Осы аптада көлік иелеріне "күтпеген" айыппұл жазыла бастады

214

Қазақстандықтар дәл осы маусым айында "темір тұлпарларының" дөңгелектерін жақсылап тексеріп, шұғыл қамданғаны алғаны жөн.  

Осы аптада көлік иелеріне "күтпеген" айыппұл жазыла бастады Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Себебі жаздың келуімен бірге көлік құралдарына қойылатын техникалық талаптар да күрт өзгерді. Бұл жолғы басты талап – доңғалақтарының температуралық режимге сәйкестігі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ЕАЭО Кеден одағының Техникалық регламентіне сәйкес, 1 маусымнан бастап Қазақстанда да жалпы пайдаланымдағы жолдарда жаз және күз кезінде қысқы шегеленген ("шипованный") шиналарды пайдалануға ресми әрі үзілді-кесілді тыйым салынды.

Шиналарға қойылатын маусымдық талаптарды елемей, ереже бұзған жүргізушілерге қомақты айыппұл қаупі төніп тұр. Алғашқы бұзушылық үшін – 21 625 теңге. Ал, егер дәл осы қателік 12 ай ішінде қайталанса, яғни, айталық, келесі жылғы маусымның басында қайта ұсталса, айыппұл көлемі бірнеше есеге өсіп, бірден 86 500 теңгеге жетеді.

Кейбір автомобиль иелері "барлық маусымға арналған–всесезонные" шиналарына сеніп, өздерін еркін, қауіпсіз сезініп, қамсыз қалуы мүмкін. Алайда оларға да айыппұл салынуы ғажап емес. Жазаға ілікпеу үшін көлік иесі бұл дөңгелектердің тозу деңгейін жіті тексеруі шарт. Өйткені қатты тозған, елеулі кемшіліктері бар мұндай доңғалақтар да "пайдалануға жарамсыз" деп танылады.

Әдетте, автокөлігі бар қазақстандықтар бұл жайттар туралы біржақты ғана ақпараттанған. Жұрттың бәрі қыста тек "тікенекті" шинамен жүру керектігін, онсыз жол апаты қаупі төнетінін және қысқа арналған арнайы шиналары жоқтарға айыппұл салынатынын жақсы біледі. Дегенмен, дәл осындай қатаң талаптар мен тыйымдардың жазғы кезеңге де қолданылатынынан көбі мүлдем хабарсыз.

Жазда қандай шиналарға тыйым салынған?

Шиналардың қысқы түрлері жол бетімен жақсы "ілініседі". Бірақ бұл қасиет тек нақты ауа райы жағдайларына: аязға, қар мен жаңбыр-шашынға ғана арналған.

Сондықтан қысқы кезеңде өмірді сақтайтын тиімді қасиеттер аптап ыстық жазда кері әсерін тигізеді. Тәртіп сақшыларының ескертуінше, шегеленген резеңке өзінің ерекше құрылымына байланысты құрғақ әрі ыстық жолда жеткілікті ілінісуді қамтамасыз ете алмайды. Тіпті, қозғалыс кезінде шектен тыс қатты қызып кетіп, кенеттен жарылуы да әбден мүмкін екен.

Осы себепті полиция қызметкерлері жазғы уақытта жалпы пайдаланымдағы жолдарда қысқы шегеленген шиналармен жүруді жалғастырған автокөлік жүргізушілерін арнайы анықтап, көше мен трассадан аластауға белсенді көшті.

Бұл техникалық талаптар Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде тайға таңба басқандай жазылған. Онда жыл мезгіліне байланысты көлік құралдарына арналған дөңгелектердің белгілі бір түрлеріне қатаң тыйымдар қарастырылған:

қыста (желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында) – "жазғы" деп аталатын шиналармен жүруге мүлдем тыйым салынады;

жазда (маусым, шілде, тамыз айларында) – сырғанауға қарсы шегелері бар қысқы дөңгелектермен жүруге үзілді-кесілді болмайды (Техрегламенттің №8 қосымшасының 5.5-тармағы).

Қауіп айыппұлда емес: қысқы резеңке жазғы асфальтта ериді

Көптеген жүргізуші жазда қысқы резеңкемен жүргені үшін ең жоғары жаза – тек айыппұл ғана деп таяз ойлайды. Шын мәнінде аптап ыстықта көліктің жолда өзін қалай ұстайтыны әлдеқайда маңызды.

"Қысқы шиналар сарышұнақ аязда эластикалық-жабысқыш қасиетін сақтауы үшін жазғы шиналарға қарағанда едәуір жұмсақ етіп жасалады. Ал, жоғары температурада мұндай резеңке қатты қызып кетіп, асфальтта тура мағынасында ери бастайды! Салдарынан, автокөліктің рөлге бағынуы нашарлайды, бұрылыстарда орнықтылығы төмендейді. Тежелу жолы айтарлықтай ұзарады. Әсіресе, шұғыл тежеу кезінде немесе трассада жоғары жылдамдықпен қозғалу кезінде бұл өлім қаупін тудыруы мүмкін", – деді автосарапшы Константин Ожогин.

Бұдан бөлек, жаз мезгілінде қысқы резеңке бірнеше есе тез тозады: протектор біркелкі емес мүжіліп, небәрі бір маусымның ішінде-ақ қымбат дөңгелектер жиынтығы мүлдем жарамсыз болып қалуы ықтимал.

Сондай-ақ аквапланирлеу, яғни, жаңбырдан кейін қалған су үстімен сырғанау қаупі де еселеп артады. Себебі, жазғы шиналар арнайы ыстық әрі ылғалды асфальтқа арналып әзірленген, ал, қысқы шиналар мұндай жағдайда жолға табандай алмай, шегесімен бірге тайғанақтай жөнелуі ғажап емес.

Сарапшы сонымен қатар аспа-подвеска мен тежеу жүйесіне түсетін жүктеменің артатынын, жанармай шығыны ұлғайып, салон ішіндегі мазаны алар шу деңгейінің күрт артатынын қаперге салды.

Оның нақты тұжырымы мынадай: шиналарды маусымға сай ауыстырып отыру – бұл жай заңға бағыну немесе айыппұлдан қашудың амалы емес. Бұл – ең алдымен қасыңызда, сондай-ақ өзге көліктерде отырған адамдардың, көшеде келе жатқан жүргіншілердің қауіпсіздігі, қалтаға қымбат көліктің жолдағы тұрақтылығы және автокөліктің төл ресурсын сақтаудың басты бір кепілі.

Айта кету керек, "шегелі шиналар асфальтты бүлдіретіні үшін билік оған тыйым салады" деген ауандағы қызу пікірталастар бұрынғы жылдары да талай мәрте көтерілген. Қазақстанның құрметті жолшысы Қалижан Құлманов шегеленген шиналардың жол жабынына ықпалына қатысты арнайы зерттеудің елімізде жүргізілмегеніне назар аудартқан болатын.

Сарапшының пайымдауынша, егер мың машинаның ішінде бір-екеуі ғана қысқы шинамен жүрсе, одан жолға келетін зиян шамалы. Ал, егер бұл жаппай сипат алса, көлік ағынында ондайлар көп болса, бұл шынымен де зиян келтіреді.

Нақты қандай зиян? Бұл жағы енді жұмбақ: Қазақстанның климаттық жағдайында жазда шегеленген шиналардың асфальт-бетон жабынына дәл қандай әсер ететіні ғылыми тұрғыда зерттелмепті.

Сонымен қатар, ғалым шегеленген дөңгелектердің тек жол жабынына ғана емес, бірінші кезекте жол қозғалысына қатысушылардың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Басқасын айтпағанда, жоғары жылдамдық кезінде еріген доңғалақ резеңкесінен босап қалған темір шегелердің көлік астынан үлкен күшпен ұшып шығып, ізінен келе жатқан көліктердің әйнегін тас-талқан еткен жағдайлары өмірде кездеседі екен.

Сондықтан, құрметті жүргізушілер, бүгіннен қалдырмай көлігіңіздің "аяқ киімін" ауыстырыңыз. Бұл сіздің әмияныңызды айыппұлдан, өміріңізді апаттан сақтайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу