі қатысушылар міндетті түрде жұмысқа орналасамын, тұрмысымды түзеуге әрекет етемін деген әлеуметтік келісімшарттың міндеттемелерін орындауға кепілдік берген жағдайда құжаттарын қабылдайды және учаскелік комиссияға өткізеді.

Учаскелік комиссия өтініш білдірген адамның тұрғылықты мекен-жайына барып тексеріп, көрсеткен деректерінің қаншалықты шындықпен жанасатынын жазып алып келеді. Және осы жұмыспен қамту орталығының мамандары отбасылық деректерді бағдарламаға кіргізіп, "Өрлеу" бағдарламасымен шартты ақшалай көмек тағайындалады", – дейді Өскемен қалалық жұмыспен қамту бөлімінің әлеуметтік жұмыс бойынша кеңесшісі Диляра Қабышева.

Жаңа бағдарламаның көмегімен осы уақытқа дейін Өскемен шаһарында 124 отбасыға (581 адам) 29 млн 800 мың теңге шартты ақшалай көмек алған.

7 баласы бар Гүлжан мен Саян Әбдірахмановтардың отбасы "Өрлеу" жобасының қатысушысы. Үлкен балалары 8 сыныпта оқыса, кенжесі 7 айлық. Барлығы 9 адам Өскемендегі сайжай білестіктерінің бірінде 5 сотық телімде 1 бөлмелі жер үйде тұрады. Отанасы Гүлжан жұмыссыз, бірақ, "Күміс алқа" иегері ретінде мемлекет беретін төлемақы мен жаңа туған балаларының бір жасқа дейін берілетін ақшасын алып отыр. Отағасы Саян болса, бірер жыл бұрын қаладағы автопарктердің бірінде қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген.

Жұмыс ауыр, жалақысы төмен болған соң, бұл қызметтен кетеді. Содан жұмыссыз қалып, жұмыссыздар қатарына тіркеледі. Биыл наурыз айында жұмыспен қамту орталығына келіп, отбасымен "Өрлеу" бағдарламасына қатысуға өтініш білдірген. Отбасылық жағдайлары ескеріліп жанұядағы адам санына қарай шартты ақшалай көмек тағайындалды. Ал отағасы жұмыспен қамту орталығының көмегімен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, автобусты жалға алып, қазір жолаушы тасымалымен айналысып жүр.

"Осы "Өрлеу" бағдарламасымен берілген ақшаның көмегімен үйімізді кеңейтіп жатырмыз. Қажетті құрылыс материалдарын алдық. Бір бөлменің жанына тағы 1 бөлме қостық. Балаларымыз қуанып жүр. Осындай қолы қысқа адамдарға жақсы көмегін беріп жатқан бағдарламаның барына рахмет. Болашақта жолдасымның тапқан табысын жинап, үйімізді тағы да кеңейтсек, бар арманымыз – сол", – дейді қала тұрғыны Гүлжан Әбдірахманова.

Өскемен шаһарына қарасты 28-аудан, яғни, қалаға іргелес орналасқан Шығыс ауылының тұрғыны Жамалхан Әлімғазы да "Өрлеу" бағдарламасына қатысуға өтініш білдірген азаматтардың бірі. Көп балалы ананың жолдасы және үлкен ұлы жұмыссыз еді. Отбасылық табыс аз болғандықтан, маусым айында жарты жылға әлеуметтік келісім шартқа отырған. Шартты ақшалай көмек ретінде айына 33183 теңге алатын болды.

"Өзіміз 2008 жылы Қытайдан келгенбіз. Қазақстанға 1 баламен оралып, алланың берген сыйы тағы 4 балам дүниеге келді. Соның арқасында балалардың жәрдемақысы және көпбалалы ана ретінде көмек алдық. Жұмыспен қамту орталығына балалардың жәрдемақысына құжат өткізуге келіп, осы "Өрлеу" бағдарламасы туралы естідім. Құжаттарымды өткізіп шартты ақшалай көмек алып жатырмыз. Кеңесшілердің көмегімен жолдасым "Өскемен-Тәртіп" қалалық коммуналды кәсіпорынына 3-дәрежедегі жұмысшы болып орналасты. Ал үлкен ұлым жеке кәсіпкер "Берікболовқа" қоғамдық көліктердің кондукторы болып жұмысқа тұрды. Тұрмысымыз түзеліп келеді", – дейді Шығыс ауылының тұрғыны Жамалхан Әлімғазы.

"Өрлеу" бағдарламасы еліміздегі тағдыры сан қилы азаматтардың өмірдің бір жарқын белесіне өрлеуге қолдау болып келе жатқанын өскемендік Аяулым Разиеваның тағдырына қарап та айтуға болады. Ол көпбалалы отбасыдан шыққандықтан, уақытында жоғары білім алып та үлгермеген. 11 жылдық орта білімімен әр қара жұмыстың басын бір шалып, тұрақты қызмет те таппады. Соның арасында жолдасы Әсетпен тұрмыс құрып, сәбилі болды. Ұлдарын өсіріп, көбінесе үй шаруасымен қазан-ошақтың қасында жүрді. Отағасының табысы жеткілікті болатын. 2 жыл бұрын жолдасы өмірден өтіп, Аяулым Разиева 9 жастағы ұлымен бірге жесір қалған еді.

Қара шаңырақтың жалғыз асыраушысы кеткен соң, жағдай қиындай түсті. Бірақ, далада қалған жоқ. Жолдасының көзі тірісінде сатып алған 1 бөлмелі шағын пәтері бар. Қазір соны пана етіп келеді. Оған қоса, асырушысынан айрылғандықтан, мемлекеттен жәрдемақы алады. 18 жасқа толмаған баласы үшін де жәрдемақы төленетін. Соңғы рет қалалық жұмыспен қамту орталығына баласына жәрдемақы алуға құжаттарын рәсімдеуге келгенде мамандар "Өрлеу" бағдарламасы туралы кеңес береді. Бұл мүмкіндік жайлы естіген ол құжаттарын өткізіп, "Өрлеу" бағдарламасына қатысуға ниет білдіреді. Оған 6283 теңге шартты ақшалай көмек тағайындалды.

"Бұл ақшаның 11 жастағы ұлыма көп көмегі тиіп жатыр. Сол өрлеудің ақшасы есебінен балама ағылшын тілін оқытып жатырмын. Жазда лагерьге жібердім. Сабаққа қажетті оқу құралдарына жұмсап отырмын. Ал өзім, ең бастысы, Өрлеудің арқасында жұмысқа орналастым. Қазір дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. "Өрлеу" бағдарламасы маған көп көмектесті", – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Аяулым Разиева.

Тағдырдың жазғанымен жалғыз қалғандықтан, біраз күйзеліске түскен Аяулым Разиеваның қазір жүзі жайдары. Жұмысқа шығып, елмен араласып, басқа түскен қиындықты ұмытқандай. Өмірге деген құлшынысы оянып, алдына ұлымды өсіріп-жеткізсем деген мақсат қойған.

"Өрлеу" жобасының басты ерекшелігі де осы – адамдардың өмір сүру деңгейін жақсарту, келешекте отбасы мүшелерінің еңбек ету арқылы, немесе кәсіпкерлікпен және ауыл шаруашылығымен айналысып өзін-өзі қамтамасыз етуімен қатар, мақсатқа жетуге кедергі болатын ісаралық әрекетті жоюға бағытталған. Сондықтан, тұрмысын түзеймін деген азаматтар жұмыспен қамту орталығына немесе жергілікті әкімдіктерге өтініш білдірсе болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу