Осы Ресей газы Еуропаға неге Украина арқылы әлі тасымалданып жатыр?

3432

Өткен аптада Ресей өзімен соғысып жатқан ел арқылы "Қарт құрлыққа" ондаған миллион текше метр көгілдір отын жөнелткен.

Осы Ресей газы Еуропаға неге Украина арқылы әлі тасымалданып жатыр? Фото: overclockers.ru

Екі жарым жылға созылған соғыс пен бірнеше рет жарияланған санкциялардан кейін де орыстың табиғи газы Украина құбыры арқылы Еуропадағы тұтынушыларға әлі ағылып жатыр. Украина Ресейдің Курск облысына басып кіріп, Суджа қаласының маңындағы газ өлшеу станциясын бақылауға алғанымен бұл жағдай өзгерген жоқ.

Ресей газының Украина арқылы транзиті туралы негізгі жайттарға тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей.

Ресейдің табиғи газын Украина арқылы кімдер алып жатыр?

Батыс Сібір газ кенішінен өндірілген табиғи газ Суджа арқылы Украина шекарасынан өтіп, Украина құбыр жүйесіне түседі. Ал украин құбыры сол көгілдір отынды Украина-Словакия шекарасындағы Еуропалық одақ құбырына жеткізіп, содан кейін тармақталған құбырлармен, Австрия, Словакия және Венгрияның коммуналдық қызметтеріне жібереді.

Бұл газ электр энергиясын өндіруге, өндірістік процестерді қуаттандыруға және кейбір жағдайларда үйлерді жылытуға қолданылады.

Суджа өлшеу станциясындағы жағдай қандай?

Газ бұрынғыдай ағып жатыр. Бірақ Украина кез келген уақытта өз құбыр жүйесі арқылы ағынды тоқтата алады. Әскери құпияға және бақылаушылар мен журналистерге шектеу қойылғандықтан, бұл станцияның жұмысын тексеру қиын.

Украинаның газ тасымалдау жүйесі операторының мәліметінше, тамыздың 13-і күні Суджа станциясы арқылы 42,4 миллион текше метр газ өткізілді. Бұл соңғы 30 күндегі орташа көрсеткішке шамамен сәйкес келеді.

Неліктен газ әлі күнге дейін Ресейден Еуропаға тасымалданып жатыр?

Соғысқа дейін Украина мен Ресей бес жылдық келісімге отырды. Оған сәйкес, екі ел Кеңес Одағының құрамында болғанда салынған газ құбыры арқылы Еуропаға белгіленген көлемде газ жіберуге уағдаласты.

"Газпром" газдан табыс тапса, Украина транзиттік төлемдерден пайда көріп отыр.

Бұл келісім осы жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Украина энергетика министрі Герман Галущенконың сөзінше, Киев оның мерзімін ұзартуға немесе құжатты ауыстыруға ниетті емес.

Соғысқа дейін Ресей Еуропадағы табиғи газдың шамамен 40 пайызын құбырлар арқылы қамтамасыз етті. Көгілдір отын төрт құбыр жүйесімен тасымалданды: біреуі Балтық теңізі арқылы, біреуі Беларусь пен Польша арқылы, біреуі Украина арқылы өтіп, ал Қара теңіз астындағы "Түрік ағыны" Түркия арқылы Болгарияға газ жеткізді.

Соғыс басталғаннан кейін Ресей рубльмен төлеу талабын алға тартып, Балтық және Беларусь-Польша құбырлары арқылы жеткізілімдердің көпшілігін тоқтатты. Балтық құбыры диверсиялық әрекеттен жарылды, бірақ бұл шабуылдың егжей-тегжейлері әлі күнге дейін бұлыңғыр.

Ресейдің газ транзитін тоқтатуы Еуропада энергетикалық дағдарыс тудырды.  Германия құбырмен емес, кемемен сұйытылған табиғи газ импорттау үшін қалқымалы терминалдар салуға миллиардтаған еуро жұмсады. Бағаның өсуіне байланысты газ пайдаланушылар азайды. Норвегия мен АҚШ осы олқылықтың орнын толтырып, екі ірі жеткізушіге айналды.

Еуропа Ресейдің газды тоқтатуын энергетикалық бопсалау деп бағалап, 2027 жылға қарай Ресейден газ импортын толығымен доғаруды жоспарлап отыр.

Дегенмен, ресейлік газға әзірге толық тыйым салынбады. Одан түскен ақша Ресейдің мемлекеттік бюджетіне құйылып, рубльді қолдауға көмектесіп отыр. Бұның бәрі Еуропаның ресейлік энергетикаға қаншалықты тәуелді болғанына және әлі де аз дәрежеде мұқтаж екеніне нақты дәлел.

Суджа арқылы өтетін газ қаншалықты маңызды?

Еуропаның газ импортының шамамен 3 пайызы Суджа арқылы өтеді. Бұл өткен жылы Ресейден жеткізілген газдың шамамен 15 пайызын құрайды. Соғысқа байланысты, Суджа ағыны тоқтайтын болса, Австрия, Словакия және Венгрия сияқты елдер газды өзге жақтан тасымалдау жолдарын іздеуге мәжбүр болады.

Ресей газының Еуропаға ағынының болашағы қандай?

Еуропалық одақ 2027 жылға қарай Ресейден қазба отынды импорттауды толығымен тоқтату жоспарын жасады. Бірақ соңғы уақытта бұл мәселеде прогресс біркелкі емес.

Австрия кейінгі екі жылда Ресейден газ импортын 80%-дан 98%-ға дейін арттырды. Италия тікелей импортты қысқартқанымен, Ресей газын әлі де Австрия арқылы алып отыр.

Ал Еуропа өткен жылы импорттың 6 пайызын құраған сұйытылған газ сатып алуды жалғастырып жатыр. Сауда деректерне жүгінсек, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Франция бұндай газ импортын екі еседен астам өсірген.

Еуропалық Одаққа мүше Румыния мен Венгрия болса, Ресейден газ импорттайтын Түркиямен газ келісімін жасасып отыр.

"Еуропаның жоғары сұранысын қанағаттандыру үшін Ресей газы Әзірбайжан мен Түркия арқылы жасырын жолмен экспортталып жатыр", – дейді Лондондағы Корольдік халықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қызметкері Армида ван Рижд АР агенттігіне берген сұхбатында.

Дегенмен, Риждің сөзінше, еуропалықтардың ресейлік газды пайдалануды азайту әрекеттері әзірге "әсерлі" болып тұрғанымен, саяси шындық мынада: шарықтаған инфляциямен, өмір сүру құны дағдарысымен күресіп жатқан еуропалықтарға энергия көздерін толығымен әртараптандыру аса қиынға соғып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу