Отандық спиннер үш жүздің басын қосты

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3108

Аутимзммен ауыратын балаларды емдеуге пайданаланылатын ойыншыққа он екі мүшесі сау бүлдіршіндер мен ересектер ерекше қызығып жатыр.

Отандық спиннер үш жүздің басын қосты

Әлемдік трендті отандық брэндке айналдыру оп-оңай іс екен. Бұл үшін идея, мақсат, ізденіс және ұлттық құндылыққа деген құрмет болса жеткілікті көрінеді. Былтырдан бері дүниені дүрліктірген спиннер ойыншығының отандық үлгісі қолымызға тигенде осындай ойға келдік.

Оқырманға түсінікті болу үшін барлығын басынан бастайық.

Осыдан біраз бұрын алматылық кәсіпкерлер "Qazaq Spinners" компаниясын құрды. Аталмыш компания шілде айынан бастап шетелдік спиннердің баламасы ретінде "Аltyn myiz" және  "Future Energy" атты отандық қос спиннерді нарыққа шығарды. Бүгінде бұлардың әрқайсысы 6 мың теңгеден саудаланып жатыр.

Эксклюзивті дизайнмен жасалған туынды мырыштан құйылған. Қалыбы, салмағы және өлшемі бір-біріне сәтті сәйкестендірілгендіктен, ол шетелдік спиннерден ұзақ әрі жылдам айналады.

"Аltyn myiz" спиннері халқымыздың қошқар мүйіз оюы үлгісінде жасалған. Оның үш тармағында ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп, ал ортасында қазақ елі деп жазылған. Спиннердің келесі жағындағы шеңберде шаңырақ бейнеленген. Осының барлығы қазақтың үш жүзі қазақ елін құрап, бір шаңырақтың астында бірлік пен берекеде өмір сүрсін деген ойды білдіреді.

Спиннер айналғанда үш жүздің мұраты мен мүддесі, арманы мен аңсары бір екенін және тынымсыз тіршілік қана кемел келешекке кепіл болатынын ұғындырады. Ал қазақ елі мен шаңырақ қозғалмай тұрады. Осы арқылы мәңгілік ел болуға талпынған тәуелсіз Қазақстанның негізгі ұстанымы паш етіледі. Мұндағы қошқар мүйіз оюы да бекерден-бекер таңдалмаған. Бұл ою байлықтың, молшылықтың және берекенің белгісі болып табылады.

"Future Energy" –  "Болашақ энергиясы" деген атпен танылған екінші спиннер "EXPO-2017" көрмесіне арналған.

Ортасына халықаралық көрменің логотипі орнатылған спиннердің жасыл тармағы жерден, көк тармағы судан, қызғыл-сары тармағы күннен алынатын қуат көзін сипаттайды. Спиннерді айналдырғанда қайта қалпына келетін үш қуат көзі бір арнаға тоғысып, жаңа қуат тудырғандай әсер қалдырады.

Біле жүріңіз, "Future Energy" спиннері халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеске қатты ұнаған. Бұған дейін ол: "Дәл осы спиннер Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып жатқан халықаралық көрменің тақырыбын жан-жақты ашып тұр", – деп жылы лебіз білдірген.

Айта кетейік, отандық спиннерлер патенттелген. Сондықтан оның барлық құқығы біздің азаматтарға тиесілі. Осының алдында қырғызстандық бауырларымыз Қазақстанда жасалған спиннерді Қырғызстанда жасалған деп жариялап жіберді. Кейін бұл мәліметтің жаңсақ екені анықталды.

Бұл не деген батпан құйрық?

Қазақстанда екі айда 50 млн спиннер сатылғанын естігенде жоғарыдағы сұраққа жауап іздеуге тура келді.

"Бақсақ бақа екен" демекші, спиннерді осыдан 24 жыл бұрын АҚШ-та Кэтрин Хэттингер есімді әйел ойлап тауыпты. Ол буын ауыруымен ауырғандықтан өзінің кішкентай қызына күтім жасай алмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сәбиіне спиннер жасап берген. Ол ойлап тапқан ойыншығын патенттеуді де ұмытпаған. Патенттің мерзімі 2005 жылы аяқталған. Ал Кэтрин  оны ары қарай создыруға ақша таппаған. Спиннер миллиондарға сатыла бастағанда Кэтрин қолында құжаты болмауына байланысты назардан тыс қалған. Яғни оған спиннердің сатылымынан табыс түспеген.

"Fidget spinner" сөзін қазақшаға аударғанда "ұшқалақ жыртқыш" деген мағына береді. Ал ел арасында ол "антистресс" деп аталады. Мұғалімдер мен психологтар спиннерді аутизммен ауыратын балаларды емдеуге қолданады. Бұл ойыншық әлі күнге дейін балаларды сабасына түсіру үшін пайдаланылып жүр.

Спиннердің аяқ астынан танылып кетуіне 2016 жылдың соңында "Forbes" журналына жарияланған мақала себеп болған. Мақала авторы спиннер 2017 жылдың ең танымал ойыншығы болуы тиіс екенін жазуы мұң екен, жұрт жаппай спиннер сатып алуға көшкен. Осының ізінше наурыз айынан бастап  YouTube каналын спиннерге қатысты түрлі бейнетүсірілім жаулап алған. Ал мамыр айында Amazon.com сайтында спиннер ең көп сатылған ойыншықтардың ең үздік жиырмалығына енген.

Спиннердің пайдасы мен зияны

Ойыншық болса да антистресс құралдарының қатарына жатқызылатындықтан медицина саласында спиннерді қол буындары ауруын емдеуге, аутизммен ауыратын балаларды сауықтыруға және адамдарды депрессиядан шығаруға пайдаланады. Бұған қоса спиннер балаларды тырнақ жеуден, аузына қолын салудан, саусақтарын сытырлатудан және қолын қоярға жер таппау әдетінен арылту үшін қолданылады.

Ойыншықтың зиянына келетін болсақ, ол балалардың сабақ үлгеріміне кері әсер етеді. Сонымен қатар абайсыз қолданған жағдайда қолданушының бетін, қолын, ернін, мұрнын зақымдауы мүмкін.

Отандық спиннердің өндірушілер не дейді?

"Qazaq Spinners" жобасының жетекшісі Талғат Сақановтың сөзінше, отандық спиннер дизайнынан бөлек танымдық құндылығымен ерекшеленеді. Ол ойыншық деген ұғымның шеңберінен шығып, кәдесый деген түсініктің  төріне жайғасқан. Себебі "EXPO-2017" көрмесіне келген шетелдіктер отандық спиннерді таласып, тармасып сатып алып жатыр.

"Ұлттық құндылықты насихаттайтын экслюзивті бұйым өндіріп отырғанымызды мақтан тұтамыз. Отандық спиннер арқылы қазақтың атын әлемге мәшһүр қылуға тамшыдай болсын үлес қосып отырмыз деп ойлаймыз", – дейді жоба жетекшісі. Ал отандық спиннер өндіру идеясының авторы Досан Қаумен қазақ қоғамы әлемдік трендті өзіне икемдеп алудан қорықпау керек деген ұстанымды темірқазық тұтады.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу