"Осыған дейін екі рет қол созым жерде қалдырдым": Қазаққа алтын сыйлаған Елдос Сметов жүрекжарды жазба жариялады

497

Олимпиада чемпионы бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Осыған дейін екі рет қол созым жерде қалдырдым": Қазаққа алтын сыйлаған Елдос Сметов жүрекжарды жазба жариялады Фото: Olympic.kz

Дзюдодан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметов желіде алғаш рет жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

“Мен – Олимпиада чемпионымын! Өзімнің медаль жиынтығыма тек осы бір медаль жетпей тұрды. Бұл медальді осыған дейін екі рет екі жағынан көріп кеттім. Қол созым жерде қалдырдым. Міне, енді Олимпиаданың алтыны менікі. Парижге тек алтын алуға келген едім. Арманым орындалды. Шүкір, бақыттымын! 

Қанша күннен бері мені құттықтап, жылы лебіздеріңізді, сый-сияпаттарыңызды арнап жатқандарыңызды көріп отырмын. Баршаңызға Алла разы болсын! Көп рахмет! Сіздердің қолдауларыңыз, қазақ халқының қолдауы мен үшін қашан да ыстық және әлемнің қай бұрышында күрессем де, мен оны сеземін. Бұл – қазақ спортының, қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны.

Қажырлы еңбек, арманға деген адалдық, мақсатқа деген батыл қадамдар, жарақатқа төтеп беру, талап, дисциплина мені осы шыңды бағындыруға беттеді. Біздің Олимпиада жолымыз үш бөлімнен тұратын ұзақ сапар болды. Осы уақыт аралығында маған қолдау көрсеткен, жігерімді жаншымай, үнемі жанымнан табылған, сенген, демеген әуелі ата-анама, отбасы-бауырларыма, асыл жарыма, балаларыма шексіз рахметімді айтамын. Әрине, жеке бапкерім, екінші әкем Ғалымжан ағайдың еңбегін сипаттауға сөз жетпейді. Кәсіби спортшыларды қолдап отырған мемлекетімізге, Қазақстан дзюдо федерациясына және "Динамо" ұжымына, өзімнің Jenys клубыма алғысымды жеткізгім келеді. Баршаңызға армандаңыздар, сеніңіздер және оған қол жеткізіңіздер дегім келеді”, – деді Олимпиада чемпионы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу