Отандық көлікке сұраныс аз

Артур Мискарян Артур Мискарян
3712

Биылғы жылдың алғашқы ширегінде қазақстандықтар импорттық көліктерді көбірек сатып алды.

Отандық көлікке сұраныс аз

"ҚазАвтоӨндіріс" және Қазақстан автобизнес қауымдастықтары (ҚАБҚ) жариялаған мәліметтерге сәйкес, қаңтар-наурыз айларында ең көп сатылған автокөлік Toyota маркасы болды, оның 1506 данасы сатылған. Рейтинг бойынша одан кейінгі орындарды Lada мен Renault иеленеді. Автокөлік делдалдары ресейлік марканың 1271 автокөлігін сатты. Renault маркасының сатылымына келсек, "ҚазАвтоӨндіріс" 670 автокөлік сатылды десе, ҚАБҚ мәліметінше 667 автокөлік сатылған. Айта кетсек, қаңтар-ақпан айларында елімізде өндірілген автокөліктерінің сатылымы басым түсті, мұндай үрдісті сарапшылар жеңілдікпен несие беру бағдарламаларының іске қосылуымен түсіндіреді.

ҚАБҚ мәліметіне сүйенсек, үш айда автокөлік делдалдары бар-жоғы 7917 автокөлік сатқан. Салыстырсақ, былтырғы жылдың осы мерзімінде 10883 көлік сатылыпты, осылайша, сатылым деңгейі 27,25%-ға төмендеген. ҚАБҚ-ның ақпараты бойынша наурыз айында автосалондардан 2841 көлік сатып алынған, ал өткен жылдың осы айында бұл сан 2830 болатын. Биылғы жылдың наурызында сатылым 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,3%-ға артқан.

Ал "ҚазАвтоӨндірістің" мәліметі бойынша, биылғы жылдың алғашқы үш айында автокөлік дилерлері 7569 көлік сатқан, бұл 2016 жылдың көрсеткішінен 28,2%-ға төмен. Ал наурыз айында делдалдар 2714 автокөлік сатып, көрсеткіш 2016 жылғы наурыз айымен салыстырғанда 23,1%-ға төмендеді дейді бұл ұйым.

Тағы айта кететін жай, "ҚазАвтоӨндіріс" мәліметі бойынша ел азаматтары автокөлік сатып алуға 183,3 млн доллар жұмсаған, бұл 2016 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 12,4%-ға артық. Ал биылғы жылдың наурызында көлікке жұмсалған қаражат 69,4 млн долларды құраған, бұл өткен жылдың наурызындағы көрсеткіштен 29%-ға артық.

"ҚазАвтоӨндірістің" ақпаратына сүйенсек, биылғы жылдың бірінші ширегінде сатылған автокөліктердің ішінде импорттық көліктің үлесі 71%-ды немесе 5408 автокөлікті құрады. Ал Қазақстанда құрастырылған  көліктің үлесі – 29% немесе 2161 автокөлік. Ал ҚАБҚ мәліметі бойынша, наурыз айында жалпы сатылым ішінде импорттық автокөліктің үлесі 67,6%-ды құрайды, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша – 68,3%. Ақпан және наурыз айларында импорттың үлесі 31,7 және 32,4%-ды құрады.

"ҚазАвтоӨндірістің" сатылым рейтінгінде алғашқы бестікке Ravon және Hyundai маркалары енді, сәйкесінше 505 және 496 автокөлік сатылды. Ал бірінші тоқсанда ең көп сұранысқа ие болғандар – Toyota Camry (566 көлік), Ravon Nexia (418) және Lada 4x4 (407).

Есеп жүргізілген кезеңде автокөлік делдалдары арасында үздік шыққан  "Бипэк Авто" болды. Жалпы сатылымдағы компанияның үлесі 28,8%-ға жетті. Astana Motors компаниясының үлесі 15,6%-ды құраса, "Вираж" – 8,7, Allur Auto – 4,2, Mercur Auto – 3,7%. Ал ең көп автокөлік сатылған қала Алматы атанды, онда 2034 көлік сатылды. Астанада – 1392, Атырауда – 575, Қостанайда – 462, Шымкентте 445 автокөлік сатылды. "ҚазАвтоӨндіріс" келтірген мәлімет бойынша, автокөліктердің 77%-ын жеке сатып алушылар алса, 23%-ы заңды тұлғаларға тиесілі.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша сатылған автокөліктердің саны былтырғы жылдың көрсеткішінен кем, бірақ сатылымнан түскен қаражат бойынша биылғы жылдың көрсеткіші алда келе жатыр.

"Сатылымнан түскен табыстың өсуіне әсер еткен негізгі фактордың бірі – ұлттық валютаның нығаюы. Жылдың екінші тоқсанында нарық осы бағдарынан таймайды деп үміттенеміз. Қазақстанның шикізат тауарларына деген баға және биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы экономиканың өсімі осы болжамымызды растайды", – деп пікір білдірді "ҚазАвтоӨндіріс" ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферов.

2014 жылдың соңында сатылым күрт төмендегеннен кейін, Қазақстан автокөлік нарығының қайта қалпына келуі 2016 жылдың күзіне  белгіленген еді. Алайда 2014 жылдың көрсеткішіне әлді де болса қол жеткен жоқ: егер делдалдар 2014 жылы Қазақстанда 163 561 автокөлік сатса, 2015 жылы – 97 446, ал  2016 жылы 46 712 көлік сатты.

Айта кеткен жөн, соңғы бірнеше жыл ішінде алғаш рет Ресейдің көлік нарығы жағымды көрсеткіштер көрсете бастады. Еуропалық бизнес қауымдастығының мәліметі бойынша, Ресейдегі автокөлік сатылымы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 322 464 автокөлікке жетті, былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда өсім 1%-ды құрады.

Артур Мискарян, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу