Оспанов оңдырмай жеңіп, Хамитов қапы қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2747

Еліміздің үш спортшысы аралас жекпе-жек түрлерінен Ресейде өткен турнирлерге қатысып, екеуі жеңіске жетті.

Оспанов оңдырмай жеңіп, Хамитов қапы қалды

Әуелі октагонға Қуат Хамитов шықты. "Найман" (сегізбұрыштағы лақап аты) Мәскеу түбіндегі Мытищи қаласында өткен Fight Nights Global промоушені ұйымдастарған турнирге қатысты. Ол онда әзербайжан жігіті Нариман Аббасовпен жекпе-жекке шығып, осы промоушеннің чемпиондық белбеуіне таласты.

Бес раундқа созылған FNG-93 аясындағы жекпе-жектің біріншісінде Қуат басымдық танытты. Қалған төрт раунд тең дәрежеде өтті. Екеуі де бір-бірінен асып түсе алмады. Алайда төрешілер жеңісті Аббасовқа берді. Рас, "Найман" салмағы шектеуден асып кетіп, октагонға шыққанға дейін бір ұпайынан айырылған.

Әрине, Қуат төрешілер шешіміне наразы болды. Ол тіпті жекпе-жек нәтижесіне шағымданатындығын сегізбұрышта тұрып-ақ айтты. Қарсыласынан жеңілмегендігін, тіпті бетіне ешқандай таңба түспегендігін көлденең тартты. Әрі қарай не болары белгісіз, бірақ ресейліктер өз төрешілерінің шешімін өзгертеді дегенге сену қиын.

Ал өткен түнде Мәскеуде "Absolute Championship Akhmat 95" турнирі өтті. Осы кеште Арман Оспанов (9-2) Германияның атынан шыққан Лом-Али Эскиевті (15-5-1) есеңгіретті. Үш раундқа созылуы керек болған жекпе-жек екіншісінде аяқталды. "Сұңқар" қарсыласына ышқына секіріп, басынан тізесімен теуіп, сұлатып салды.

Дәл осы кеште Қазақстан спортшысы Евгений Егембердиев те (10-1) жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Ол ресейлік Батраз Агнаевтан (4-2) басым түсті. Үш раундқа созылуы керек болған жекпе-жектің екіншісінде техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу