Өскеменнің әкімі Қала күніне қандай тарту жасамақ?

727

Бірнеше жыл бұрын осы аумақ қаланың ескі көшелеріне айналған.

Өскеменнің әкімі Қала күніне қандай тарту жасамақ? Фото: Тілеубек Шаяхмет

Өскемендегі облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы ауданындағы (бұрынғы Металлургтер мәдениет сарайы) тұрғын үйлердің қасбеттері жаңаратын болды. Алдағы тамыз айының соңына дейін арнайы шамдармен жарықтандырылып, түнгі уақытта мүлдем жаңаша кейіпке енбек.

Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлім етті. Жұмыс барысымен танысып шыққан ол ерекше сәндік жобаны Қала күніне тарту ететінін айтты. 

– Бұл ауданда үйлердің қасбеттері жаңартылуда. Біз сондай-ақ ғимараттардың көркем және сәндік түнгі жарықтандырылуын жасағымыз келеді. Мұндай жоба Қазақстан көшесінде іске асырылған. Тиісті жоба қазірдің өзінде бар. Жұмысты маусым айында бастаймыз да, тамыз айында аяқтаймыз. Қазір конкурстық рәсімдер өтеді, мердігер анықталады. Біз бұл шаруаның бәрін Мемлекет басшысы мен аймақ әкімінің облыс орталықтары және оған қарасты елді мекендерді көркейтуге қатысты берген тапсырмаларын орындау аясында іске асырудамыз. Шындығын айтқанда, қаланың тұрғындар саны мол осы ауданында жасалып жатқан өзгерістер мен жаңа жобалар жазғы демалыс маусымында күндіз де, түнде де серуендеп демалу үшін қажет. Бұл Қала күні қарсаңында тұрғындарға үлкен сыйлық болмақ, – деді Жақсылық Омар.

Аталған жұмыстар конкурстық рәсімдер аяқталғаннан кейін бірден басталады. Жоба аясында Назарбаев даңғылы бойындағы алты ғимарат – облыстық Достық үйі, "Сережа" қонақ үйі, аймақтағы басты медиа-холдинг – Shygys Aqparat ЖШС ғимараты, сондай-ақ оған қарама-қарсы үйлер жарықтандырылып, түнгі уақытта жарқырап жайнай түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу