Отандық ғалым жаңалығын жүзеге асыруға 70 млн теңге бөлінуін сұрайды

11115

Қызылордалық ғалым күріш қалдықтарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыратын пайдалы биорганикалық заттар ойлап тапты. Бұл қоспа өсімдіктердің өнімділігін 40%-ға дейін арттыра алмақ.

Отандық ғалым жаңалығын жүзеге асыруға 70 млн теңге бөлінуін сұрайды

Жыл сайын облыста 500 мың тоннадан астам күріш өсіріледі. Осы күріштен сол шамада сабақ және 100 тоннадай қауыз қалады. Осы "сабан" күйінде қалған қалдықтарды шаруалар атыз бойында-ақ жағып жібереді. Сөйтіп өңдеуге келер қалдық қайта экологияға зиянын тигізіп жататын. Жергілікті ғалымдардың үш жылдық еңбегінің арқасында енді бұл қалдықтар кәдеге жарайтын болады.

Сыр өңіріндегі соны ғылыми жаңалық – биохар деп аталады. Күріш қалдықтарын өңдеу арқылы алынған биокөмір топырақ құнарлылығын еселейтін қасиетке ие. Авторы – ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Нұрбол Аппазов.

"Бұндай өнімді ағаштан, жаңғақ қабығынан немесе шөптен де алуға болады. Ағаштан сапалысы шығады, ал шөптен алынғанының сұрыптық қасиеті төмендеу болады. Күріш сабаны мен қауызынан жасалғаны ағаштан алынған белсендірілген көмірмен "таласа" алады", – деді ғалым.

Биохар өсімдіктер үшін қолайлы түрде сақталуына мүмкіндік береді, натрий йондарын сақтайды және өсімдікке калий береді. Ол сонымен қатар топырақтың органикалық бөлігі қарашірікті сақтайды. Осының арқасында ол күріштің өнімділігін 10-нан 40%-ға дейін арттыруға қауқарлы екен. Жерді осы өніммен бір рет өңдеумен-ақ жер құнарланып, өз сөлін жүздеген жылдарға дейін сақтай алады, дейді ғалым.

"Тәжірибені шаруашылықтарға кеңінен насихаттау үшін Ғылым комитетінен 70 млн теңге қаражат бөлінуін сұрап отырмыз. Қаржы бөлудің шарттарына сәйкес сұралған соманың 1% шаруашылықтардан төленуге тиіс. Бұл жаңалықтың қажеттілігіне көзі жеткен кәсіпкерлер дайын отыр", – деді ғалым.

Тәжірибе жүргізушілер биохарды облыстың өнеркәсіптік өндірісіне пайдалануды көздейді.

Ғалымның тағы бір жаңалығы – кремний диоксидін алудың арзан жолы. Ол микротолқынды сәулелер арқылы 1 келі қауыздан 200 грамм кремний диоксидін бар болған 2 сағатта алып отыр екен. Кремний диоксиді құрылыс материалдарын өндіруде, күн энергетикасын, интернеттің жылдамдығын арттыратын оптикалық-талшықты желілерге, кварцты шыны жасауға, сорбенттерде және кремнийде пайдаланылады.

Жас ғалым сабанды қағазға айналдырудың да жолын тапқан. Целлюлоза өндірісіне аса қажетті шикізат әзірге ұнтақ күйінше тұр. Одан өнім шығуы үшін арнайы құрылғы керек екен. Мәселен, сол ұнтақты үтікпен басып көрсеңіз, салфеткаға ұқсас жұқалтаң қағаз шығады. Осы жаңалыққа қызыққан жергілікті бір кәсіпкер Қытайдан инвестор тауыпты. Олардың қағаз қалта шығарамыз деген талабына әзірге пандемия кедергі келтіріп отыр. Алдағы уақытта бұл жоба толығымен іске қосылатынына күмәніміз жоқ. Жалпы жас ғалымның инновациялық жаңалықтары жаппай қолданысқа енсе, ел игілігіне айналары сөзсіз.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу