Отанды сүю - иманнан

3893

Қазақстанның қарулы құрылымдарына интеллектуалдық қосымша күш келеді.

Отанды сүю - иманнан

2011 жылы Іле Алатауының бөктерінде салынған "Арыстан" мамандандырылған лицейі (Суворов мектебінің тәжірибесі бойынша) бірегей білім беру мекемесі болып табылады. Мұнда ендігі өмірін қарулы күштер қатарында өткізуге бел буған жасөспірім балалар 9-11 сыныпта тегін оқиды. Еліміздің ауқымы үшін лицейдің құрылымы шағын болғанына қарамастан (мұнда 240 адам оқиды), лицей бастығы генерал-майор Сәбит Таулановтың айтуынша, мұнда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің болашақ элитасы тәрбиеленуде.

Бүгінде лицейге Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар келіп оқып жатыр. Бұл оқу орнына қабылданудың басты талабы – оқуға талпыныс, жақсы білім алуға деген құштарлық және лицейді бітіргеннен кейін қарулы құрылымның жоғары оқу орнына түсу. "Арыстанда" тәрбиеленушілерге негізгі білім беріледі, әскери білімнің іргетасы қаланады, содан кейін ғана түлектер қызмет көрсету орны әскер, ІІМ, ҰҚК, ТЖ не Ұлттық гвардия бола ма, оны өздері шешеді. Ең бастысы "Арыстан" түлегі Отан қорғаушы болса болды.

"Жаттығуда тер көп төгілсе, ұрыста қан аз төгіледі"

Екі жыл бұрын "Арыстан" түлектерінің ҰБТ-да жинаған орташа балы 99,6 болды. Тәрбиеленушілердің 40-50% тұрақты түрде 100 балл жинап жүр.

"Әрине, бізде оқу қиын: әскери адам нақты ғылымдарға бейім болуы керек, – дейді Сәбит Сәуменұлы. – Білімі болмаса, одан жақсы офицер шықпайды. Сол себепті лицейде математика, физика, информатика пәндеріне негізгі күш салынады. Түлектердің барлығы қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген, сондай-ақ 60 пайызы ағылшын тілінде еркін сөйлейді.

Осы үш жылда олар өте жақсы білім алып шығады. Біз балаларды ауылдардан аламыз, өңірлердегі даярлық деңгейі әр түрлі екенін жақсы түсінеміз. Бірақ біз 11-сыныпқа қарай барлығын жоғары деңгейге жеткізуге тырысамыз. Біз барлық конференция мен олимпиадаларға қатысамыз және балалар үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді. Біздің балалар жан-жақты, біз оларды мақтан тұтамыз".

Айтпақшы, жуырда ҰҚШҰ елдерінің оқу орындары арасында өткен математика пәні бойынша олимпиадада Қазақстан құрамасы екінші орынды иеленді, құраманың ішінде "Арыстанның" екі тәрбиеленушісі болған еді.

Лицей басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Владимир Райхель: "Бізде қарулы құрылымдар үшін интеллектуалдық қосымша күш дайындалады" деп тауып айтты.

11-сыныпта оқушыларға әскери институттың бірінші курсындағы білім беріледі. Түлектер тактикалық және әскери дайындық, әскери топография, инженерлік дайындық, жаппай қырып-жою қаруынан қорғану сияқты пәндермен танысады. Лицейдің осы пәндермен танысуға арналған өзіндік авторлық бағдарламасы бар, ол осы пәндер бойынша барынша кең білім беруге жол ашады.

"Саған бағынышты жауынгерлерді жақсылап оқыт та оларға үлгі бер"

2014 жылдың желтоқсан айында "Арыстан" лицейі Оксфорд академиялық одағына мүше болды.

Балаларға сапалы білім беру үшін лицей оқытушыларының өзі де өз істерінің маманы болуға тиіс. Тілге тиек етсек, генерал-майор Сәбит Тауланов әйгілі қолбасшы Суворовтың: "Генерал өзін ғылым-біліммен толықтыру керек" деген сөзін бұлжытпай орындаған секілді. "Арыстан" лицейінің бастығы тарих ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы болып табылады. Одан бөлек Сәбит Сәуменұлы – ҚР әскери ғылым академиясының мүшесі болып табылады. Осыған орай тәрбиеленушілерге білім беретін оқытушыларды іріктеуде де байқау қатал жүргізіледі: бір орынға 5-6 адамнан конкурса түсіп жатады.

"Оқытушылар ұжымы тұрақтады, мұғалімдердің 70%-ы жоғары санатты. Бізде үш ғылым кандидаты бар, лицейде жұмыс істеп жүріп екі оқытушы доктор атанды. Яғни олар сабақ берумен ғана шектелмей, өздері де ғылыммен айналысады", – деді Сәбит Тауланов.

Лицейдің офицерлік құрамы – қарулы күштер қатарында 30 не одан да көп уақыт қызмет еткен запастағы офицерлер, олардың тәжірибесі мол. Мысалға, бір ротаның командиры – полковник, Қырғызстан қорғаныс министрінің орынбасары болған. Сондықтан олар лицей бастығының айтуынша, "өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге толық құқығы бар".

Одан бөлек лицейдің әр класына қазақ армиясының бастауында тұрған қарулы күштердің ардагерлері бөлініп берілген. Олардың ішінде Қазақстан Қарулы күштерінің тылын құрған Владимир Тузиков және генерал Мүбарак Орынбеков – ҚР ҚК бірінші байланыс бастығы бар.

Жақында арыстандықтардың басты екі мерекесінің бірі өтті, ол – Лицей күні, мереке сәуір айының үшінші аптасында өткізіледі. 2011 жылы дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қорының директоры Динара Құлыбаева лицейліктерге оқу орнының жалауын тарту еткен болатын. Ал әскер адамы үшін ту қашан да - ар нышаны.

"Бізде лицейде барлығы қатал, бірақ дөрекілік, көргенсіздік ұғымдары мүлде жоқ. Егер біреу біреуге қол көтерсе, ертеңінде-ақ оқудан шығарылады. Олар бір отбасындай өмір сүреді, біз осымен мақтанамыз. Біздің балалар интеллектуалдық тұрғыдан білім алып қана қоймай, зиялы түрде тәрибеленіп жатыр.Себебі тәрбиесіз білім болмайды ғой, бұлар егіз ұғымдар. Біздің балалардың барлығы ән айтады, билейді, шәкірттердің 100%-ы шахмат ойнайды. 11 маусым күні түлектердің кеші өтеді, хореографиялық оқу орнының қыздарымен қалай билейтінін көріңізші. Ал біздің хор Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған гала-концертті ашады! Қай мектепте балалар апта сайын опера не балет, театр не музейге барады?" – деп мақтанышпен айтты генерал-майор Сәбит Тауланов.

"Бірлесіп көтерген жүк жеңіл"

"Лицейді ашу туралы идея 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен пайда болды. Білім беру қорының директоры мені әңгімелесуге шақырып, қарулы құрылымдарға кадр даярлайтын мамандандырылған оқу орнын ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл лицейді бірегейлігі мынада, мұнда толық емес және көпбалалы отбасының балалары, жетім балалар оқуы тиіс. Бұл мені қатты қызықтырды, біз осы жобаны қолға алдық. 2,5 жылда құрылысы аяқталып, 2011 жылы алғашқы оқушыларымызды қабылдадық", – деп еске түсірді Сәбит Сәуменов.

Лицей қордың қарауында болғандықтан, мұнда білім алу тегін. Одан бөлек лицейдің қамқоршылық кеңесі бар.

"Кеңестің барлық өкілі – құрметті адамдар, – деп сөзін жалғады лицей жетекшісі. – Кеңес басшысы – Тимур Құлыбаев. Олар бізді қажеттінің барлығымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жарқын үлгісі болып табылады. Бізге ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев келгенде, хаттама бойынша жоспарланған 50 минуттың орнына 2,5 сағат осында болды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның аумағында балаларға сапалы білімді тегін беретін осындай оқу орнының болғанына ризашылығын білдірді".

Түлектер қауымдастығы

"Арыстан" төрт рет түлек шығарды, қазір бесіншісін дайындап жатыр. Біздің түлектеріміздің барлығы ҚР, сондай-ақ Ресей, Белоруссия, Украина, Түркия, Қытай, Үндістан және АҚШ-тың жоғары оқу орындарында білім алуда. Осы оқу орындарынан біздің балалар туралы көп жақсы сөз естимін. Ал белгілі бір көрсеткіштер бойынша әскери қызметке түсе алмаған түлектер беделді азаматтық жоғары оқу орындарына түсті: "Назарбаев Университеті", Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Еуразия ұлттық университеті, Қазақ-британ университеті, КИМЭП. Яғни біздің түлектер бәсекеге қабілетті және өз білімдерінің арқасында жоғары оқу орындарына түсіп жатыр" – дейді Сәбит Тауланов.

Әр рота өзінен кейінгі 10 жылдан соң лицейді аяқтайтын түлектерге жолдау мен өздерінің символын қаллдырады. 2013 жылдан бастап бұл жолдаулар снарядта, пирамида да, Бәйтеректе сақтаулы тұр.

Оқу бітірген соң түлектер байланысын үзбейді, ол үшін Түлектер қауымдастығы құрылды. Жылына екі рет әлемнің әр түкпіріндегі балалармен онлайн-конференция өткізіледі. Лицей басшылығы түлектерінің қайда оқып жатқанынан, қалай еңбек етіп жүргенінен, қалай тұрып жатқанынан хабардар болып отырады.

"Арыстан" лицейінің тәрбиеленушілері – біздің қарулы құрылымдарымыздың болашағы. Енді 15-20 жылдан кейін бұл балалар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің элитасына айналарына сенімдімін. Уақыт келіп, біздің түлектер округтерге басшылық етеді, енді біреуі қорғаныс министрі болатын шығар", – деді "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бастығы генерал-майор Сәбит Тауланов.

Әйгерім Сүлейменова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу